Эйр-Астананың бортсеріктері қазақша білмейтін болып шықты
Ұшақта бортсеріктен қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұраған түркиялық жолаушы кеше сотта әуе компаниясын жеңіп шықты. Себебі, сол күнгі кезекшілікте болған бортсеріктердің төртеуі де қазақша білмейді екен. Ал бұған кейін Аir astana өз қызметкерлерінің үш тілде еркін сөйлейтінін айтып ақталған болатын.
«Мен үшін түкке тұрмайтын іс. Сотқа дейін жеткізетін мәселе емес еді. «Авиация туралы» заңның 56-бабының 6-тармағында «Барлық бортсеріктер қазақ тілінде еркін сөйлеуге міндетті» деген заң талабы бар. Сол күнгі кезекшілікте болған төрт бортсерікті сотқа алдырттық. Солардың біреуі де қазақша білмейді. Екеуі қазақ, екеуі орыс ұлтының өкілі екен. Төртеуі де сотта аудармашының көмегімен орысша жауап берді. Іс қазақша қаралып жатыр»,-дейді адвокат Абзал Құспанов.
Айта кетейік, тамыз айында Алматыға келе жатқан Түркия азаматы ұшақта Аir astana компаниясының бортсерігінен қазақ тілінде қызмет көрсетуін сұраған. Алайда орысша сайраған әуе компаниясының қызметкері жолаушыға «ережені бұздың» деп, Оғыз Доғанның үстінен полицияға шағым түсірген.
Түркиялық жолаушымен соттасқан әуе компаниясы екі-үш адвокат, заңгерлер жалдап күресіпті. Тіпті оны «сұр тізімге» енгізіп жіберген болатын. Ал Қазақстандағы қазақ тілі үшін күрескен Оғыз Доғанды қолдап, сотқа еліміздің әр өңірнен 60-қа жуық адам келген. Олар сот шешімінің Оғыз Доғанның пайдасына шешілгенін естігенде қуанғаннан сот залында мемлекеттік Әнұранды орындады. (видео)
https://www.instagram.com/p/Bc-DgOIHmuG/
(видео ztb.kz парақшасынан алынды)
Осылайша 4 айға созылған ішке кеше нүкте қойылды. Бірақ әуе компаниясының апелляциялық шағым түсіруіне мүмкіндігі бар. Ал қазақ тілі үшін 4 ай бойы күрескен түркиялық азамат кеше сот біткен бойда Бішкекке ұшып кетіпті.
«Кеше кеште сағат 07-де сот шешімі жарияланы.Әзірге әуе компаниясының тарапынан ешқандай реакция жоқ. Осыған дейін екі судья істі аяғына жеткізбей, қарамай тастады. Үшінші судья Айгүл Турсагулованың табандылығының арқасында осы іс соңына жетті»,-дейді Оғыз Доғаның адвокаты Абзал Құспанов.(суретте)