АЙМАҚӨҢІРЛЕРСырым ауданы

Мемлекеттік қызметшілер «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысатын болады

Сырым ауданына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департамент басшысы, әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев келді. Ғалым Сұлтанұлы Сырым аудандық жұмыспен қамту орталығының, Жымпиты ауылдық округінің әкімі аппаратының, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Бұл туралы «Сырым елі» газетінің әлеуметтік желідегі парақшасына жарияланды

Әкімдіктің үлкен мәжіліс залында аудан активімен кездесті. Ғ.Тұрсынбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметке өтуде бос лауазым орнының конкурсындағы бақылаушылардың қызметі мен белсенділігін күшейту жұмыстары жасалып, облыстық департаменттің өкілі конкурстарға скайп арқылы қатысуларын қамтамасыз ету жүзеге асып жатыр. Облыста бос лауазым орнына орналасу конкурстарының хатшысы, мүшелері жауапқа тартылу фактілері кездесіп отыр. Өкінішке орай конкурстағы келеңсіз жайттың орын алуы біздің ауданда да кездескен екен. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік жағдайын көтеру қоғамда әділ, адал мемлекеттік қызметшілерді қалыптастыру үшін маңызды. Мемқызметшілердің жағдайын жақсартуға арналған бағдарламалар дайындалып жатыр. Соның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына мемлекеттік қызметшілердің кейбір санаттарын қатыстыру мәселесі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде қолдау тапты.


Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша Департамент басшысы, әдеп жөніндегі Кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев Е-қызмет жұмысын дамыту, ротация, мемлекеттік қызметші әскерге кеткенде жұмыс орны сақталатынын, тағы да басқа мәселелер туралы айтты.


Жиынды Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылап, ауданда электронды қызмет көрсетуді жандандыруды ауылдық округі әкімдері мен мекеме басшыларына қатаң түрде тапсырды. Аудан активіне Сырым ауданының жаңа прокуроры Байменов Нартай Елібайұлын таныстырды.


Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,

Басқа материалдар

Back to top button