Басты жаңалықтарБілім

Ақтөбелік ата-аналар әкімдікке басып кірді

Ақтөбелік ата-аналар мемлекеттік балабақшалардың жекенің басқаруына берілуіне үзілді-кесілді қарсы шықты. Оған себеп көп. Тәрбие ошақтарында тәртіп жоқ. Бала күтушілердің балаларымызға бас-көз болмағаны былай тұрсын, тамағына да көңіліміз толмайды, дейді. Ата-аналарды әкімдікті басып кіруге дейін жеткізген не жағдай? Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

Балабақша тәрбиешілерінен жағымсыз жаңалықты естіген ата-аналар көңілсіз. Тіпті, мемлекеттік мекемелер жекенің бақылауына өтсе, материалдық-техникалық жағдайы жақсарады деп жұбатқанымен, күдіктері басым.

ГҮЛИНА КӘУЖІМОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Ол жекеменшік болғасын жерде ол сатып алған адам  өз білгенін жасайды. Тамақтан  бастап бәрін экономдайды, тиынын санайды бізге ондай балабақша керек емес, біз қарсымыз. Сыбайлас жемқорлыққа  жол жоқ дейді, бірақ мемлекетіміз осыны қолдап осыған өздері негіз болып тұр».

АҚЕРКЕ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Ертең екі тәрбиеші болса,  ол бір тәрбиеші қалады. Ата-аналардың жандайқайы  баламыздың болашағы кімнің қолында?  Егер ертең жекеменшікке өтетін болса олар не істейді? Ол бала тек табыс көзіне айналады».

Ата-аналардың түсінбеушілігін тудырып отырған жайт көп. Мысалы, неге әкімдіктегілер жуырда ғана жөндеу жасалған,  жағдайы жақсы балабақшаларды сенімгерлік басқаруға беруге «құмар»? Шенділердің көзі неге қала маңындағы  күрделі жөндеуді қажет ететін нысандарға түспейді деген сұрақ мазалайды.

АҚБАЯН СҰЛТАНМҰРАТОВА, ТІЛШІ: «Балаларды барып жүрген балабақша жекенің қолына өтеді дегелі бұл ата-аналарда маза жоқ. Бүгін мәселелерін айту үшін кейбірі балаларын үйіне тастап, енді біреулері жұмыстан сұранып, осында жиналып тұр. Атқарушы биліктен өз мәселелеріне назар аударып, шұғыл шешіп берулерін талап етуде»

МЕРУЕРТ СҰЛТАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:«Немере үшін переживаю, свои дети уже выросли, теперь за внуков переживаю».

Жиналғандарды қала әкімінің орынбасары Гүлбаршын Айдарханова қабылдады.  Сенімгерлік басқарудың артықшылығын санамалап, осы уақытқа дейін бірде-бір ата-анадан шағым түспегенін айта  бастағаны сол еді сөзін залдағылар бөлді. Баласы жекенің балабақшасына барған ата-ананың бірі кейін мемлекеттік балабақшаға ауыстыруға мәжбүр болғанын жеткізді.

«Жарайды, мебель. Все поменяли. Ремонт жасады. Бәрі керемет. Бірақ, мұғалімдердің көзқарасы өзгерді. Лечебное пособие  төлемейді, опытный мамандар кетіп жатыр»

Тағы бір тұрғын балабақшаның санитарлық жағдайына сын айтты. Соның кесірінен, балам уланып, ауруханаға түсті дейді. Осылайша, жеке балабақшалардағы былықтың ашылуын, мәселенің шешілуін талап еткендерге қала әкімі орынбасарының жауабы қысқа болды:

ГҮЛБАРШЫН АЙДАРХАНОВА, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Осы келіп отырған ата-аналардың айтып отырған ұсынысының барлығын қарастырамыз»

Әкімдіктегілер мектепке дейінгі тәрбие ошақтары сенімгерлік басқаруға берілгенімен, әкімдіктің үнемі бақылауында болады. Төлем жағынан да еш өзгеріссіз қалады, деп сендірді. Қала бойынша 9 балабақша сенімгерлік басқаруға берілген. Кәсіпкерлер 300 млн теңгеге жуық қаражатты өздері басқаруына алған ғимараттардың материалдық-техникалық базасын жаңалауға жұмсапты. Бірақ, мақтауын асырғанымен қанша, ата-аналар бәрібір жаңашылдыққа күдікпен қарап отыр.

Басқа материалдар

Back to top button