Басты жаңалықтарҚоғам

Астаналықтар бес қабатты үйде көмір жағып отыр

Астанада көпқабатты үйде «көмір тасып, от жағады» дегенге  ешкім сенбейтін шығар.  Ешқандай әсірелеу емес, көзбен көрдік, тұрғындармен бетпе-бет тілдесіп, жанайқайын   тыңдадық.

20 жылдан аса осындай азапты көрген тұрғындардың шыдамы таусылыпты. Жуырда, Елорда әкімінің орынбасары Сергей Хорошунның есептік кездесуінде ашына сөйлеген «автоматикалықтардың» сөзі ел-жұрттың назарын аударды.

Астанада Автоматика деген  тұрғын үй алабының бар екенін де бұрын-соңды естімеппін. Сарыарқа ауданына қарасты мекенжайды іздеп қаланың маңын біраз шарладым.  Байырғы ақмолалықтар болмаса, былайғы жұртта көп білмейді екен. Астананың ең шеті деп жүрген аты шулы Лесозавод шағын ауданынан өтіп,  Көкшетау бағытындағы күре жолдың бойымен біраз   жүрген соң,  өндірістік аймақтың (промзона)  арасынан жалғыз үй көрінді. Сұйық отын қоймалары орналасқан, құрылыс жүріп жатқан төңіректен әдейілеп қарамаса, бұл жерде тұрғын үй барын ешкімде байқамайды. Жалғыз 24-ші автобус қатынайды екен. Қара темірден құрастырылған аялдамада әбден тозған. Үйдің сырты ыстан ба, төбеден сорғалаған қар мен жаңбыр суынан ба сарықожалақ.

 

 Бесінші қабаттан күл шығарып, отын тасиды

Автоматика ауылы кезінде сұйық отын қорын сақтайтын осы маңдағы бір кәсіпорынға тиесілі болыпты. Өткен ғасырдың 90-жылдарында мекеме тоқырау ұшырап жабылып қалған. Мүмкіндігі барлар көшіп кеткен, қалғаны «Ақмола  ел астанасы болады» деген жаңалыққа үміт артып, осы жерде тұрақтаған. Содан бері 22 жыл өтті. Жағдай жылдан-жылға нашарлап барады.  Әркім әліне қарай, біреу үй ішіне пеш салып алса, енді бірі қыс бойы электр пешін қосып жан бағуда. Көп қабатты үйде тұрады деген атағы болмаса, жер үйден айырмашылығы жоқ.  Ауыз суды да тұрғындар өз күшімен тартқызған.

 

Үш бала ыстан уланып қайтыс болды

Ал 71 жастағы Наухан Ғалиева бұл үйде қырық жылдан бері тұрады екен. Қыс бойы электр пешін жағып шығатын кейуана ай сайын жарыққа 40 мың теңге төлейді.   Бұл зейнеткердің қалтасына ауыртпалық түсіретіндіктен, екі мезгіл асын газ баллонының көмегімен дайындайтын әжей жанын шүберекке түйіп отырады.  Себебі, осыдан тура 8 жыл бұрын осы тұрғын үйде пештен ақау шығып,  бір отбасынан үш адам өртеніп кеткен. Ал екі жыл бұрын үш бала ыстан уланып қайтыс болыпты.

Автоматика ауылындағы жалғыз үйде тек қариялар емес, жас отбасыларда бар.   Балаларды мектепке, балабақша апару үшін Лесозаводқа қатынайды.  Желдің өтіндегі жалғыз тұрғын үйден жолға шығып, қалаға жету қиямет қайым.

Бұл үйдегі тұрғындарды қинайтын тек жылу емес! Жаз басталса болды, жаңбыр суы шұрық-тесік шатырдан төмен сорғалап, жөндеулі пәтердің астаң-кестеңін шығарады екен.

Тұрғын үйдің айналасы, тіпті бірінші қабаттағы балконның асты да көмір қораға айналған. Ғимараттың қабырғасында жағалай  түтін мұржасы.

«Мамонттар секілді қатып қалармыз бір күні»

Автоматика ауылында 6 үй, балабақша мен азық-түлік дүкені болған. Тозығы жеткен екі қабатты 5 ғимарат  сүріліп, баспана иелері былтыр қалаға жаңа қонысқа көшіріліпті. Қалған тұрғындар қазір күнделікті тамақты да қаладан тасуға мәжбүр. Себебі, бір үйдегі 40 пәтерге бола ешкімнің сауда нүктесін ашуға құлқы жоқ. Ал бес қабатты нысанды қала басшылығы апатты деп таппаған. Сондықтан нысанды сүріп тастауға негіз жоқ екен. Бір қызығы, 22 жыл жылусыз, сусыз отырған баспананы тексерген комиссия «жылу құбырының 80 пайызы тозған» деген қорытынды жасапты. Баспана иелері бұған жағасын ұстап отыр. Пеш жағып отырған пәтерлердегі қандай құбырды есепке алғанын білмей аң-таң.

Елорда басшылығы бұл үйдің проблемасымен жақын таныс. Талай табалдырықты тоздырып, «мамонттар секілді қатып қалғанша  ешкімге керек емеспіз бе» деп ашына сөйлеген тұрғындарға   қала әкімінің орынбасары бұл жолы тағы да уәде беріп құтылды. «Бұл бес қабатты тұрғын үй ДСК панелінен тұрғызылған. Конструкциялар бойынша тұжырымдамаға сәйкес мәселе туындамады. Бірақ, Сіз өтініш айтып отырғандықтан, келесі аптада өзім шығып аудандық әкімдікпен және тұрғын үй инспекциясымен барамын. Мәселені шешуге тырысамын», — деп сендірді Сергей Хорошун.

 

Артур Орынғалиұлы

Басқа материалдар

Back to top button