Басты жаңалықтарСаясат

Қазақша сұраққа орысша жауап берген шенеунікке депутаттар қатты шүйлікті

Бүгін Мәжілісте депутаттар Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары  Алан Әжібаевқа «мемлекеттік тілді менсінбей отырсыз» деп  шүйлікті. (видео)

Мәжілістің жыл жабар жиынында   «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигiзетiн ақпараттан қорғау туралы» заң жобасы талқыланды.  Депутат Бекболат Тілеухан отбасылық құндылық пен ұлттық дәстүрге қарсы үгіттейтін дүниелерді эфирге беруге шектеу қоюды ұсынды.

«Заң жобасы бойынша қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа құрылған, балалардың өмiрiне қатер төндiретiн iс-әрекетке, сондай-ақ, суицидке итермелейтiн, порнографиялық және арнайы сексуалды-эротикалық сипаттар мен көрiнiстердi қамтитын ақпараттық өнiмдерге тыйым салу қарастырылып отыр. Әсiресе, бiздiң елде суицид мәселесiн қатты ойлану керек. Мұнымен бiрге, отбасы институтын жоққа шығаратын және ұлттық дәстүрлерге қарсы үгiттейтiн ақпараттар да балаларға зиянды деп танылған. Телеарналар осындай ақпараттық өнiмдi сәйкестендерiлген таңбамен белгілеп қана эфирге таратуы тиiс»,-  деді депутат.

 

Депутаттар осы заң жобасына қатысты бірқатар ұсыныс айтып, түрлі мәселені қозғады. Мәселен, Сауытбек Абдрахманов балаларды жұбату үшін телефон,гаджеттерді берудің қауіптілігін көтерді. Алайда, қазақша сұраққа орысша жауап берген Ақпарат және коммуникациялар министрінің орынбасары Алан Әжібаев депутаттардан ескерту алды.

( Суретте ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі)

«Вице-министрге мен айтар едім. Індеттен құтылып, міндетке көшу керек. Бағанадан бері Бекболат Қанайұлының қазақ тілінде жасаған баяндамасын тыңдап отырмыз. Бірақ, өкінішке орай, ақпарат және коммуникация вице-министрі барлық сауалдарға орысша жауап беруді жөн көріп отыр. Бұл мемлекеттік тілді менсінбеу. Бұл, әсіресе, Мәдениет, Ақпарат министрліктеріне қатысты болып отыр»,- деді депутат Бақытбек Смағұл.

 

Басқа материалдар

Back to top button