Басты жаңалықтарҚоғам

Астаналық ару плогинг бастады (видео)

Жарқ-жұрқ, бұрқ-сарқ қайнап жатқан әлеуметтік желіде  бір бейнеүзікке көп ешкім мән бермеді. Наурыздың соңына таман шығып еді.   Хайпқұмар, лайкқұл  қоғам   астаналық спортшы қыздың  бастамасына елең етпеді.

Бұл бізде бұрын-соңды боламаған акция. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мархабат Әбілғазимова  спортпен шұғылдана жүріп  Елорда   көшелерін тазалады.   Бұл бастаманың атауы да бар екен. Плогинг деп аталады.

Қазір хайп, селфи, вайн, хэштег секілді күнделікті өмірімізге еніп жатқан термин көп қой. Тағы біреуін біле жүріңіз.  Плогинг деген Швециядан басталыпты.  Аяң жүгіріспен шұғылдана жүріп,   айналаңдағы қоқысты тазалайсың. Оны таспаға түсіріп жариялайсың.

«Мынау Көктел кентіндегі Бытығай көшесі. Мына жерде шашылып жатқан қоқыс жетеді. Егер осылай жүгіріп, тазалыққа атсалысамын десеңіздер маған қосылыңдар»  деп бастама көтерген Мархабатқа әзірге ешкім қосылған жоқ. Былайғы уақытта  үстеріне мұздай су құйып, бірі-біріне эстафета жасайтын әлеуметтік желінің белсенділері де тым-тырыс. Тіпті, бұл видеоны бөлісіп жатқандарда көп емес.  Блогер Алмас Тоқабаев мұның сырын өзінше топшылады.

Алмас Тоқабаев: «Мына қарындасымыздың бастамасы дұрыс. Бірақ қоқысты жинаудан гөрі, оны шашпау дегенді де  көтеру керек.  Бірақ бұл лайк жинайтын хайп тақырып емес. Сондықтан қоғамнан  қолдау аз болып жатыр менің ойымша. Жалпы, әлеуметтік желіде белсенділер өте көп. Егер жалғастырып жіберсе қоғам үшін өте пайдалы дүние.  Тұратын үйіңнің ауласы, подъезі, айналасынан бастап бәрі таза болса, өзің де, өзге де керемет емес пе?».

Мархабат Астанадағы спорт клубының бірінде жұмыс істейді. Бір баласы бар. Торғай өңірінің тумасы. Спортты серік еткеннен бе, Мархабат сөзге тұйық. Ол бұрыннан қоршаған ортаға ерекше жанашырлықпен қарайды екен. Бірақ  қоқыс жинаған сәтін фото, видеоға түсіріп жасандылық, көзбаяушылық жасамапты. Тек әлеуметтік желіден шетелдіктердің ұйымдастырған плогингін көрген соң осындай ой келген. «Жүгірумен бұрыннан айналысамын. Ауылда да, қалада да спортты тастаған емеспін.  Жүгіріп жүргенде қоқысты көргенде жолдан алып тастап, жинап жүретінмін. Ал плогингті көрген соң оны насихаттауды жөн көрдім. Парақшама салдым. Ол пайдалы деп ойлаймын», дейді Мархабат Әбілғазимова.

Өткен жылдары әлеуметтік желіде біздің шоу-бизнес өкілдері, журналистер, тіпті депутаттар да үстіне су құйып, көне суреттерін салған эстафета жасаған еді. Әу баста қайырымдылық мақсатында, сырқатқа шалдыққандарға қоғамның назарын аудару үшін   қолға алынған бастаманы көпшілік, әсіресе өнер жұлдыздары, белсенділер өздеріне атақ-абырой, лайк жинау үшін оны хаайпқа айналдырып, мағынасын бұрып жібереді. Ауыр дертке душар болған адамның жағдайы, болмаса отбасындағы  зорлық-зомбылық алдын-алуды көздеген шара тасада қалады.

Басқа материалдар

Back to top button