Ажырасқандарға салықты көбейтуі мүмкін
Сенат депутаты Әли Бектаев Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, ажырасу үшін төленетін баж салығын көбейтуді ұсынды.
Депутаттың дерегінше, соңғы бес жылда ажырасулардың саны 4 мыңға көбейген. Оның 40 пайызы қалалық отбасы.
Отбасы құндылығын жандандыру мәселесін көтерген депутат қыз-келіншектерді түрмеге жапқаннан гөрі, оларға кешіріммен қарау керек деген ұсыныс айтты. Қазір еліміздегі 6 колонияда 2 161 әйелзаты жазасын өтеп жатыр екен.
«Әйел өздігінен қылмыс жасамайды. Егер заң бұзушылыққа барса, оның астарын әлеуметтік проблемадан іздеу керек. Қыз-келіншектерді түрмеге жапқаннан гөрі кешірім жасап, оларға көмек көрсеткен абзал. Түрмеге түскен қыз баласы түгілі, ерлердің арасынан сана-сезімі психологиялық деформацияға ұшырамаған жанды кездестірудің өзі қиын. Қоғамда қызға, әйелге, анаға, балалы отбасыларға деген көзқарасты мүлдем қайта қараудың уақыты келді», — деді сенатор.
Түрлі статистиканы сөйлеткен Әли Бектаев Премьер-министрге бірқатар ұсыныс айтты. Отбасы құндылықтарын жан-жақты зерттеу мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан арнайы Неке және отбасы ғылыми-зерттеу институтын ашу керектігін алға тартты. Сондай-ақ, Отбасының бұзылуын тежеу мақсатында неке бұзуға төленетін баж салығының көлемін жұптарға материалдық тұрғыдан сезілетіндей етіп көбейтуді ұсынды.