Ақтөбе облысының елді мекендері жыл соңына дейін 100% интернетпен қамтылады
Облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, өңірде бесінші буын (5G) байланыс желісін дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында 82 5G базалық станциясы бар. Аудан орталықтарын қамту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қандыағаш қаласында 6 базалық станция орнатылса, Хромтау қаласында 1 станция пилоттық режимде іске қосылған. Бұдан бөлек, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026–2027 жылдары 206 ауылда оптикалық талшықты байланыс желілерін салу жоспарланған. Бұл барлық әлеуметтік және мемлекеттік нысандарды жоғары жылдамдықты әрі тұрақты интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын мобильді интернетпен қамту мақсатында облыстың 9 ауданында 17 байланыс мұнарасын орнату орындары анықталып, қажетті жобалық құжаттамалар әзірленген.
Жоспарланған жұмыстар толық іске асқан жағдайда, жыл соңына дейін Ақтөбе облысындағы елді мекендер 100 пайыз интернетпен қамтылып, тұрғындар үшін цифрлық қызметтерге қолжетімділік едәуір артады.
2025 жылы облыста мобильді интернетке 13 ауыл қосылып, халқы 100 адамнан аз 24 шағын елді мекенге OneWeb спутниктік технологиясы арқылы интернет жеткізілген. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша облыстағы 294 ауыл интернетпен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш ауыл тұрғындарының шамамен 98 пайызын құрайды.
А.Орынғали
ФОТО: Ашық дереккөз



