«Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны биыл ерекше өтіп жатыр
«Айбын» оныншы халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан елдерінен жас патриоттар командалары қатысуға ниет білдірді. Сайыста 14 пен 17 жас аралығындағы барлығы 750 ұл-қыз бағын сынады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әскери-патриоттық шара Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл толуына орайластырылды. Халықаралық деңгейдегі жиынның салтанатты ашылуы әйгілі әскери қолбасшының есімімен аталатын Құрлық әскерлерінің әскери институтында өтті.
Патриоттар жиыны Сағадат Нұрмағамбетов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов, Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов, Сағадат Нұрмағамбетовтың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова және шетелдік делегациялардың өкілдері Құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің салтанатты әуенімен даңқты майдангерді еске алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жас патриоттарына жолдауын Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов оқып берді. Онда: «Кез келген елдің болашағы жастардың қолында. Сондықтан сендерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сендер адал және еңбекқор, ақылды әрі батыл, Отанымыздың лайықты азаматтары және нағыз патриоттары болуларың керек. Барлығың жиынға мұқият дайындалып, жеңіске жетем деген ниетпен келдіңдер. Мұндай жарысқа қатысудың өзі әрқайсың үшін маңызды жетістік және есте қаларлық оқиға», делінген.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов өз сөзінде халықтар арасындағы бұрыннан келе жатқан берік байланыс қашанда өзара сенім мен қолдауға негізделген достық қарым-қатынаста болғанын атап өтті.
«Қаншама сыннан өтсек біз ата-бабаларымыздың дәстүрлерін, құндылықтары мен мәдени-рухани мұраларын сақтай алдық. Бүгінгі халықаралық әскери-патриоттық жиын – халықтар арасындағы достық пен көрші елдермен татулыққа деген ұмтылыстың жарқын дәлелі», деп атап өтті ол.
Генерал-полковник Руслан Жақсылықов жиынға қатысушыларға өз күштеріне сеніп, мақсатқа жетуде табандылық тіледі.
Олар үшін каскадерлер шоуы, батырлар биі, «Жаса, Сағадат» музыкалық нөмірі, Орталық әскери оркестр мен Құрмет қарауыл ротасының дефилесі бар мерекелік бағдарлама дайындалды.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке арналған «Халық жүрегіндегі қаһарман» экспозициясы туралы Қарулы күштер Мемлекеттік әскери-тарихи музейі Алматы филиалының бастығы Алуа Байқадамова айтып берді.
Іс-шарада Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов «Генерал С.Қ. Нұрмағамбетовтың әскери мұрасы және оның қазіргі заманғы маңызы» атты жаңа кітапты таныстырып, 1-ші Түркістан пулеметшілер әскери училищесінің курсантынан армия генералына дейінгі жауынгерлік жолдан жүріп өткен соғыс батырының Тәуелсіз Қазақстан армиясының қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
«Сол бір қиын уақыттардағы оның жауынгерлік тәжірибесі, әскерилер арасындағы жоғары беделі мен Отанға мінсіз қызмет етудегі өнегесі Қарулы күштерді құру мен дербес дамытудың кепілі болды», деді ол.
Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылған.
Іс-шара барысында «Бірлік ордасы» мобильді-интерактивті экспозициясы көрсетілді. Онда жиынға қатысушы елдер мәдениетінің, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының ерекшеліктерімен танысуға болады. Сонымен қатар «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев «Сағадат» коворкинг-аймағын таныстырды.
Жиынның бұрнағы жылдардағы жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен болған кездесуде «Жас сарбаз» қозғалысының қазіргі тәрбиеленушілері олардың өмір жолы қалай өрілгенін естіп білді. Бүгінде олардың көбі еліміздің әскери оқу орындарын бітіріп үлгерсе, кейбірі курсант.
Жиынның салтанатты ашылуына дейін «Әли» оқу-жаттығу орталығында ұлттық спорт түрлерінен, АК-74-ті толық бөлшектеу мен құрастырудан бірқатар жарыстар ұйымдастырылды. Оған қоса жас өнертапқыштар арасында Smart Sarbaz байқауы мен «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны өтті.
Жарыстар жалғастырылып жатыр. Апта қарқынды болмақ. Әскери техниканың, жабдықтардың, спорттық жабдықтардың көрмесі, клубтардың қызметі туралы стендтердің бәрін 18–22 маусым аралығында Құрлық әскерлері әскери институтының «Әли» оқу-жаттығу орталығынан көруге болады. Сондай-ақ концерттер, дәрістер, спорттық ойындар, от жағу кештері және Халық қаһарманы туралы фильмдер көрсету жоспарланған.
З.Ахмет