Оралда басқарма басшысы қарамағындағылармен соттасып жатыр

Соңғы жылдары Батыс Қазақстан облысының спорты жөні түзу басшыға жарымай-ақ қойды. Осы салаға басшы боп тағайындалғандардың бірі сотталып кетті, кейінгісі ұсталып кетті… Әйтеуір, бұл өңірдің спорты осындай у-шуымен елдің есін шығарып жүр. Бұл туралы zhasalash.kz жариялады.

Белгілі спортшы Мүсілім ОҢДАҒАНОВ облыс спортының тізгінін қолға алған кезде «осы саланы түсінетін, спортшылардың жағдайын жасайтын басшы енді келді» деп, әріптестері шу ете қалып еді. Өкінішке қарай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бандит, рэкетир болғанын мақтана айтып, өзі туралы шағын фильм түсірген М.Оңдағанов көп ұзамай «200 миллион теңгені жымқырды» деген айыппен 12 жылға сотталып кетті. Осыдан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай КӨЛГІНОВТІҢ жергілікті кадрларға деген сенімі азайды ғой деймін. Басқармаға Тимур ШАЯХМЕТОВ деген азаматты басшы етіп тағайындады. Алайда әкім сенім артып, алыстан үкілеп әкелген кадрдың өзі көп ұзамай 1,5 млн теңге пара алғаны үшін істі болып, темір тордың ар жағына жөнеді. Сөйтіп, осыдан бір жарым жыл бұрын облыстың спорт саласы Әсия АМАНБАЕВАҒА сеніп тапсырылды.

Әсия Рақымқызы бір кездері осы облыстың спорт саласында еңбек еткен. Одан кейін «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алыпты. Азияда әйелдер арасында 2008 жылы бокстан тұңғыш халықаралық дәрежедегі АИБА төрешісі атанғандардың бірі. Соңғы жылдары мәдениет және спорт министрлігінің комитетінде бөлім басшысы қызметін атқарған. Былайша айтқанда, осы саланың тірлігін бір кісідей-ақ білетін маман. Білімі де, білігі де, тәжірибесі де бар. Бірақ Оралда тағы да шу шықты. Бұл жолы осы облыстың бірқатар спорт мамандары дабыл қағуда. Олардың әңгімелерінен түсінгеніміз, білімді басшы болу бір басқа екен де, жақсы басшы болу бір басқа екен. Әсия Рақымқызы қанша жерден шетелде оқып, министрлікте тәжірибе жинақтап келсе де, жаңа қызметінде ұжыммен тіл табыса алмаған сияқты. Содан болар, басқарма басшысы қазір өз қызметкерлерімен соттасып жатыр. Ал басшы мен қосшы соттасып, бір-бірін беттен алған жерде қандай береке болады? Бұл облыстың спорт саласының жетістіктеріне де кері әсерін тигізген сияқты. Жақында ғана Ақтау қаласында президент жүлдесі үшін өткен ұлттық ойындар спартакиадасында Батыс Қазақстан облысының командасы 17-орын алыпты. Алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған бұл дүбірлі жарысқа өзі 17 команда қатысқан екен. «Бұрын біздің облыстың командасы алғашқы ондыққа табан тіреуші еді, ол да арман боп қалды…» деп күйінеді оралдық спорт майталмандары.

Ал Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің тура жанында болып жатқан осынау даудан хабары бар ма екен? Өйткені облыстың спорт майталмандары облыс басшысына үніміз жетпейді деп зар илеп жүр. Соған қарағанда Алтай Сейдірұлы, шынында, бұл жағдайдан хабарсыз сияқты. Дегенмен басшы мен қосшының арасындағы осынау текетірестен өңір спорты, сол спорт саласының қарапайым мамандары, спортқа құмар жастар жапа шекпесе болғаны, әйтеуір.

