«Шүкіршілік синдромы» немесе Ұлы Дала жолдары

Дүниежүзілік экономикалық форумда талқыланған маңызды түйткілдердің бірі көлік жолдарының сапасы. Әлем сарапшылары қолда бар сараптамалық зерттеулердің нәтижесінде көлік жолдарының сапасы рейтингін түзді. Оған 137 мемлекет кіріп отыр.  Биыл мамандар бірауыздан Біріккен Араб Әмірліктерін жол сапасы жөнінен көшбасшы ел ретінде таныды. Екінші орынға Жапония жайғасса, үштікті Швейцария түйіндейді.

Ең  соңғы үш орынға келсек: — 135ші орында Гаити, 136 – Конго және 137 ші орында Мавритания. Қазақстан ше? Ұлы дала еліне 115-ші орын бұйырыпты. Бізден бөлек ТМД-ға мүше мемлекеттерден Ресей 114, Украина 130, Молдова 128, Қырғызстан 122-орындарда.

Бұл сандарды көргенде көкейге ұялайтын алғашқы ой қандай?  Тәубә!!! Көршілермен салыстыру.  «Шүкіршілік синдромы».  Біздің қоғамға мықтап сіңген кеселдің бірі. Неге десеңіз бәсекеге қабілетті 30-елдің қатарына кіруге тым құштармыз. Демек сол 30-елдің жолдарымен салыстырмақ керек емес пе?!  Осыған орай депутаттардан пікір сұрап көрдік. Сөйтсек әңгіме рейтингте емес екен.

ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ  -«Менің ойымша бұл рейтингтердің кейбір қателіктері бар. Неге десеңіздер біздің еліміз қандай? Біздің еліміз өте үлкен. Ал енді басқа мемлекеттермен салыстыратын болсақ, Германия, Швейцария, әрине ол мемлекеттер өте кішкентай мемлекеттер».

Бәрекелді!!! Біз әлемде жер көлемі жағынан 9-шы үлкен мемлекетпіз. Кешірерсіз Геннадий мырза, қалайша миымыз жетпеген!?, — деп күмілжи беруіміз сол ақ екен: — Стоп!  Халықаралық рейтингте жол сапасын айқындайтын көрсеткіштердің бірі әсте мемлекеттің жер көлемі емес, жолдың ұзындығы.

Қазақстан —  128 000 км 

Жапония – 1210251 км 

Франция – 951000 км 

Испания – 681298 км  

Германия – 644480 км.   

Байқадыңыз ба? Бізден он есе кішкентай Жапонияның жолдары бізден он есеге ұзын екен. Рейтингтегі екінші мемлекет.

Елдегі  жолдар сапасына шұқшия қалуымызға ШҚО, Қайнар ауылынан хабарласқан азаматтың бұйымтайы түрткі болды. Айтуынша Семейден шыққан соң 280 шақырым жолсызбен жыбырлайды екенсіз. Асфальтты ойламай-ақ қойыңыз, жолдың түзу табаны жоқ. Ой шұңқырлар өз алдына, су өткізгіш құрылғылар мен шағын көпірлер шіріп, құлайын деп тұр. Қайнарлықтардың теперіш көргендеріне қанша жыл болды деп сұрауыңыз мүмкін. Айтуларынша еліміз ел болғалы бұл жол, жөндеу көрмепті.

ЖӘНІБЕК НАУРЫЗБАЕВ ҚАЙНАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ  –«40 жыл полигоннан зардап шегеді, енді міне 20 жыл жолдан зардап шегеді.  Ол өте қиын, ауру сырқаған адамдар болады. Биыл жөндейміз деген,  бөлінген қаржы тағы басқа бағыттарға бөлініп кетіп атып дейді.  Нақты білмейміз, бірақ солай деп естіп атырмыз.  Жол жөнделсе, халықтың бірінші арманы». 

Халықтың арманы қашан орындалатынын білмекке салаға жауапты министрді сөзге тарттық.

ЖЕҢІС ҚАСЫМБЕК ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРІ  –« Жыл сайын біз 500-600 шақырым жаңа жолдарды іске қосамыз. Бұл республикалық маңызы бар жолдар. Енді осы жылы президенттің жолдауында болды. Облыстық маңызы бар жолдарға жұмысты нақты бақылап қосымша қаражатты бөлу. Осы жылдан бастап облыстың жолдарына 150 млрд бөлінетін болады. 50 пайызы республикадан барады, 50 пайызы жергілікті бюджеттен.  Ол келе жатқан 5 жылға осындай бағдарлама қабылданып отыр». 

Инвестиция және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті еліміздегі аймақтық, аудандық жолдардың мүшкіл халін мойындайды. Тіпті қанша шақырым екенін де айтып бере алады.

САЙРАНБЕК БАРМАҚОВ  ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ – «Облыстық аудандық автомобиль жолдарының жағдайы нашар. Бүгінгі күнде 66 пайызы ғана жақсы жолдар. 34 пайызы жол нашар. Енді ойлаңыз, 71 мың км 34 пайызы бұл өзі 20 мың километрден асып кеткен жол нашар. Жүруге өте қиындық туғызатын жолдар».   

Жоғарыда министр айтып кетті. Жыл сайын 150 млрд теңгеден бөлінгеннің өзінде бүгін ертең қырдағы қазақ жол рахатын көре ала ма? – деген сұрақ туындайды.

САЙРАНБЕК БАРМАҚОВ  ҚР ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ, АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ  – «Біз 2025 жылы осылай 150 млрдтан бөлініп отырса, біздің жолдардың 85 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жолдарға жеткізіледі. Сөйтіп 2025 жылы бізде 15 ақ пайыз нашар жолдар боп қалады». 

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясында мәлімдегендей республикалық маңызы бар жолдар қазір күрделі жөндеу немесе реконструкциядан өтуде. 2023 жылға қарай еліміздегі негізгі күре жолдардың жұмысы аяқталады. Бұған бұқара қуанғанымен қоғамдастық өкілдері скептикалық пікірде. Осы уақытқа дейін жолдардың дамуын шектеп келген басты фактордың бірін қазір де назардан тыс қалдыруға болмайды.  Жемқорлық!

ЭДУАРД ЭДОКОВ  ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӘУЕЛСІЗ АВТОМОБИЛИСТЕРІ ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ  — «Қараңыз, Батыс Қытай батыс Еуропа көлік дәлізі.  8500 шақырым делік.  Мердігер асфальттың 2 жағынан 5 сантиметрден үнемдегенде 100 млн долларды қалтаға баса алады. Енді шенеуніктерге келсек, жолдың бір шақырымының құрылысы 1 млн доллар делік. Олар 10 пайыз пара алу арқылы 8 жарым мың шақырымнан 850 млн доллар ақшаны жымқыра алады. Бұл мысал». 

Қалай болғанда да жолдарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазынадан қаражат та табылуда. Тек дәл қазіргі қарқынмен бәсекеге қабілетті 30-елдің қатарына қосылмақ түгіл маңына да жолай алмайды екенбіз. Сарапшылар солай дейді. Демек «шүкіршілік синдромынан» айығатын уақыт әлі келген жоқ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*