Министрлер мен депутаттар сүйіктілеріне не сыйлайды?

Бүгінде еліміздегі 500 мың кәсіпорынды әйелдер басқарады. Ал мемлекеттік қызметтегі нәзік жандардың үлес салмағы 50 пайыздан асады. Парламентте 33 әйел депутат бар. Осылай ер азаматтармен иық тіресіп, ат үстінде жүрген қыз-келіншектердің бәрі бірдей гүлді ұнатпайды. Ал шенеунік джентьлмендердің көбі 8 наурызда парфюм іздеп, жер-дүниені шарлайды екен. Артур Мағзомов депутаттар мен министрлерге әдеттен жырақ сұрақ қойып, мерекелік көңіл күйлерін біліп қайтты. Бұл туралы «Евразия» арнасы хабарлады.

Әдетте саяси тақырып, әлеуметтік мәселелерге қатысты толғақты мәселелерде журналистерден мүмкіндігінше сытылып кетуге тырысатын министрлер мен депутаттар мерекеде өзгерген. Жүздері жайдары, тілшілермен де сыпайы амандасып, сұрағымызға да асықпай жауап береді.

НҰРТАЙ САБИЛЬЯНОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Мен көбінесе парфюм дейміз, иіс су алуға тырысамын. Жылдағы дәстүр бізде. Қыздарым әлі мектеп жасында. Әйелге, анаға деген құрметті қашанда көрсете білуіміз керек».

Қашанда асығып, аптығып жүретін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовта арулардың мейрамында ерекше киініп алыпты. Ал қабағы қатулы жүретін, сұхбатты да сирек беретін қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов әскери саладағы қыз-келіншектердің сырын айтты.

СӘКЕН ЖАСҰЗАҚОВ – ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:»Әрбір әйел қандай сыйлықты жақсы көрсе, сондай сыйлықты жақсы көреді ғой. Әскери киімі болмаса, іші сондай ғой».

Парламент депутаттарының 27 пайызы нәзік жандар. Сенат пен Мәжілісті қосқанда 33 әйел бар екен. Сол 33-тің ішінде сөздің майын тамызып, мәнерлеп сөйлеп, арқырап жүретін Бақытгүл Хаменова дәстүрлі гүлден де басқа сыйлықты күтеді.

БАҚЫТГҮЛ ХАМЕНОВА — ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Барлық әйел сыйлықты жақсы көреді. Екі ұлым бар, дүниедегі жүрегімнің бөлшегі. Біреуі алты да, біреуі бесте. Олар мұрындары пысылдап өздері қолмен жасайды. Маған содан артық дүние жоқ. Екі ұлымның түнімен отырып, анама деп жазып қолмен қиып жасағандары ол сыйлықтың бағасында емес, сапасында».

Ал бірқатар депутаттар 8 наурызға жұбайына сыйлайтын сыйлықтарын құпия деп жасырып қалды.

БАХТИЯР МӘКЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Менің жоспарым біріншіден гүл сыйлау. Әрі қарай көреміз. Бір нәрсені өзі айтып жүрген. Көреміз соны. Пока секрет».
САПАР АХМЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Міндетті түрде гүл шоғын сыйлаймын. Бір кішігірім сыйлықтарым да болады. Ол өзімнің ішкі дүнием құпия десем болады».

Ал еліміздің бас дипломаты Қайрат Әбдірахманов осы мерекеде косметика мен иіс су іздеп шарқ ұрыпты.

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ – ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:»Косметика, парфюм әрқашан біздің джентьлменский наборға кіретін сыйлықтар».

Қанша жерден джентьлмен болса да, қандай сыйлық берсе де әйел еркектен қалағанын алады екен. Мерекелік құттықтауына астарлы әзіл араластырған Презиент әйел табиғатының ерекшелігін тілге тиек етті.

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:»Осыған орай жұрт әйел қаласа еркектен бәрін алады, тіпті фамилиясын алады. Әйелдерсіз күн көруге болады, бірақ көрген күнің күн болмайды» деген Қадыр ақын. Сіздер әрдайым ер-азаматтарға қолғанат болып, оларды үнемі қолдап келесіздер».

Танымал қыз-келіншектер арасында өзі-өзіне сыйлық жасайтындар да бар. Айман Мұсақожаева сүйікті шығармасын ойнап, ләззат алады екен.

АЙМАН МҰСАҚОЖАЕВА – ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ӨНЕР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ, ХАЛЫҚ ӘРТІСІ:»Скрипкада мен Чайковский мелодиясын ойнаймын.   Көктемнің гүлдері болса біз өте бақыттымыз».

Ірі сөйлейтін, кесек мінезді әскери депутат Абай Тасболатов әйелді сүю керек қағиданы ұстанады.

АБАЙ ТАСБОЛАТОВ — ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:»Ең бірінші сүю. Жақсы қарым-қатынасымыз болу керек. Жақсы көңіліміз болу керек. Содан кейін қолымыздан келгені гүл шоғы, тағы да жағдай болса беретіндерін береміз».

АРТУР МАҒЗОМОВ — ТІЛШІ: «Дәрігерлер мен полиция, одан соң журналистер осылай мереке күні жұмыста жүреміз. Жұрттың қуанышын, әйеліне не сыйлайтын сырын сұрап, елге жеткіземіз деп жүріп, өз отбасымызды бәрінің соңына қалдырамыз. Біздің үйде мереке енді басталады.

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*