Ернар Айдар ұтыс ойынын жарнамалауға қанша миллион алғанын ашық айтты
Жуырда ғана жалған ұтыс ойынын жарнамалаймын деп тергеуден бір-ақ шыққан Ернар Айдар журналист Аман Тасығанның TalkLike бағдарламасында өз шындығын жайып салды, — деп хабарлайды jurnalist.kz сайты.
Әншінің сөзінше, лотерея өткізуге әуелде екі ер адам ұсыныс жасаған көрінеді. Келісімшарт бойынша, әнші тек жарнамаға жауапты болған. Ешқандай күдік тудырмаған азаматтар 6 ролик үшін Ернар Айдарға 6 миллион теңге ұсынған. Яғни бір жарнама роликті 1 миллионға бағалаған. Сұхбат барысында әнші өзінің оңай олжаға қызыққанын жасырған жоқ.
«Келісімшарт бойынша, өзімнің парақшама 6 видео жариялауым керек болды. Роликтердегі көліктер мен пәтердің екі түрлі екеніне, олардың құнына, маркасына, баспананың қай ауданнан берілетініне мән берген жоқпын, шынымды айтайын. Ол жерде де күдік тумады. Сеніміме кіріп алды кәдімгідей. Былайша айтқанда пайдаланды. Өткеннен кейін, барлығы белгілі болғаннан кейін бір-ақ маңдайыма тиіп жатыр», — деді ол.
Ұйымдастырушылар ұтыс ойынның әділ өтетініне 100 пайыз кепілдік беретін құжаттарды көрсеткен. Алайда әнші ол қағазда не жазылғанына мән беріп, мұқият оқымағанын айтты. Танымал інісін айналшықтап жүрген азаматтардың тірлігі Ернар Айдардың туған ағасы әрі продюсері Талғат Айдардың күмәнін тудырса керек. Ол бірнеше мәрте әншіні райынан қайтармақ болыпты. Бірақ Ернар ағасын да көндірген. Жарнамадағы көліктердің жалдамалы екеніне ұйымдастырушы жігіттер: «Алдымен ақша жиналсын, сосын сатып аламыз», — деп алдаусыратыпты.
Сондай-ақ, әнші сұхбат барысында өзін шегірткеге теңеген кәсіпкер Ахметбек Нұрсиланың сөзіне жауап берді.
«Мен ол кісіні онша танымайды да екенмін, шыны керек. Мынадай жағдайда жығылғанға жұдырық болмайды-ау деп, ағалардан бәрібір де қолдау күтесің. Құдай сабыр берсін деймін. Ешқандай негізсіз, ресми мәлімдемесіз айтылып жатқан сөздердің барлығын продюсерім Талғат Айдар өз қолына алды. Тергеу аяқталған соң, ісі солармен болады», — деді.
Еске салайық, 24 сәуір күні әнші Ернар Айдар тікелей эфирде ұтыс ойнатып жатқан жерінен ұсталған болатын.