Әкім не дейді, блогер не дейді…
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданының орталығындағы спорт кешенін жөндеуге 112 миллион теңге бөлініпті, деп хабарлайды jurnalist.kz.
Бұл қаражатқа ескі ғимаратты жөндегенше, жаңасын салуға болады, деп қынжылады әлеуметтік желі қолданушысы Айболат Букенов өзінің фейсбуктегі парақшасында.
«Салыстырмалы түрде жеткізейін сіздерге. Мынау Жаңақалада былтыр берілген үш қабатты үйдің құны 180 миллион. Ол үйдің жертөлесі мен үшінші қабаты бар. Ал енді шіріп, құлайын деп тұрған 43 жыл бұрын салынған спорт кешенді бұзып, қайта салса болмайма? Спорт кешені екі қабатты әрі жертөлесі жоқ. Сонда 112 миллион жетпейме? Инфрақұрылым свет суы газы келіп тұр. Простой логикаға салсаңдаршы. Қанша жерден жамасаңдар да ескінің аты ескі. Кемпірге жас қыздың қымбат көйлегін кигізсең де ол кемпір күйінде бола береді», — деп жазды Айболат Букенов.
Jurnalist.kz тілшісі Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшинге хабарласып, мән-жайды анықтап, білді. Аудан басшысының сөзінше, спорт кешенін бұзып, қайта салғаннан гөрі жөндеу жұмыстарын жүргізу әлдеқайда арзанға түседі екен. Ал мысалда көрсетілген 180 миллионның тұрғын үйі — 2017 жылы жоспарланған жоба.
«Спорт кешенінің жобасы 2019 жылы жасалды. Баға инфляцияға байланысты өзгеріп отыратынын білесіздер. Жаңа спорт кешенін салуға 112 миллион жетпейді. Бұл әкімдік деңгейінде шешілетін мәселе емес. Ол өзінің заңдылығына, тәртібіне сәйкес жасалатын жоба. Бұл – бюджеттің ақшасы. Оның дәлдігіне жауап беретін мемлекеттік сараптау орталықтары бар. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін ғана бюджеттен қаржы бөлінеді», — деді әкім.
Аудан басшысының сөзінше, жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігер компания белгіленген. Спорт кешені осы жылдың соңына дейін жаңартылып, қолданысқа берілмек. Сондай-ақ, 440 млн теңге инвестициялық қаржыға денешынықтыру-сауықтыру кешені (ФОК) салынбақ.