Бірде-бір депутат кеншілер мәселесін көтермеді

Қарағанды облысында ереуілге шыққан кеншілер үшінші тәулік дегенде жер бетіне көтеріле бастады. Қазіргі сәтте 150-ден астам жұмысшы шахтаны тастап шығуға келісім берген. Аймақ басшысының өзі шахтаға түсіп, олармен келіссіөз жүргізуге мәжбүр болды. Ал парламентарилер болса, халықты эмоцияға бой алдырмауға шақырады. Бұл туралы «Евразия» арнасы хабарлады.

 

Кейбір мәліметтер бойынша 400-ден астам, ал кей деректерде тіпті 700-ге жуық кеншінің жұмыс берушілер алдына қойып отырған талаптары біреу ғана. Олардың еңбектерінің тиісті деңгейде бағалануы.

«Ең біріншіден, еңбекақыны екі есе көбейту. Қазір ондағы ең төменгі жалақы 208 мың, ал ең көбі – 326 мың теңгені құрайды. Екіншіден, денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болған жағдайда, жалақыны қысқартпау. Үшіншіден, 50 жасқа келгенде зейнетке шығару. Сондай-ақ, кеншiлерге арналған «Шахтер» сауықтыру кешенiн қайтару».

Наразылық білдіріп отырған кеншілердің барлығы «Арселлор миттал Темртау» кәсіпорнына тиесілі. Компанияның еншісінде 8 шахта бар. Осылайша, жиынтығы 400-ден астам кенші осы кен орындарынан  шықпай отыр. Облыс әкімі Ерлан Қошанов  осы түнде шахталарды аралап, кеншілерді жер бетіне шығару үшін келіссіөз жүргізді. Ал Астанада кеншілердің мәселесіне байланысты Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин пікір білдірді

 

НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Қазіргі таңда аталған мәселеге байланысты жұмыс берушілер мен кеншілер, кәсіподақтар арасында диалог жүріп жатыр. сондықтан, бұл жерде эмоцияға берілу қажет емес. Тиісті шешімді күтейік».

Ел ішіндегі өзекті мәселеге үш күн өтсе де, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бірде бір депутат осыған қатысты сауал жолдамады. Тек Комунистік партия төрағасы Владислав Косарев Үкімет тиісті заң қабылдаса да, тәсілдерін тиімді қолдануды білмейді. Мәселе осыдан туындап отыр, дейді.

 

ВЛАДИСЛАВ КОСАРЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бұл туралы биліктің өзінен сұрау керек. Ал жалпы, біздің елде түрлі дау-дамайлармен шиеленістерді шешуға бағытталған заңнама барынша сауатты әзірленген. Сондықтан, оны тиімді пайдалана білуіміз керек».

Қазiр 8 шахтадан жұмыскерлердiң 32 өкiлi жұмыс берушiмен кездесiп түрлі келiссөздер жүргiзуде.

ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: « Жұмыс берушi мен жұмыскерлер арасында келiссөздер басталды. Қарағанды облысының әкiмшiлiгi, Еңбек инспекциясы мен басқа да құқық қорғау органдарының барлығы сонда. Қажеттi мониторинг жасалып жатыр. Жұмыс берушi мен жұмыскерлер арасындағы келiссөздер бiткеннен кейiн олардың қандай келiсiмге келгенi жөнiнде бiз қосымша ақпарат беремiз».

Бейбіт түрде наразылық білдірген кеншілерге қатысты Ішкі істер министрлігі әзірге оң баға беріп отыр. Осы күнге дейін бірде бір қоғамдық тәртіп бұзылмаған. Осы ретте құзырлы органдар халықты арандатудан аулақ болуға шақырып, теріс ақпарат таратпауды ескертті.

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*