Иранның зымыран соққысы: Трамп мәлімдеме жасайды
Иранның сыртқы істер министрі Американың әскери базасын атқылауды өзін-өзі қорғау шарасы деп атады. Ал АҚШ басшысы әлеуметтік желіде «бәрі жақсы» деп мәлімдеді. Бұл туралы sputniknews.kz хабарлады.
Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні таңертең Иранға қатысты мәлімдеме жасайды. Бұл туралы ол Twitter-де жазды.
Дональд Трамптың айтуынша, «бәрі жақсы өтіп жатыр».
»Қазіргі таңда әлемдегі ең қуатты және жақсы қаруланған әскерилер біздің елімізде тұрады! Ертең таңертең мәлімдеме жасаймын», — деп жазды Америка президенті.
Ол бір жарым сағаттан астам уақыт қорғаныс министрімен және мемлекеттік хатшымен шұғыл кеңес өткізді, бірақ оның қорытындысы бойынша ресми мәлімдеме жасалмады.
Иран АҚШ-тың екі әскери базасына зымыранмен соққы жасады. Ұшырылған 35 зымыранның оннан астамы нысанаға дәл тиген.
Иран революциясы сақшыларының корпусы жауапкершілікті өз мойнына алды.
Өзін-өзі қорғау шарасы
Иран сыртқы істер министрлігінің басшысы Мұхаммад Джавад Зариф зымыран соққысын өзін-өзі қорғау шарасы деп атады.
»Иран біздің азаматтарымыз бен жоғары лауазымды шенеуніктерімізге қапыда қарулы шабуыл жасаған базаға соққы бере отырып, БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес өзін-өзі қорғаудың тиісті шараларын қабылдады және жүзеге асырды», — деп жазды Зариф Twitter-де.
Оның айтуынша, Иран жағдайды шиеленістіруге немесе соғысқа ұмтылмайды, бірақ кез келген агрессиядан өзін қорғайды.
Әлемнің реакциясы
АҚШ-тың азаматтық ұшақтарына Таяу Шығыстың көп бөлігінде, атап айтқанда, Иран, Ирак, Парсы және Оман шығанағы арқылы ұшуына тыйым салынды, деп жазылған АҚШ-тың азаматтық авиация жөніндегі федералды басқармасының хабарламасында.
Иран әскери ұшақтары АҚШ әскери ұшақтарының БАӘ-дегі базадан ұшырылуына жауап ретінде аэродромдардан ұшып шықты, деп хабарлады РИА Новости Ирандағы әскери дереккөзге сілтеме жасап.
Иран АҚШ-тың әскери базасына зымыранмен соққы жасады
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ АҚШ пен Иран арасындағы әскери текетірестің күшеюіне байланысты Таяу Шығысқа, соның ішінде Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне 11 қаңтарға жоспарланған сапарын кейінге шегерді, деп жазды Киодо ақпарат агенттігі.
Әл-Арабия телеарнасының мәліметінше, Израиль әскери әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдері толық әскери дайындыққа келтірілді.
Генерал Сулейманиге қастандық жасалды
3 қаңтарда АҚШ Бағдадтағы халықаралық әуежай аумағында арнайы операция жүргізіп, ирандық генерал Сулеймани мен ирак шейіттер жасағының басшысы Әбу Махди әл-Мухандисті өлтірді.
Вашингтонның мәлімдеуінше, олар өткен жылдың 31 желтоқсанында Бағдадтағы АҚШ елшілігіне шабуыл ұйымдастырды. Иранның Жоғары көшбасшысы Али Хаменеи Сулейманидің өлімі үшін АҚШ-тан кек қайтаруға уәде берді. АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтарға шабуыл жасалса, Ирандағы 52 нысанға соққы жасалатынын мәлімдеді. Әлемдік қауымдастық АҚШ пен Иранды ұстамдылық танытуға үндеп жатыр.