Оралда Жұбан ақынның 100 жылдығына арналған байқау мәреге жетті
Оралда Қазақстанның халық жазушысы, ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына арналған «Қиял қанаты» республикалық дуэт (поэзия мен сурет) онлайн байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовтың айтуынша, мұндай сипаттағы бәйге елімізде алғаш рет ұйымдастырылды.
«Байқаудың ерекшелігі, ақын мен суретші жұп құрып, өлеңі мен суретін бірге бәйгеге қосуы керек болды. Яғни жыр мен бояу көркемдігі өз алдына, бір-бірімен үндесіп тұруы қажет. Қазылар алқасы да шығармаларды авторларын білместен, бүркеншік есіммен талқыға салып, қорытындысын шығарды. Мұндай сайысты болашақта да жалғастыру ойластырылуда», деді М.Жұбатов.
Сайысқа еліміз өңірлерінен барлығы 17 дуэт қатысып, Жұбан ақынға арналған өз жұмыстарын бәйгеге қосты. Қазылар алқасының шешімімен павлодарлықтар, ақын Алпысбай Хонж бен суретші Жеңіс Молдабеков бас жүлдені жеңіп алды.
БҚО-ның Ақжайық ауданынан ат қосқан ақын Сағынтай Бисенғалиев пен суретші Данияр Ізбасаров бірінші орынға ие болды. Сондай-ақ батысқазақстандықтар, ақын Сыйлыхан Жұмасалық пен суретші Нұртай Жәрдемов екінші жүлдені еншіледі. Қарағандылықтар, ақын Жанат Тілегенов пен суретші Ерсін Темірғалиев үшінші орынға ілікті. Батысқазақстандықтар, ақын Мәрлен Ғилымхан мен суретші Арман Имашев дипломант атанды.