Біз Орал қаласына арнайы барған іссапарымызда бірқатар спорт мамандарымен сөйлесіп, мән-жайға қанығып қайттық.  

Аманбаева адамдармен амандаспайды 

Юрий Казанин, Батыс Қазақстан облыстық ескек есу федерациясының президенті:

–Дәл қазір біздің облысымызда ескек есу, байдарка және каноэ нөмірі бірінші спорт түрі деп айтуға болады. Өте жақсы дамып келеді. Соңғы рет Азия ойындарында алтын мен күміс олжаладық. Өткен жылы Азия чемпионатында да спорттың осы түрінен алтын медаль алған болатынбыз. Ал әлем чемпионатында 5-7 орындарға көтерілдік. Яғни бұл бойынша оң нәтижелер бар. Ел чемпионатында – 8, жасөспірімдер чемпионатында 6 медаль алдық. Бүгінгі күні біздің мектептің төрт түлегі ұлттық құраманың мүшесі. Дергунов пен Ергучев үлкендер құрамасында, Диас Алмағамбетов пен Антонина Казанина жасөспірімдер құрамасында жаттығып жүр.Бірақ соңғы кездері спорт саласындағы бірқатар мәселелер мені қатты алаңдатуда. Спорттың осы түрлеріне жас балалар көп қызығады. Бірақ бапкерлер жетіспейді, оларға берілетін сағаттар жоқ. Сондықтан балалардың барлығын бірдей қабылдай алмаймыз. Президент Н.Назарбаев жастардың спортпен көбірек айналысуын қайта-қайта айтып отырғанда, біз осынау мүмкіндікті пайдалана алмаудамыз. Бапкерлер санын көбейтуге спорт басқармасы ешқандай мүмкіндік бермей отыр. Тағы бір айтары, жастардың спортқа деген осындай құлшынысын байқап, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бағдарламасы бойынша арнайы база құрылысын салуды қолға алмақ болғанбыз. Тіпті біз бұл базаның жобасын жасап, инвестор да таптық. Бірақ облыстық спорт басқармасы тарапынан қолдау жоқ, үнемі әлдебір себептерді айтып, осы істі барынша созып келеді. Біз бұл мәселені облыс әкімінің орынбасары Оспанқұловқа да айтқанбыз. Әкімнің орынбасары қолдады. Бірақ спорт басқармасы мұндай базаның болғанын қаламайтын сияқты. Осылайша басқарма басшылығы алысты болжап, болашаққа бағдар жасай алмай отыр. Негізі, басшы адам бәрін біріктіруі керек. Бір команда болып жұмысқа кірісуі қажет. Бірақ біздің спорт басқармасына Әсия Аманбаева басшы болып келгелі ондай ниетті байқамадық. Жұмыста береке болмаған соң нәтиже жақсы болушы ма еді? Облыс спортшылары жыл қорытындысы бойынша 14-орынды алғаны да соның бір айғағы екені анық. Өткен қыркүйек айында Маңғыстауда президент жүлдесі үшін республикалық ұлттық ойындар спартакиадасы өтіп, облыс 17-орыннан көрінді. Бұған 5,6 миллион теңге жұмсадық. Міне, спорт басқармасы басшысының өзі келгелі бергі бір жарым жылдағы жұмысының нәтижесі. Ең жаманы – басқарма басшысы өзіне жақпайтын адамдармен амандаспайды. Жұмысты бағаламайды, рақмет айтпайды. Менің ойымша, басшы өзінің қарамағындағы адамдармен жақсы қарым-қатынас жасамайынша, ешқандай табысқа қол жеткізе алмайды. Спорттың осы түрі жақсы дамуы үшін спорт басқармасы өзінің көзқарасын өзгертуі керек деп ойлаймын. Яғни бапкерлер санын көбейтіп, бөлімдер ашу керек. Қазіргі базамыздың салынғанына 60 жылдан асты. Әбден ескірген. Соның салдарынан спорттың бұл түрін жеткілікті деңгейде дамыта алмай отырмыз. Өйткені спорт басқармасы бізді есітпейді де, қолдау да көрсетпейді. Рио-де-Жанейрода өткен олимпиадада Қазақстан спортшылары тоғыз жолдамаға ие болды. Соның ішінде Оралдан екі спортшы қатысты. Мұның өзі біздің облыс үшін үлкен жетістік деп ойлаймын. Азиада ойындарында бұл екі спортшы алтын мен күміс олжалады. Енді қазан айының соңында Самарқандта жасөспірімдер арасында Азия кубогы өтеді. Оған да осы екі спортшымыз қатыспақ. Осыдан-ақ бұл спорт түрі өте жақсы дамып келе жатқанын байқауға болады. Бізде бұл спорт түрінен әлем чемпиондары бар. Бұйыртса, енді алдағы олимпиадада осы спорт түрінен жүлдеге ілігеді деген үмітіміз бар.

