Білім

Қазақстан мен Швейцарияның білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығының жаңа белестері

Үстіміздегі жылғы 6-8 қыркүйекте Швейцария Білім, зерттеулер және инновациялар жөніндегі мемлекеттік хатшысы Мауро Дель Амброджио Қазақстанға іссапармен келді.

Мемлекеттік хатшы сапар барысында ЭКСПО-2017-дегі швейцариялық павильонында өткен «Тичино күндеріне» қатысты, Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевпен, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ және қазақстандық жоғары оқу орындары басшылығымен кездесті.

Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевпен кездесуде екі жақты ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту, атап айтқанда кәсіби-техникалық білім саласындағы мәселелері талқыланды. Швейцария тарапы қосарлы білім беру тәжірибесімен бөлісуге және екі ел университеттері деңгейінде тығыз өзара әрекет етуді жөнге салуға дайын екендігін білдірді. Тараптар бірлескен бағдарламаларды және студенттерді, сондай-ақ оқытушыларды алмасуды іске асыру мүмкіндігін қарастыруға келісті.

Кездесу нәтижесі бойынша екі елдің білім беру мекемелері басшыларының бірлескен мәлімдемесіне қол қойылды. Көрсетілген құжат тараптардың инновациялар мен технологиялар саласында алмасуды жөнге салуды, сондай-ақ Қазақстан мен Швейцария ғылыми топтары арасында өзара әрекет етуді нығайту ниетін көздейді. Мәлімдемеге сәйкес «тараптар ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы халықаралық ынтымақтастық тұрақты әлеуметтік ілгерілеу мен экономикалық дамуды қамтамасыз етуге ықпал етіп, стратегиялық маңызға ие екеніне ортақ сенім білдірді».

Швейцария Дүниежүзілік экономикалық форумның халықаралық бәсекеге жарамдылықтың рейтингінде (Global Competitiveness Index 2016–2017) және Жаһандық инновациялар индексінде (The Global Innovation Index 2017) 1-орын алатынын атап өту керек. Осында маңызды рөлді өнеркәсіптің негізгі салаларында тиімді әрекет ететін ашық институттар мен инновациялық қозғаушы күш атқарады.

Басқа материалдар

Back to top button