Басты жаңалықтарМәдениет

 «Ағайын, итеріп жіберейін бе?» Төреғали Төреәлі жұртқа жаңа қырынан танылды

Астанада қазақтың «Төреші» атанып кеткен белгілі әнші Төреғали Төреәлінің «Ұлы дала комедиясы» атты кинокартинасының премьерасы өтті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Әнші туралы түсірілген «Ұлы дала комедиясы» фильмі 18 қазаннан бастап прокатқа шығады

Кино әлеміне алғаш рет қадам басқан әншінің комедиясын тамашалауға өнердегі әріптестері келді. Олардың арасында Қыдырәлі мен Қарақат, Тамара Асар, Айгүл Иманбаева, Алтынай Жорабаева және тағы басқа өнер жұлдыздары бар.

«Ұлы дала комедиясы» не жайында?

Фильм желісіне қызба мінезді әншінің басынан кешкен оқиғалары, жұртты шулатқан ерсі қылықтары мен дау-жанжалдары арқау болған.

Фильмнің бас кезінде  «жұлдыз ауруына» шалдығып, өзін өзгелерден биік санайтын Төреғали картинаның соңына қарай қолда бар алтынын бағалай білуді үйренген әншіге айналады. Көрермен фильмнен қазақтың ерке «Төрешін» көреді десе де болады.

Кинокартинада Павлодардағы қариямен болған шу, журналистермен болған дау-жанжал, Ерке Есмаханмен араздығы да көрініс табады. Оған «ағайын, итеріп жіберейін бе», «Ерке менің сүйікті әншім бе?!», сұхбат кезінде қолын түсіруді өтінген журналиске «жарайды, түсіріп тұрайын» деген сыңайлы астарлы әзіл-қалжыңдар дәлел.

«Ұлы дала комедиясы» – арманға жету жолында талай сынақтан өтетін талантты жігіт жайында. Басты кейіпкерге қиындықты еңсеруге сәттілік пен махаббат көмектеседі.

Фильм бастан-аяқ қазақ тілінде түсірілген. Десе де арасында бірлі-жарым орысша сөздерді де құлағыңыз шалады. Орыс тілді көрермендер үшін субтитр қарастырылған.

Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжін актер мамандығы бойынша тәмамдаған әншіге басты рөлді сомдау аса қиынға соқпаған сыңайлы.

Фильмнің продюсері – әншінің әкесі Төреәлі Төлепов.

Жас әртістің өнерін тамашалауға Досхан Жолжақсыновтың жары, белгілі актриса Қарагөз Сүлейменова да келген.

«Шын мәнінде, бүгін қазақ өнері үшін, қазақ көрермені үшін айтулы күн деп есептеймін. Себебі өнер жолы оңай емес. Шын өнерпазды халық өте керемет бағалайды, ерекше даралайды. Сол сүйіспеншіліктің бағасы қанша дейтін болсақ, оның бағасы – қажырлы еңбек пен ізденіс. Сондықтан бүгін біз кішкентай қара домалақ баланың өнеріне тәнті болып отырмыз. Шындығына келсек, қандай оқиға болса да, өмір болғаннан кейін әр адамның бойында титтей бір кемшілік болады», — деп ізгі тілегін білдірді Сүлейменова.

Алайда, оның айтуынша, өнерпаздың бойындағы еркелігі, ешкімге ұқсамайтын тартымдылығы көрермендерді тәнті еткен.

Десе де, әнші БАҚ өкілдерін аса жақтыра бермейтінін бұл жолы да байқатып қойды. Фильмнің премьерасынан кейін журналистермен кездесіп, баспасөз мәслихатын өткізуі тиіс болған Төреғали өнердегі аға-апаларының жылы лебіздерін тыңдап, асығыс кетіп қалды.

Басқа материалдар

Back to top button