Өз жұмысын «пиарить» етумен ғана айналысып кетті… 

Исқабыл Жалмұрзиев, «Мұз айдыны спорт сарайы-БЖСМ» МКҚК директоры:

–Мен осы мұз сарайын пайдалануға берген күннен бастап, яғни 2001 жылдың қазан айынан бері директор болып жұмыс істеп келемін. Мұнда балалар қысқы спорт түрлерімен жаттығады. Біздің мектептің жетістігі облысқа ғана емес, республикаға белгілі. Біздің түлектеріміз қала, облысты былай қойғанда, республикада талай мәрте чемпион болды. Одан бөлек, Азиадаға, әлем чемпионатының кубогына, олимпиадаларға қатысқан. Сочиде, Кореядағы Пхечхонда өткен олимпиадаларға, Алматыда өткен универсиадаға қатысты. Яғни талай жылдан бері бұл спорт мектебінің жұмысы дұрыс жолға қойылған. Бүгінде 500-ден астам бала жаттығады. Жасыратыны жоқ, мұз сарайына директор болған 17 жылдың ішінде талай басшымен бірге жұмыс істедім. Бірақ Әсия Аманбаева спортқа басшы болып келгелі бері бұл сала дамуын қойды. Тек өз жұмысын «пиарить» етумен ғана айналысып кетті. Спорт мектептерінің жұмыстарына дұрыс баға бермейді. Қазір мектеп директорлары екіге бөлініп кеткен. Өзіне сенімді және сенімсіз адамдар деген сияқты… Оның келуімен елімізге белгілі спортшылар басшылық жұмыстан кетті. Бокс мектебінің директоры Нұржан Кәрібжанов, олимпиадалық орталықтың директоры Галиб Жафаровтың өлке спортының дамуына қосатын үлестері көп еді. Одан бөлек, спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының директоры Қанат Жанғалиев, «Жайық» спорт клубының бастығы Азат Казиханов деген басшыларға және өзіме де басшы тарапынан ашық қысым болды. 2017 жылы спорт басқармасының басшысы «сіз осы қызметте ұзақ жылдардан бері істеп келе жатыр екенсіз» деп тиісті. Иә, рас. Ұзақ жылдардан бері басшымын. Бірақ жұмысымның нәтижесі жаман ба? Егер нашар болса, оны айту керек, болмаса сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңбұзушылық орын алса, оны дәлелдесін. Мұның бәрі мені жақтырмағаннан орын алды деп ойлаймын. Менің орныма өзінің бір адамын қойғысы келеді. Сөйтіп, осындай майда-шүйде себептермен тиіседі. Осыдан кейін спорт басқармасында басқаша жағдай қалыптасқан. Спорт ардагерлерімен ешқандай шаруаны ақылдаспайды.

Мұз сарайының қазіргі жағдайы өте жақсы. Он жеті жылдан бері күрделі жөндеуге бірде-бір мәрте қаржы бөлінген жоқ. Өз табысымыздан күрделі жөндеу жүргіздік. Бұл тату ұжымның еңбегінің нәтижесі екені анық.

