АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҰЛАНДЫҚТАР АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Қазақстан халқы алғыс айту күнінің қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімінің командирі подполковник Нұрлан Сакибеков пен бөлім командирінің орынбасары (тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары жөніндегі) подполковник Арман Утенов Ұлы Отан соғысының ардагері Нина Егоровна Мосуноваға алғыс айту үшін арнайы барып, құрмет көрсетті.
Іс-шараға бөлімнің әйелдер кеңесінің төрайымы Майрамкуль Пазыл мен ардагерлер кеңесінің мүшесі, отставкадағы подполковник Сұлтан Нұрымбетов те қатысты. Олар ардагердің майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі еңбегін ерекше бағалап, алғыс сөздерін жеткізді.
Нина Егоровна Мосунова – Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында Отанын қорғап, елге бейбіт өмір сыйлаған ержүрек жауынгерлердің бірі. Оның жанқиярлық ерлігі мен қажырлы еңбегі – өскелең ұрпаққа үлгі.
Кездесу барысында 6698 әскери бөлімінің командирі подполковник Нұрлан Сакибеков ардагерге бөлім атынан алғыс айтып, сый-сияпат табыстады. Ол Нина Егоровнаның Отан алдындағы адал қызметі үшін ризашылығын білдіріп, мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Нина Егоровна өз кезегінде әскери бөлім қызметшілеріне алғысын білдіріп, олардың елі мен жерін қорғаудағы абыройлы қызметтеріне сәттілік тіледі. Ардагер өз өмір жолынан сыр шертіп, қиын-қыстау кезеңдердегі батырлық пен төзімділіктің мәнін түсіндіріп, жастарға ақ батасын берді.
Сондай-ақ әскери қызметшілер әскеріміздің батыр ұлы, Тәжік-Ауған шекарасында кеудесін оққа тосып ерлікпен қаза тапқан старшина Бақбаев Қалмаханның анасы Ұрхия әжемізді де құттықтап сый-сыяпатарын табыс етті.
Бұл кездесулер – ардагерлерге құрмет көрсетіп, өткеннің естеліктерін жаңғырту арқылы болашақ ұрпаққа өнеге берудің жарқын үлгісі. Қазақстан халқы алғыс айту күні аясында өткен бұл шара патриотизм мен отансүйгіштікке баулитын маңызды оқиға болды.
А.Орынғали