Басты жаңалықтарМәдениет

Үкіметке үшбу хат

«Қазақ фильм» шетелдіктердің қолына өтсе ұлттық код, тегізімізді насихаттау мүмкіндігінен  айырыламыз. Мәжіліс депутаттары осындай  мәселе көтеріп, Үкімет басшысына сауал жолдады.

Тарихи сабақтастықтың жібін үзбей бірнеше буынды тәрбиелеп, түлеткен «Қазақ фильмнің» тағдыры бүгінде талайды толғандырып отыр. Себебі рухани кешен жекешелендіруге берілмек.  Дабыл қаққан Мәжілістегі мәдениеттің жанашырлары  Қазақфильмнің тұрған жеріне  әлдекімдер көз салып отыр деп алаңдайды.

«Қазақ фильм киностудиясын алатын адам кино өндірісімен шұғылданбайтыны беседен белгілі. Өйткен ол таяу жылдарда коммерциялық пайда бере алмайды. Әйгілі Голивудтің, бізге жақын Мосфильмнің дәрежесіне жетуге жылдар мен қыруар қаржы керек. Сірә оның тұрған жері мен ғимараты қызықтырып тұрса керек. Ал шетелдіктердің қолына тисе біз ұлттық кинодан, Елбасы айтқан ұлттық код, тегізімізді насихаттау мүмкіндігінен айырыламыз» , дейді депутат Қуаныш Сұлтанов.

Үкіметке жолданған үшбу хатта депутаттар «Қазақ фильмді» жекешелендіруге берілетін  нысандар тізімінен шығаруды өтініп отыр. Ал Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы  кино кешені жекеге сатылғанның өзінде акциясының 51 пайызы мемлекет еншісіне қалады деп түсіндірді. Бір айта кетерлігі қазақстандықтар ала ма, әлде шетелдіктердің қолына өте ме, ол  жағынан шектеу жоқ екен.

«Ондай шектеулер жоқ. Қазақстандық, шетелдік деген жоқ  Келген инвестор болсын немесе біздің азаматтарға ең бірінші кино саласынан басқа қызметті атқаруға рұқсат берілмейді. Мен ойлаймын, ондай жағдайға біз жетпейміз» , деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. .

Ал «Қазақ фильмді» ұлттық руханияттың алтын ордасы деп баға берген Талғат Теменов бұл нысанға әзірге шетелдіктердің көз салмайтынына сенімді. Тек мемлекеттің қазіргі бөлген қаржысынан да көбірек ақша салатын қалталы қазақ табылса екен деп тілеп отыр. Сонда «Қазақ фильм» қазіргіден де қарыштайды деген үміті бар.

«Әңгіме кімнің алуына байланысты. Егер өнерге жаны ашитын, мәдениетке жаны ашитын, қазақ халқына жаны ашитын адам болса соған ақшасын салса әрине, «Қазақ фильм» көркейеді.  Екіншіден,  мен сол шетелдің азаматы оны сатып алады дегенге сенбеймін. Өйткені бұл мұнай емес», деп түйіндеді Талғат Теменов.

Мәдениет министрінің айтуынша, Қазақ фильм жекешелендірілетін нысандар тізіміне осыдан 4-5 жыл бұрын енгізілген. Содан бері сатып алатын адам табылмапты.  Ал оның 49 пайыз акциясының қанша тұратынын Қаржы министрлігінің жанынандағы тәуелсіз комиссия ғана анықтайды.

Басқа материалдар

Back to top button