Былтыр біздің мектепте басшылық тарапынан оңтайландыру жұмыстары жүріп, жүзу бассейні қосылды. Рас, бұл ұлттық экономика министрлігінің бұйрығы болатын. Дегенмен де Аманбаева бізбен бір ауыз ақылдаспастан, екі спорт мектебін жаппақ болып, жаңадан мекеме ашпақшы болды. Әрине, оның астарында бұрынғы директорларды құртып жіберу мақсаты да тұрды. Бірақ ол мақсаты орындалмады. Былайша айтқанда, Аманбаева министрліктің бұйрығын өз мақсатына сай пайдаланбақшы болды. Алайда жаңа құрылымды аша алмады. Өйткені үкіметтің жаңа мекеме ашпау туралы қаулысы бар екен. Амал жоқ, суда жүзу мектебін біздің мектепке қосты. Биыл жүзу бассейндерін жөндеп, ұжымды қалыптастырдық. Өйткені ұжым үлкейді, бұрын 65 адам жұмыс істесе, қазір 115-ке жетті. Өз қаражатымызбен бассейнге ағымдағы жөндеу жүргіздік. Дегенмен бассейн көп жылдан бері жөндеу көрмеген. Апаттық жағдайда деп айтуға болады. Жобалық құжаттарын жасадық. Бірақ қаржы бөлінбеді. Енді басқарма басшысының бұйрығы шығып, бізден ауыр атлетиканы бөліп алды. Сосын, су добы, жүзу секілді спорт түрлерін алып, хоккей, шаңғы тебуді берді. Сонда о баста оңтайландыру не үшін жүрді? Мейлі, қысқы спорт түрлерін бізге берсін, бірақ бассейнді бөлудің не қажеті бар еді? Ұжым енді ғана қалыптасып қалып еді. Бассейнді алып, еш қисыны келмейтін боксқа қосты.

–Білуімше, сіз басқарма басшысымен соттасып жатыр екенсіз. Оған не себеп болды?

–Тамыз айының ортасында біздің мұз сарайында самбодан халықаралық турнир өтетін болды. Негізі, мұз айдынында кез келген уақытта үлкен жарыстар өте береді. Өйткені мұздың үстіне төсейтін арнайы жабыңқы бар. Дегенмен бұған дейін мұз айдынының тоңазытқыштары 17 жылдан бері ауыстырылмаған еді. Облыс әкімі Алтай Көлгіновке көп рақмет, сол кісінің көмегінің арқасында тоңазытқыштың біреуін ауыстыруға қол жеткіздік. Бұл мұзды ыстық күндерде де ұстап тұруға мүмкіндік берді. Біздің қызметкерлер мамыр айының аяғында демалысқа кетіп, тамыз айының басында жұмысқа шығады. Осы кезде қысқы спорт түрімен жаттығатын спортшыларға мұз керек. Яғни жаттығу жұмыстары тамыз айының басынан басталады. Сондықтан біз 1 тамыздан бастап алаңға мұз төсейтінімізді халықаралық турнирді ұйымдастырушыларға ескерттік. Мұз қатырумен бірге, оған жылу да керек. Дәл осы кезде «Жайықжылуқуат» АҚ бізге ескертпестен жылуды өшіреді. Ал оларды «ҚазтрангазАймақ» АҚ қарызға байланысты газдан ажыратқан екен. Содан «неге мұзды құюды бастадыңдар?» деген әңгіме басталды ғой. «Жаттығуды бастауымыз керек, қыркүйек айында балалар арасында Оралда Қазақстан чемпионаты өтеді» деген уәжімді басқармадағылар түсінбеді. Содан түсініктеме жазуымды талап етіп, артынша қатаң сөгіс берді. Осының өзі-ақ басшының маған деген көзқарасының дұрыс емес екенін білдіреді. Мен ол бұйрықпен келіспедім. Сөйтіп, сотқа арыздандым.

