Өгей ана бозбаланы пышақтады

Маңғыстау облысында жантүршігерлік оқиға болды. Жасөспірім баланы өгей анасы пышақтап өлтірген.

Күйеуімен дәм тұзы жараспаған Кәмшат Қожақова  2004 жылы ажырасып, екінші рет тұрмысқа шыққан. Барған жерінде жағдайы болмаған соң ұлы Нұрсұлтанды  әкесіне қалдырып кетіпті.

Марқұм Нұрсұлтанның анасы Камшат Қожақованың айтуынша, баланы әжесі алып қалған екен.

Әжесінің жанында қалған Нұрсұлтанның жағдайы әкесі екінші рет үйленген соң қиындай бастаған. Талай рет үйден қашып, өз анасына барған. Өгей шешесі Тұрсынай оны құлша жұмсапты.

Суретте Камшат Қожақова, марқұм Нұрсұлтанның анасы

«Әкем таңертең кетіп бара жатқанда бірге жеймін, одан соң күндіз су ішіп жүре беремін дейді балам. Қарны ашқанда тоңазытқыштан  нан ұрлап жепті.  Күні бойы үй тазалап, балалардың боғын жуыпты. Өз кірін түнде жуып, кептірместен таңертең киіп алады екен» деп марқұм Нұрсұлтанның анасы Камшат Қожақова егіліп отыр.

Ал мектеп басшылығы Нұрсұлтанның тәртібі жақсы болды дейді.

«Ол бала өте тәртіпті бала болды. Шынын айту керек, сабаққа шамалы болды. 3-4 деген бағалары болды. Бірақ, басқа біреумен ерегесу, сыныптастармен келіспеушілік,   теріс қылықтары мүлде болған жоқ» ,- дейді Атамекен орта мектебінің директоры Шоқан Жаулиев.

Талай жыл өгей шешесінен зәбір көрген бозбала соңғы кезде оларға қарсылық танытуды шығарған. 8 қаңтар күні әскери комиссариатқа  бара жатқан Нұрсұлтанға өгей анасы үйдің шаруасын бітіріп кетуін талап еткен. Сол жерде екеуі сөзге келіп, соңы қайғылы оқиғамен аяқталды.

«Баланың 20 жері пышақталған. Көзіммен көргенім, баланың кеуде тұсына пышақ кіргенін көрдім. Содан мені ағаш үйден шығарды, өкіріп жылаған соң.   Әкем кіріп қарағанда арқасының сау тамтығы жоқ дейді баланың» дейді анасы Камшат Қожақова.

Қазір осы оқиға бойынша тергеу басталған. Өгей шеше Тұрсынай уақытша қамау абақтысында отыр. Ал баласын қорғай алмаған Нұрсұлтанның әкесі әзірге ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

 

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*