Арнайы мақсаттағы бөлімшеге сайдың тасындай жігіттер алынады
Ел іргесі тыныш болу үшін сарбаздар отқа да суға түседі. Шымкент гарнизонына қарасты 36814 әскери бөлімінде сайдың тасындай іріктелген сарбаздард жиналған.
Әскери бөлімдегі тіршілік бір сәтке де тоқтамайды. Бұл бір арнайы механизм сияқты. Жыл он екі ай дамыл таппайды.
Арнайы мақсаттағы бөлімшенің дайындығы жылына екі рет өткізіледі. Бұл жылдың ең қорытынды жаттығу жиыны. Осы жерде сарбаздардың жауынгерлік дайындығы тексеріледі.
Ел тыныштығын күзететін сардарларымыз қандай сынға болсын тас түйін дайын болу керек. Олардың жауынгерлік дағдылары кез келген сәтте тексеріледі. Мәселен, оғландарымыз таулы жерлерден арқанмен түсіп, шапшаңдықтарын көрсетеді. Бұл сындардың бәрі уақытпен өтеді. Сондықтан, мұнда әр секундтың ойнайтын рөлі ерекше.
Жауынгерлердің бұдан бөлек мергендіктері де сыналады. Мысалы, Калашников автоматынан сарбаздар белгілі бір арақашықтықтан нысаналарды дәл көздеуі тиіс.
Жауынгерлердің тағы бір міндеті олар от, су, биіктіктен де тайсалмауы тиіс. Оқу жаттығу жиындарында биіктігі ондаған метр болатын жерлерден арқан арқылы түседі.
Кез-келген уақытта арнайы бөлімшенің ғимаратына қылмыстық топ тұтқиылдан шабуыл жасауы мүмкін. Сарбаздар олардың атакаларына тойтарыс беріп, нысанда аман алып қалуы тиіс. Оның ішінде жауынгерлік туды да қауіпсіз жерге көшіру қажет.
Соғыс алаңында байланыс құралдарының да атқаратын рөлі ерекше. Радиоқұрылғылар болмаса бөліністер бір бірімен хат хабар алмасып, жедел жағдайды біле алмай қалады. Арнайы бөлімшелерде байланысқа жауап беретін арнайы көліктер, оларды қадағалап отыратын офицер мен сержанттар болады. Әр жаттығу алаңына шыққан кезде байланысқа жауап беретін мамандар алдын ала полигонға аттанып, әуелі құралдарын дайындап алады.
36814 әскери бөлімінің жауынгерлерінің ауыз толтырып айтар жетістіктері де жетерлік. Мысалы былтыр Шымкентте жауынгерлер арасында армиялық қоян-қолтық ұрыстан алғашқы біріншілік өтті. Бас жүлде бөлім командирінің ауыспалы кубогі. Сайысқа жалпы саны 70 әскери қызметшіден тұратын 7 команда қатысты. Олар 57 және 85 келіден асатын 6 салмақ дәрежесінде күресті.
Қоян-қолтық ұрыс әрбір әскери қызметшіні даярлаудың негізгі элементтерінің бірі. Жақын шайқаста атыс немесе басқа қару түрлерін қолдану мүмкін болмаған жағдайда, әскери қызметші әртүрлі жауынгерлік және спорттық әдістерді қолдана білуі керек. Оларды шыңдау мақсатында ұйымдастырылған сайысқа 70 әскери қызметшіден тұратын 7 команда қатысты.
Әскерилер 57 және 85 келіден асатын 6 салмақ дәрежесінде күресіп, өздерінің ептіліктері мен шапшаңдықтарын көрсетті. Барлық жекпе-жектер арасында жиналған ұпайларды есептеу барысында 36814 әскери бөлімінің арнайы тағайындалған командасы бірінші жалпы командалық орынды жеңіп алды.
Жарыста жалпы командалық орындардан бөлек, «Үздік жауынгер» арнайы номинациясы келісімшарт бойынша әскери қызметші, кіші сержант Құрманғазы Қалмұратовқа берілсе, «Жеңіске деген танытқан күш жігері үшін» үшінші сыныпты сержант Шыңғыс Парменқұлов марапатталды. Турнир жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар, грамоталармен және бригада командирінің ауыспалы кубогы табысталды. Айта кетейік, сайыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін қоян-қолтық ұрыстан Қорғаныс министрінің кубогы үшін өтетін республикалық турнир мен армиялық қоян-қолтық ұрысынан ТМД чемпионаты қарсаңында ұйымдастырылды.
Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, адамгершілікке, ерлікке, жерін, елін қорғауға тәрбиелеу әрбір аға буынның парызы. Осы міндеттерді қалтқысыз орындаған жағдайда ғана біз ата бабалардың аманатына адалдық танытып, жауапкершілігі мол міндетімізді мүлтіксіз орындаймыз. Бейбіт өмірдің қауіпсіздігі мен алаңсыз тірлігі үшін, әскери қызметін абыроймен атқарып жүрген сардарларымыз жасай берсін.
А.Нәби
ФОТО: Ашық дереккөз