Жалпы алғанда, басқарма басшысына мәселемізді айтамыз. Жауап та бермейді. Және ол мәселе шешілмейді де… Ең жаманы – адаммен амандаспайды. Кейде ернін жыбырлатады да қояды. Біз бұған үйрендік. Көмектеспесе көмектеспей-ақ қойсын. Тек тиіспесе екен деп ойлаймыз. Өткенде шорт-тректен балалар арасында республикалық жарыс өтті. Барлық өңірден спортшылар келді. Жүлделердің 80 пайызын осы оралдық балалар алды. Міне, мұзды ертерек құйып, дайындық жұмыстарын ертерек бастауымыздың нәтижесі. Бұдан бөлек, менің бапкерлерімді басқармаға шақырып алып, «басшыларыңның үстінен арыз жазыңдар» деп қысады екен. Яғни айрандай ұйып отырған ұжымымды жік-жікке бөлмек қой. Меніңше, бұл жағдайды облыс әкімі Алтай Көлгінов білмейді деп ойлаймын. Әйтеуір, басқарма басшысы өз дегенін істеп жүр. 

Түк таппаған соң, гүл шоқтарына тиісті

Қанат Жанғалиев, спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының бұрынғы директоры:

–Өз ауылымдағы мектептің директоры болып жүрген жерімнен 2015 жылы осы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа ауысу тәртібімен басшы боп тағайындалдым. Осы екі жыл ішінде мектептің жетістігін көтеруге бар күш-жігерімді салдым. Алайда облыстық спорт басқармасына Әсия Аманбаева тағайындалған алғашқы күндердің өзінде-ақ «сені жұмыстан кетіреді, соған әрекет жасалып жатыр» деген сыбыс естіп қалдым. Басында сенбедім, бірақ көп ұзамай-ақ рас екеніне көзім жетті. Қызметке тағайындалған соң, бір-екі аптадан кейін-ақ маған тиісе бастады. Жұмысыма ешқандай сараптама жасамады. Ешқандай жетістіктерімізге мән бермеді. Орынбасарына мені жұмыстан босату туралы тапсырма беріпті. Мен, әрине, келіспедім. Содан әртүрлі айла-шарғыларға барды. Ең сорақысы – жұмысым бойынша тиісетін ештеңе таппаған соң, вокзал, аэропорттан құрметпен күтіп алған спортшыларға беретін гүл шоқтарына тиісті. Қандай гүл шоқтарын алсақ та, әйтеуір, Аманбаеваға жақпады. Одан бөлек, спорт басқармасының басшысы мектепке келіп, ұжыммен жиналыс өткізді. Сонда қасында өзім жүрсем де, мектеп туралы ақпараттарды менің орынбасарымнан сұрап отырды. Мұның бәрі психологиялық тұрғыдан қатты әсер етті. Ұжымның көз алдында қатты қорландым. Басшының төмен өресіне қатты налыдым. Осындай қысымнан кейін, амал жоқ, жұмыстан кету туралы өтініш жазуға тура келді. Басқа жұмысқа ауысу туралы да ұсыныс болған жоқ.

Жарысқа барған бапкер несие алуға мәжбүр болды 

Көлеңке Ғұбашов, Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер «Грация» волейбол клубының бас бапкері:

