Адам ағзасын «ет» деп сатқан
Қылмыстық топ 57 заңсыз трансплантация жасаған. Бұл туралы inbusiness.kz порталы хабарлады.
Жыл басынан бері Қазақстанда адам саудасына қатысты 141 қылмыстық іс қозғалған. Оның 59-ы адам ағзасын сатуға қатысты болған. ІІМ қылмыстық полиция департаментінің басшысы Арманбек Баймурзиннің баяндауынша, елімізде 2017 жылдан бері адам ағзасының заңсыз саудасы және трансплантациясымен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет еткені анықталған.
Олар соңғы 2 жылда Украина, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінен донор тауып, олардың бүйрегін израильдік репициенттерге өткізіп отырған. Қылмыстық топ 57 заңсыз трансплантациялық ота жасап, шамамен 10 млн доллар табыс тапқан.
«Қылмыскерлер мен медицина қызметкерлері донорларды өз араларында «ет» деп атаған», – деді Арманбек Баймурзин.
Белгілі болғандай, қылмыстық топ адам ағзасын «ет» деп атап қана қоймай, «ет» деп сатқан. «Қылмыстық топ өкілінің бірі Словенияда қолға түсті. Қазір оны экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр», – деді департамент басшысы.
Осы мәселеге Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров пікір білдірді. «Мұндай жағдай әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастың либералды моделінде ғана орын алуы мүмкін, себебі «кез келген жолмен ақша табу» ұраны барлық қылмысты ақтап отыр», – деді ол.
Халық қалаулысының сөзінше, елімізде трансплантология дамыған сайын ұйымдасқан қылмыстық топтың қаупі арта түседі. «Адам ағзасының заңсыз айналымына қарсы күрестің әлемдік тәжірибесін қолдану қажет.
Сәйкесінше халық арасында алдын-алу жұмыстарын жүргізу керек, – деді депутат. Айқын Қоңыровтың мәлімдеуінше, бұл жағдайда мемлекет үнсіз қалмауы керек. Ашық, жария тергеу үдерісін жүргізіп, кінәлілерді іздеп тауып, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. «Ашықтық пен жариялылық «заңсыз» скальпельге қарсы қаруға айналуға тиіс. Менің ойымша, бұл туралы деректі немесе көркем фильм түсіру керек.
Бұл құқық қорғау органдарының адам ағзасының трансплантациясы және саудасымен айналысатын халықаралық топтарға қарсы әрекетін көрсету үшін қажет. Қылмыскерлерді әшкерелеп, жазаға тартып, трансплантологияның заңды жұмыс істеуіне жол ашуымыз керек. Бұлай болмаған жағдайда бұл іс адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін заңсыз бизнеске айналып кетеді, – деді депутат.