Басты жаңалықтарҚоғам

Астанада төртінші аудан ашылады

Астана  тұрғындарының  күрт көбеюіне байланысты енді елордада Сарыарқа, Алматы, Есіл аудандарынан бөлек тағы бір әкімшілік аумақ құрылмақ.

Елордалықтардың  саны қазір 1 млн, 20 мыңнан асса, алдағы екі жылда тағы екі жүз мыңға көбеюі мүмкін деген болжам бар. Сондықтан қаланың іргесіндегі елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселесі туындап отыр.  Бұл түйткілді шешу үшін Астана билігі төртінші аудан ашуды жоспарлап отыр. Жаңа әкімшілік аумаққа Сарыарқа мен Алматы аудандарының бір бөлігі  қосылады.

«Халық көп келіп жатыр Астанаға. Әсіресе жас отбасылар баршылық. Бес-алты жылдан кейін тағы бір аудан ашылса да артық емес. Астананың деңгейі жоғарылып келеді»,- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен.

Алайда, тұрғындар әлі бұл жаңалықтан бейхабар екен. Бірақ бастаманы қолдап отыр. Өйткені, Астана іргесіндегі кенттерде түйткіл көп. Бір құжат үшін аудан әкімдігіне баруға қыруар уақытым кетеді дейді.

« Өз алдына аудан болып құрылғаны жақсы болар еді. Әлеуметтік сұрақ көп. Мәселен, емхана жағы қиын. Көп қабатты үйдің астында шағын амбулатория бар. Айналдырған 7-8 кабинеттің тең жартысы істемейді. Үлкен де, бала да қатар қаралады. Қолайсыз» ,-дейді қала тұрғыны Айгүл есімді келіншек.

Егер жаңа аудан құрыылса  оның құрамындағы 50 көше жөнделіп, 80 көшеге электр жарығы тартылмақ. Бұдан бөлек, мәдениет үйі, емхана секілді бірқатар әлеуметтік нысан салынып, елорданың сиқын бұзып тұрған аймақтың сәні кіреді. Алайда оның атауына қатысты пікір талас бар. Астана мәслихаты «Байқоңыр» деген атауға қолдау білдіріпті. Бұл ұсынысқа қатысты Парламент депутаттарының да айтары бар.

«Осы елдің азаматшасы ретіндегі пікірім, қазақта, елімізде, атымен де затымен де  танылған батыр билеріміз, ел аналарымыз, жалпы біздің тәуелсіздігімізбен қатар келген тағылымды дүниелеріміз өте көп деп ойлаймын. Байқоңыр әрине, ғарыш айлағы, дегенмен  ел есінде қалған  атауды қойған дұрыс деп ойлаймын» деген пікірін жеткізді Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова.

Алайда, тұрғындар бізге жаңа ауданның атауы маңызды емес, ең бастысы дұрыс жұмыс істесе екен деп отыр.

Жаңа құрылатын ауданның құрамына ел аузында «Лесозавод» аталып кеткен  Астана іргесіндегі қамыс-қоғаның арасында жатқан Өндіріс, Железнодорожный тұрғын алабы кіреді  екен. Сонымен қатар, Ақмола облысы  Шортанды ауданының бір бөлігі қосылады деген жоспар бар. Ал оның әкімшілік аумағы мен атауы жайлы нақты шешім қабылданған жоқ. Оның атауына қатысты мәселені ономостикалық комиссия қарайды. Байқоңырдан бөлек, Қорғалжын, Тәуелсіздік деген нұсқаларда ұсынылыпты.

Басқа материалдар

Back to top button