–Біз ертеден отбасымызбен волейбол спортымен айналысамыз. Әйелім де, қызым да бапкер. Жалпы алғанда, Батыс Қазақстан облысының спорты бұрыннан құлдырап келе жатқан болатын. Бұл салаға әртүрлі басшы келді. Әрқайсысы қолдарынан келгенше еңбек етті. Бірақ оң нәтиже болмады. Жасыратыны жоқ, облыстық спорт басқармасына Әсия Аманбаева басшы боп тағайындалғанда «қанша дегенмен осы өңірдің тумасы ғой, жағдай енді дұрысталатын шығар» деген үміт болды. Бірақ  үмітіміз ақталмады. Жағдай тіптен қиындап кетті. Спорт басқармасы басшысының тірліктерін түсінуден қалдық. Осы жылдың 4 қаңтарында Қызылордада үлкен жарыс өтті. Соған бару үшін желтоқсан айының басынан бастап дабыл қаға бастадым. Тіпті өз қаржымызға балаларға пойызға билет те алып қойдық. Желтоқсан айының соңына дейін басқарма тырс еткен жоқ. Амал жоқ, билеттердің бәрін кассаға қайтадан өткіздік. 29 желтоқсанда ғана басқармадан жарысқа бару туралы бұйрық келді. Ал билет жоқ. Содан, амал жоқ, әйелім шағын автобус жалдап, балаларды жарысқа алып кетті. Жарыстан кейін қайтуға ақшалары жетпей, әйелім Қызылордада 220 мың теңге несие алуға мәжбүр болды. Жолда боран болып, көліктері тұрып қалып, әрең дегенде итшілеп жетті-ау. Басқарма іссапардың ақшасын 10 қаңтардан кейін бір-ақ аударды. Басқарма басшыларының осындай «шыжықтары» көп.

Әрине, басқарма басшысы тарапынан айтылып отырған сын әжептеуір ауыр. Сондықтан Орал қаласына барған сапарымызда тек спорт майталмандарымен ғана жолығып қоймай, екінші жақтың да пікірін білуге тырыстық. Соның алдында ғана бапкерлермен сөйлескен кезде қасымызда КТК телеарнасының да тілшілері болған еді. Түс қайта Орал қаласының маңындағы мөлтекаудандардың бірінде ауыр атлетикадан чемпионаттың ашылуы болып, КТК тілшілері сол жерде басқарма басшысымен тілдесіп, спорт мамандары айтқан арызға байланысты пікірін біліпті. Әріптестерімізден білгеніміз, Әсия Рақымқызы бұған байланысты ешқандай қарсылық танытпастан қысқа ғана жауап берген.

Ал біз басқарма басшысына «Жас Алаш» газетінің атынан хабарласқанымызда, ол кісі алдымен «сағат бес жарымда келуімізді» өтінді. Бірақ артынша қайта хабарласып, аты-жөнімізді ежіктеп сұрады. Одан араға бес-он минут салып тағы телефон шалып: «Өздеріңіз облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісіне хабарласып, мән-жайды түсіндірулеріңіз керек» деген әңгіме айтты. «Бұл қайдан шыққан тәртіп?» деген наразылығымызға Әсия ханым баспасөз хатшысына хабарласпайынша, ешқандай да мәлімет бере алмайтынын ашық білдірді. Бұл баспасөзді алалау болса да, басқарма басшысының ол уәжіне де көніп, облыс әкімінің баспасөз қызметімен байланысып, жағдайды түсіндірдік. Содан кейін ғана кешкі сағат бестен кейін үн-түнсіз кеткен басқарма басшысымен өзіміз қайта хабарласып, әрең дегенде өз кабинетінде тілдесуге мүмкіндік туды. Тағы бір қызығы, Ә.Аманбаева жалғыз өзі сұрақтарға жауап беруден бас тартып, қасында өз орынбасарының отырғанын қалады. Біз келістік. Одан бес-алты бапкерді дайындап қойыпты. Олар басқармаға Әсия Рақымқызы басшы боп келгелі бері керемет жұмыстардың жүріп жатқанын, сол кісі келгелі бері осы сала гүлденіп жүре бергенін айтып біраз мақтады. Осыдан-ақ басқарма басшысының бұл әңгімелесуге жан-жақты дайындық жасап, оған қол астындағы қызметкерлерін де молынан пайдаланғаны байқалды.

