АҚШ-тағы қазақ баласы. Ағайынды Теодор мен Рүстем бір-бірін тапты
«Менің қазақша атым — Марат Тоқтарұлы Оразғалиев», деп түп-тамырын іздеген Теодормен бүгін мессенджер арқылы тілдестік, деп хабарлайды jurnalist.kz Алтайньюс тілшісіне сілтеме жасап.
Theodore Walton 2001 жылы Өскемен қаласында дүниеге келіпті. 2002 жылы тағдырдың ісімен мұхит асып кеткен бала бүгінде жиырмадағы жігіт болған.
«АҚШ-тағы асырап алған ата-анам өте жақсы адамдар, олар менің туыстарымды 2008 жылдан бастап іздеп, менің қазақ екенімді үнемі есіме салып отырды. Қазақстан деген мемлекеттің, Өскемен деген қаласында туыстарым бар екенін ұмыттырмады», – дейді Теодор.
Айтуынша, бір ай бұрын ғана Өскеменде тұратын Рүстем деген ағасы бар екенін және апайы бар екенін біліпті.
«Екеуімен де кеше байланысқа шықтым, орыс тілі арқылы интернет аудармамен сөйлестік. Қазір үздіксіз байланыстамыз. Суреттерін көрдім. Биыл туған жерімді, туған қаламды, туыстарымды көрсем деген арманым бар. Қазір жатсам да тұрсам да ойлайтыным – Өскемен қаласы. Ертіс деген өзенді көргім келеді. Қазақ жері қандай, халқы қандай екен, руымды білгім келеді», – дейді ол.
Теодордың туған ағасы Рүстем Оразғалиев 1998 жылы туған екен. Қазыр Күршімде тұрады. Бұйырса алдағы күндері бастауыш сынып мұғалімі мамандығының дипломын қолына алайын деп жатыр.
«Біз Өскемендегі балалар үйінде болыппыз. Мені 5 сынып оқып жүргенде асырап алған. Мектепті Күршім ауылынан №4 мектептен бітірдім. «АҚШ-тағы қазақ баласы туыстарын іздеп жатыр» деген жаңалықтар тарап жатыр ғой, сол суреттегі негізі менмін. Кеше ШҚО білім басқармасынан хабарласып: «сіздің туған бауырыңыз табылды» деген кезде ішімде алай-дүлей сезім болды. Гугл аударма арқылы орысша сөйлестік. Келген соң оған қазақша үйрету керек», – деп күлді Рүстем.
Рүстемнің асырап алған ата-анасы да қуанышты. Ал, Теодордың тағы бір әпкем бар деп отырғаны Рүстемның немере апайы екен. Олардың барлығы Америкадағы ұлды асыға күтіп отыр. Тағдыр екіге бөлген ағайындылардың кездесер күні енді алыс емес шығар.