Басты жаңалықтарМәдениет

«Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?…»

Қалың ел  62 жасына қараған шағында өмірден озған Рақымжан Отарбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Жазушы-драматургпен қоштасу рәсімі туған жері Атырауда өтті. Дарынды қаламгердің жерлеуіне алыс-жақын шетелдегі руханият өкілдері де түгел жиналды.  Бұл туралы «Евразия» арнасы хабарлады.

 

«Тағы бір таң атты. Кімдерді қуантады екен?…». Оның әрбір шығармасы осындай ерекше сөйлеммен басталатын. Алайда, ақпанның тағы бір таңы Рақымжансыз атты.

ОҢАЙГҮЛ ТҰРЖАН — АҚЫН:»Әрбір тұлға кеткен сайын рухани әлемді рухани дағдарысқа ұшыратады».

Иә, қазақ әдебиеті, драматургиясы да тау тұлғадан айырылды. Бітімі бөлек, көркем сөздің суреткері Рақымжан Отарбаев Әбіш Кекілбаев өмірден өткенде қаймана қазақты жұбатып еді.

РАҚЫМЖАН ОТАРБАЕВ – ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ:»Айналайын ел-жұрт, қалың қазақ қабырғамыз қайысып, алдымен сіздерге көңіл айтамыз. 6 19 Әттең біздің қоғам, кейде ойлайсың, осындай ұлы тұлғаларды, ұлық дарындарды сатпайтын, сатылмайтын мемлекеттік байлықтың есебіне қоспай-ақ қойды ғой».

Енді бүгін, қалың ел Рақымжанды жоқтап жатыр. Дарынды драматургтың соңғы сапарына әрісі алыс-жақын шетелден, берісі Астана мен Алматыдан азалы сөзін арнап жеткен жұртта есеп жоқ.

МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ, ҚАЛАМГЕР:»Рақымжанның ерте кеткеніне қатты өкінеміз. Оның ішінде талай талантты дүниелер, жаңа шығармалар кетті. Қазақ әдебиеті осы жағынан қатты күйзеліске ұшырап отыр».

Сәби шағында анасынан айырылып, балалықпен ерте қоштасқан Рақымжан Отарбаевтың қаламынан туған шығармалар бүгінде бірнеше тілге аударылып, әлемдік руханияттың төрінен орын алды. Атырау топырағынан түлеген талант иесінің қалымынан әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Шыңғыс ханның көзі жасы» сынды шоқтығы биік шығармалар туды. «Бейбарыс сұлтан», «Актриса», «Бас», «Нашақор» атты туындылары қазақ, қырғыз театрларының маусым ашар таңдаулы репертуарынан түскен емес.

АСАНӘЛІ ӘШІМОВ- ХАЛЫҚ ӘРТІСІ:»Рақымжанның прозадағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамайтын. Халық сыйлады оны. Рақымжанның екінші өмірі басталды. Оның есімі алтын әріппен тарихқа жазылады. Менің мәңгі жүрегімде».

Рақымжан Отарбаев шығармашылықпен бірге әртүрлі лауазымды қызметтерді қатар алып жүрді. Қырғызстандағы қазақ елшілігінде, еліміздің Президент әкімшілігінде жауапты міндеттерді атқарып, Астанадағы Ұлттық кітапхананы басқарды. Журналистика саласында да қолтаңбасы бар. Атырау облыстық театрын басқарды. Келбеті қатал көрінгенімен, жаны жұмсақ жазушы жанындағылар жайлы жақсы естелік көп айтатын.

РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВ – ЖАЗУШЫ, ДРАМАТУРГ:»Апайды көбі қатты адам деп есептейді. Бірақ ол кісі мынау қатыгездеу қоғамнан, соған лайық адамдардан өзінің жасаған қорғанышы еді ғой. Іші ылжырап тұрған адам еді».

Келместің кемесіне мінген кесек тұлға енді өзі де естелікке айналды. Мемлекеттік сыйлық алмаса да, мағыналы ғұмыр кешті. Замандастары «классик» деп бағалады.

Артур Мағзомов

Басқа материалдар

Back to top button