Басты жаңалықтарМәдениетТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ
Түркістанда аудандар арасында өнер фестивалі өтті

Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өтті. Төлеби мен Бәйдібек ауданының мәдени көші киелі қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қазылар алқасының шешімімен бәйдібектік өнерпаздар келесі кезеңге жолдама алды. Бұл туралы Түркістан Өңірлік Коммуникация Қызметі хабарлады.
Шарада Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев құттықтау сөз сөйлеп, қос аудан өнерпаздарына сәттілік тіледі.
Сайысқа қатысушылар ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлт аспаптар ансамблі, эстрадалық жанр, би өнері, вокалды-аспаптық ансамбль, «Ауылдың алты ауызы» (әжелер ансамблі), салт-дәстүрлер көрінісі сынды жанрлар бойынша бақ сынады. Жалпы фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, суретшілердің туындылары, аудан жетістіктері мен кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Биылғы фестивальдің ерекшелігі — қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынайды. Жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар бірінші кезеңде сайысқа түсіп, үздік өнер ұжымдары келесі айналымға жолдама алады. Өнерпаздардың өнері жанрлар бойынша кәсіби қазылар алқасымен бағаланып, ұлттық нақыш пен сахналық мәдениетке баса назар аударылады және ұйымдастырушылық деңгейіне баға беріледі. Өнер додасына Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, ақын, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының» Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқытушысы Әлімбай Ботақараев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының өкілі Ақниет Әмзехан қазылық етті.
Бану Ерсайын







