Батыс Қазақстан облысында оқушыны қасқыр талады
Бұл туралы «Жайық Пресс» ақпарат орталығы хабарлады.
Оқиға 14 қазан күні Казталов ауданы Талдықұдық ауылында болған. Жергілікті уақыт бойынша, таңғы сағат 7:30 шамасында мал айдауға шыққан 8-сынып оқушысы Мəди Өтегеновке қасқыр шапқан. Түз тағысы жасөспірімнің аяғын талаған. Таң атпай бес қаруын сайлап жүретін ауыл тұрғындары көкжалды бірден атып, баланы құтқарып қалды. Қыс басталмай жатып қораға түсіп, адамға шапқан қасқырдың миы қазір ветзертханаға жіберілген.
-Ағам екеуміз мал айдауға шыққан едік. Бір уақытта тауықтар айқайлап, шыңғырып жатқан дауысын естідім. Дереу солай қарай барсам, үлкен сұр қасқыр тұр. Алғашында ит деп ойладым. Аузы-басы қан, маған қарай шапты. Содан қаштым. Жерге еңкейіп, тас лақтырдым. Қашып бара жатқанда оң аяғымнан жабысты. Жанталасып аяғыммен басынан теуіп, қораның төбесіне мініп кеттім. Мал шығарып жүрген ауылдың үлкендерін айқайлап шақырдым. Жанболат есімді ағай келіп қасқырды атты. Оғы дұрыс тимеді ме? Бірақ қасқыр біраз жер жүрген соң сұлқ құлады,-дейді Мəди.
Оқиғадан соң, іле-шала Талдықұдық ауылдық фельдшерлік пунктінде Мəдиге медициналық көмек көрсетіліп, Жалпақтал ауруханасына жеткізіліпті. Аурухананың бас дəрігері Алмас Тоғайбайұлының сөзінше, қасқыр талаған балаға дереу құтырмаға қарсы вакцина салынған. Жарасын таңып, хирургиялық ем-дом жасалыпты. Қазір науқастың жағдайы бақылауда.