Мұның бәрі тәртіп пен нәтижені талап етуден туындады 

Әсия Аманбаева, Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының басшысы:

–Әсия Рақымқызы, осы облыстағы бірқатар спорт мамандары сізді басшы ретінде өте қиын адам, ұжымның ынтымағы кетті, жік-жікке бөлініп алды деп айыптап жатыр. Сіз бұған не айтасыз?

–Әрине, әр адамның жеке пікірі болады. Бірақ мен мұнымен келіспеймін. Менің басты мақсатым – спортты дамыту. Ол екі бағытта жүріп жатыр. Біріншіден – бұқаралық спорт, екіншіден – жоғарғы жетістіктер спорты.

–Сізді тіпті адаммен амандаспайды, берген сәлеміңді алмайды, соның өзі-ақ жігеріңді құм қылады, еңбекті бағаламайды, алғыс айтуды білмейді деп ренжиді…

–Мен мұғалімдер отбасында өстім. Әкем де, шешем де ұстаз боп еңбек еткен. Солардың тәрбиесін алдым. Сондықтан адаммен амандаспау күнә деп есептеймін. Бұл жала сөз. Сосын, біздің басқарма ұйымдастырмай, «мен спорттық жарыс өткізіп жатырмын» деп ешкім айта алмайды. Облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстардың бірде-біреуі бізсіз өтпейді. Федерациялармен қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Спорт күнінде, жылдың қорытындысында бәрінің еңбегі міндетті түрде аталып өтеді.

–Бір-екі спорт басшысымен соттасып жатыр екенсіз…

–Иә, «Мұз сарайының» директоры Исқабыл Жалмұрзиевқа қатаң сөгіс бергенбіз, ол сол жазамен келіспей, сотқа жүгінді. Ол директорды жазаға тартудың да өз себебі болды. Оған мұз сарайында халықаралық жарыстың өтетіні алдын ала хабарланған. Біздің облыстағы үлкен іс-шаралар негізінен мұз сарайында өтеді. Өйткені бұл нысан спортшыларға да, келушілерге де өте ыңғайлы жерде орналасқан. «Мұзды қатырмай тұра тұрыңдар» деп алдын ала ескертілді. Әрине, жылу болмай қалатынын ешкім білген жоқ. Бірақ қалай болған күнде де кедергі болмау үшін бізбен ақылдасуы керек еді. Жаздың күні спорт сарайының іші тастай суық болып тұрды. Ата-аналар балаларын кіргізе алмады. Сондай ғимаратқа жанкүйерлерді қалай кіргіземіз?

–Сонда «мұзды құямыз» деп алдын ала ескертпеді ме?

–Жоқ, ескерткен жоқ.

–Байдаркаға қаржы аз бөлінеді, содан балаларды толық қамти алмай отырмыз дегенге не айтуға болады?

–Былтыр саралау деген түсініктеме шықты. Ол бойынша дамыған спорт түрлері үш топқа бөлінді. Облысымызда 57-ден астам спорт түрі бар. Жасыратыны жоқ, кейбір облыстарда басқарма басшысы жақсы көрген спорт түрін дамытуға кіріседі. Әрине, артық ақшамыз көп болса, бәріне бөліп берер едік. Бірақ ешқайсысына былтырғы сомасынан төмен қаржы бергеніміз жоқ. Ескек есуге 2016 жылы 7 млн 783 мың теңге бөлінген. 2017 жылы 12 млн 365 мың теңге қарастырылды. Биылғы  тоғыз айда 7 млн-нан астам қаржы жұмсалды. Яғни жылдың соңына дейін былтырғы ақшадан аз болмайды. Одан бөлек, 1 млн 833 мыңға құрал-сайман алынды. Оны неге айтпайды?

–Ескек есу федерациясының басшысы осы салаға арналған базаның жобасын басқарма қолдамай отыр дегенді айтады… Оған не себеп?

