Даниал Ахметов неге шүйлікті?

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов коронавирусқа қарсы тест тапшылығы мен ұзынсонар кезек қалыптасуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды sputnik.kz.

Семей қаласына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы ПТР-зертханалардың құрылысымен танысқан болатын. Сол жерде әкім қазіргі зертханалардың жұмысына баға берді.

«Өкінішке қарай, жекеменшік ПТР-зертханалардың сапасыз жұмыс жасауы мен мерзімді бұзу фактілері бар. Сынама нәтижелері 24 сағат емес, 30 күннен артық уақыт жасалады. Содан дәрігерлер мен тұрғындар тарапынан сын-ескертпелер айтылуда. Бұның барлығы әділ әрі орынды», – деді Ахметов.

Оның айтуынша, қосымша 5 ПТР-зертхананы сатып алуға шешім қабылданды.

Олар мемлекеттік ұйымдарда ашылады. Атап айтқанда, 10 қарашада күніне мың сынама алатын бір зертхана Семей қаласындағы жедел медициналық жәрдем қызметінің ауруханасында өз жұмысын бастайды. Тура сондай кешен 20 қараша күні №2 инфекциялық ауруханада ашылады. Ал Өскемен қаласында қосымша ПТР-зертхана қарашаның ортасында пульмонологиялық орталықта халықты қабылдауды бастайды. Осы орталық Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылығында орналасқан.

«Біз ондай шектен тыс тәртіпсіздікке шыдай алмаймыз. Себебі жекеменшік зертханалар қазіргі мүмкіндігіне қарамастан, ұзынсонар кезек жиналуына жол берді. Сондай-ақ, тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жұмысы да тиімсіз жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Сол зертханаларға лицензия берген, бірақ бақылау мүлдем жүргізілмейді», – деп атап көрсетті Ахметов.

Оқи отырыңыз: Полиция бөліміндегі адам өлімі: Даниал Ахметов ауыл тұрғындарымен кездесті

Айта кетейік, 2 қарашада әлеуметтік желілерде Семей мен Өскемен қаласындағы ПТР-зертханаларда ұзынсонар кезекте тұрған видеосы тараған болатын. Облыстан шығатын адамдардың барлығы жаппай тест тапсыруға кірісті. Себебі санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, Шығыс Қазасқтан облысынан тек ПТР-тесттің теріс нәтижесі бар адамдарды ғана шығаруға рұқсат бар.

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*