Референдумда 11 өңір халқы жақтап дауыс берсе Конституцияға өзгеріс енгізіледі

5 маусымда өтетін республикалық референдум кезінде 17 өңірдің 11-і Конституцияға енгізілетін өзгерістерді жақтаса, онда оң шешім қабылданады. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Референдумға 1 ғана мәеле шығарылады, яғни Конституцияға түзетулер енгізу. Егер 11 өңірдегі халықтың көпшілігі жақтап дауыс берсе, онда түзетулер қабылданды деп есептеледі. Егер бұл көрсеткішке қол жеткізілмесе, онда түзетулер қабылданбайды. Неліктен 11 қала? Түсіндіріп өтейін. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң бойынша референдумға шығарылатын мәселеге қатысушы өңірлер (облыстар, республикалық маңызы бар қалалар) азаматтарының кемінде үштен екісі жақтап дауыс берсе, онда шешім қабылданады», — деді Алма Мұқанова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Бүгінде елімізде 17 өңір бар. «Айта кетейін, жаңа 3 облысты (Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары) құру туралы жарлық биыл 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі. Ал референдум 5 маусымда өтеді. Осылайша 17 өңірдің үштен екісі – 11 өңірді құрайды. Конституцияға түзетулерді енгізу туралы шешім қабылдау толығымен халықтың еркіне беріліп отыр», — дейді ол.

Еске сала кетейік, биыл 5 маусымда ҚР Конституциясына бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізу бойынша республикалық референдум өтеді.

ФОТО: Ашық дереккөз

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*