–Иә, ол кісі жиналыс кезінде «менде бір база бар, соны ақылдасайық» деп сыбырлап айтқаны рас. Мен: «Бірде-бір жобаны ешкіммен ақылдаспаймын, ондай әңгімені маған айтпаңыз. Арнайы қағазыңыз бар болса, беріңіз. Бәріміз отырып талқылайық», – дедім. Ол базаны орталық саябақтың ішіндегі өзеннің жағасынан салайық деп жоспарлаған. Рас, мұндай база керек. Бірақ табиғатты қорғау мекемелері дәл сол жерден салуға қарсы болып отыр. Заңға сай келмейді дейді.

–Спорт саласында екі мәрте оңтайландыру жүріпті. Мұның астарында мектеп басшыларын қызметтен кетіру амалдары жатқан көрінеді….

–Былтыр мен жұмысқа кіріскен кезде ұлттық экономика министрлігінің мұз сарайы мен бассейнді қосу туралы арнайы бұйрығы болған. Біздің облыста мұндай спорт нысандарының өзі көп емес. «Екі үлкен нысан бір-біріне қалай қосылады, бір-біріне келмейді ғой» деп талай жерде айттым. Бірақ, амал жоқ, қосылды. Биыл тағы да оңтайландыру болды. Әріптестермен ақылдаса отырып олимпиадалық спорт түрлерін бір-біріне қостық. Бокс, жүзу, су добы спорт түрлерін қосып, бір мектеп жасадық.

–Бокс пен суды қостыңыздар ма, сонда?

–Иә, үшеуі де олимпиадалық спорт түрлері ғой… Одан бөлек, қысқы спорт түрлерін өз алдына біріктірдік. Бәрін ақылдаса отырып істедік.

–Федерация басшылары жарыстарға баратын кезде қаржының уақтылы бөлінбейтінін айтып отыр. Мысалға, К.Ғұбашев биылғы 4 қаңтарда Қызылордада өткен жарысқа баратын қаржы 10 қаңтардан кейін бір-ақ бөлінгенін айтады.

–Иә, ол жарыс 4 қаңтарға жоспарланған. Бірақ жылдың басы болғандықтан, бізге бюджет қаржысы 15 қаңтарда бір-ақ түсті. Уақытында түспеген қаржыны қалай береміз? Бұл біздің кінәмізден емес. Содан кейін бірде-бір іссапар қаржысы туралы мәселе туындаған жоқ.

–Маңғыстауда өткен спартакиададан Батыс Қазақстан облысының спортшылары 17-орын алдық деп күйінеді… Бұған не айтуға болады?

–Біріншіден, бізде ақша аз. 323 млн-нан 4 млн-ды әрең алып қалдық. Сосын, бірінші орын алу деген міндет болған жоқ. Бұл – бұқаралық спорт бойынша өткен жарыс. Команда да толық бармады. Негізгі себеп – осы. Облыста жеңіске жетіп жүрген спортшыларымыз барды. Бірақ жолдары болмады, жеңіліп қайтты. Есесіне үлкен жарысты көріп, өзгеріп келді. Үлкен бәсекеден көп ой түйіп қайтты деп ойлаймын.

–Осынау даудың бәрі неден туындады деп ойлайсыз?

–Мұның бәрі тәртіп пен нәтижені талап етуден туындады. Ақша бөлдік пе – нәтиже талап етеміз. Әрине, бұл бәріне бірдей ұнамайды.

–«Мұз сарайы» басшылығының жұмысында тәртіп пен нәтиже жоқ па,сонда?

–Жоқ, дәл солай деп айта алмаймын. «Мұз сарайының» басшысы тәртіптік жаза бергеніміз үшін ренжіп жүр. Бірақ біз оны ойдан құрастырып бергеніміз жоқ қой.

Фото: mgorod.kz

                                                               Астана – Орал – Астана

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*