Басты жаңалықтарҚоғам

Қазақстандық ғалым қаңғыбастар үйін паналап жүр (видео)

Туған ұлы мен қызы өзінен теріс айналған физика-математика ғылымдарының кандидаты қаңғыбастар үйін паналап жүр. Жетпісті алқымдаған ақсақал екі балама масыл болмаудың бірден бір жолы осы дейді. Әуелгіде қалада жалғыз тұрып келген қарияны бұзақылар көшеде оңдырмай сабап, бар құжатын тартып алыпты. Осыдан соң бейімдеу орталығынан басқа барар жерінің болмағанын айтады. Ал, жоғары білімі бар ұлы мен қызы есіктерін тарс жапқан. Бұл туралы «Еуразия» телеарнасы көрсетті.

ГҮЛНӘЗИЯ МЕЙІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ: «180 адамға арналған бейімдеу орталығындағы Сапарбай Арынның орны осы төсек. Бір жарым айда дәл осы жерде өзін түсінер достары көбейгенін айтады. Зейнетақым қалтамда, маған отбасының да керегі шамалы деп отыр қария».

Өйткені, жетпісті алқымдаған ақсақалдың іздеушісі жоқ. Жоқ емес. Бар. Тек оларға керек емеспін дейді. Бейімдеу орталығында құлағы тыныш, ұл қызына масыл болғысы келмепті. Бірнеше жылдан бері Алматының қақ ортасында пәтер жалдап келген. Бірақ, бұзақылардан таяқ жеп, қабырғасы сынған қария ауруханада екі ай жатыпты. Амалы таусылған соң қаңғыбастар үйін паналауға мәжбүр болған.

САПАРБАЙ АРЫНОВ, ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: «Жеке куәлік алдым.  Осында қызметкерлер. көмектесті. Қазір пенсия алатын картам да қалтамда».

Сапарбай Арынов Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің физика факультетінің түлегі. Ядролық физика институтында ғылым кандидаты атағын алыпты. Бірақ, әйелімен ажырасқан соң ешкімге сыймағанын айтады. Бұл жерде де өзгелер секілді құр жатқан жоқ ақсақал. Физика ілімін қазақшаға аударып жүрген көрінеді.

САПАРБАЙ АРЫНОВ, ФИЗИКА-МАТЕМАТИКА ҒЫЛЫМЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: «Баяғы программа бойынша жақсы кітап. Құндылығы артық. Солардан іріктеп алып, қазақшаға аударып, шығаруын келтіріп. Жалпы көмекші, жалпы физика пәні мектепте өте нашар беріледі».

Бейімдеу орталығының басшылары қариянының кітапханадан шықпайтынын айтады. Арақтың құрбаны емес дейді. Орталықта 180 қаңғыбас болса, білімділігімен ерекшенеді екен. Бірақ, қазақ зиялысының осындай күйге түсуіне таң қалмады. Тірісінде қадірін білмейді жастар деп күрсінді.

ҚАЗБЕК ЖЫЛҚЫБЕКОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ол кісіні іздеп келген адам жоқ. Ол кісінің барлық құжаттары бар. Ұлы, қызы бар. 1995 жылы сөзі бойынша отбасымен ажырасқан. Бірақ ұлына өзі барып жүр қайта қайта».

Ақсақалдың Физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын иеленгенін Ядролық физика институты да растады. Бірақ, ішімдікке бейім болып, жұмысынан да, отбасынан да айырылғанын айтты. Бір кездері бірнеше шәкірт тәрбиелеп, аспиранттан лаборатория меңгерушісіне дейін өскен әріптесіне өкінішін білдірді.

НАСУРЛЛА БҮРТЕБАЕВ, ЯДРОЛЫҚ ФИЗИКА ИНСТИТУТЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Оның жұмысының негізгі бағыты жер нейтрондарын, жер мәселесін зерттеу болатын. Ол экперименттерді біздің ядролық реактивте жасады. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты болашақ ядролық технология мен ядролық реактивтерді қажетті конструкциялық материалдардың қасиеттерін зерттеу еді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде кандидаттығын қорғады».

Бейімдеу орталығындағылар физик іздеп шарқ ұрған мамандар бір көмегін берер деген үмітте. Өйткені, Сапарбай ақсақал бала-шағасына керек емес. Оның бар арманы қаңғыбастар ортасында зерттеп жатқан кітабын қариялар үйінде тәмәмдау. Бірақ, қарттар үйіне бару үшін туғандары одан бас тарту керек екен.

Басқа материалдар

Back to top button