Басты жаңалықтарҚоғам

Елбасы Қарағанды облысындағы оқиғадан хабардар

Бұл туралы Дариға Назарбаева журналистерге мәлімдеді. Сенаттың жалпы отырысынан соң депутат кеншілердің ереуіліне байланысты тілшілердің сұрағына жауап берді.

«Мемлекет басшысы елде болып жатқан барлық жағдайдан хабардар. Әсіресе, Қарағанды облысындағы оқиға оның жіті назарында.  Бұл өңір оған өте ыстық. Дегенмен,  «Арселор Миттал»  басшылығының бұл мәселені  реттей алмай, ушықтырып жібергені  өкінішті»,-деді Дариға Назарбаева.

Сенатор кеншілердің еңбекақыны көтеру туралы  талабына қатысты да пікірін білдірді.

«Кеншілердің айлықты өсіру туралы ұсыныстары бұған дейін де көтерілген. Әрине, олардың жұмысы өте ауыр. Әр күні өмірлерін қатерге тігеді. Осы кен орындары арқылы қаншама отбасы жан бағып отыр.  Қазір кеншілер еңбекақыны 100 пайызға дейін өсіру туралы талап қойып отыр. Ол үшін алдымен жұмыс беруші компанияның экономикалық жағдайында ескеру керек.Әзірге «АрселорМиттал»  өзінің әл-ауқаты туралы ақпараттарды жарияламай отыр. Жалақыны 10 пайызға көтеруге мүмкіндігі бар ма, жоқ па, бізге беймәлім»,- деді Сенат депутаты

Сондай-ақ, Дариға Назарбаева «АрселорМитталдың»  өз жұмысшыларын сотқа беріп жатқанына қатысты да көзқарасын айтып, қазақстандықтардың  заңды білмейтінін, құқығын қорғай алмайтындығын тілге тиек етті.

 «Екі тараптың да сотқа беруіне құқығы бар.  Көптеген қазақстандықтан заңдарды білмейді. Өздерінің құқығын білмейді. Соның салдарынан осындай оқиғалар туындай береді. Ол жағынан бәріміз жалқаумыз», дейді сенатор.

Еске салайық, 11 желтоқсаннан Қарағанды облысындағы кеншілер еңбектерінің дұрыс бағаланбайтынын айтып наразылық білдіруде. Тіпті жер астынан көтерілмей, еңбекақыны екі есеге өсіру туралы талап қойған болатын.

Басқа материалдар

Back to top button