Дәрі-дәрмек қымбаттаса, Біртанов басымен жауап береді

Егер дәрі-дәрмек бағасына байланысты тағы заңсыздықтарға жол берілсе, енді  Біртанов басымен жауап береді.   Бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты қабылдаған Президент осылай деп тапсырма берді.

Нұрсұлтан Назарбаев  әсіресе, фармацевтика саласындағы сыбайластық пен дәрі-дәрмектің бағасын реттеу мәселелесіне тоқталды. Елбасының тапсырмасымен жүргізілген тексеру шараларының нәтижесінде 5 облыстың денсаулық сақтау басқарасының басшылары ұсталып, жауапқа тартылуда. Олар дәрі-дәрмек тасымалын ұйымдастыру, науқастарға квота бөлу, жұмыспен қамтуда сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін айыпталып отыр.

Кездесуде Мемлекет басшысы халық арасында салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтануды насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.  Ал   Елжан Біртанов  аурудың 50 түрі бойынша  2,5 млн адамға тегін дәрі берілетінін мәлімдеді.

«Сіздің араласуыңызбен біз барлығын анықтап, ретке келтіруді қолға алдық» деп  есеп берген министрдің сөзін Елбасы бөліп тастады.

-Бұл жерге мен неге араласуым керек. Тиісті министрлік бар, тәртіп бар емес пе? Олар неғылған ұялмайтын  адамдар. Мемлекет   науқастардың қамы үшін дәріге қыруар қаржы бөліп отыр. Ал олар отандық фармацевтикалық өнімдерді алмай, тасымалдаушыларман сыбайласып шетелден дәрі сатып,  бағаны қолдан қымбаттатып отыр. Қазір тиісті шаралардың нәтижесінде дәрі-дәрмектің бағасы арзандады. Егер осындай жағдайлар қайталанса алдымен өзің басыңмен жауап бересің,- деді Президент.

Фото akorda.kz сайтынан алынды.

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*