Әнші, композитор Гүлнәр Даукенова қайтыс болды

Белгілі әнші, композитор Гүлнәр Даукенова өмірден өтті, деп хабарлайды jurnalist.kz.

Қайғылы хабар жайлы белгілі режиссер, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Алашын өміршең әндерімен, көкейкесті күйлерімен тербеген әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ҚР Композиторлар Одағының мүшесі ГҮЛНӘР ДАУКЕНОВА өмірден өтті. Халық арасына кеңінен танылған «Сағындым сағым жылдар», «Күрең күз», «Қайран уақыт», «Шыңдағы шынарым-ай», «Мөлдір сезім» секілді көптеген әндердің авторы Гүлнар Даукенова әпкеміздің туындылары да, Өзінің жан дүниесі секілді шынайылыққа, сыршылдыққа, лиризмге толы болатын. Ширек ғасырдан астам уақыт ұлттық музыкамыздың қара шаңырағы — Құрманғазы оркестрінде еңбек етті. Еліміз тәуелсіздігін алған тұста үлкен толғаныстан туған «Жасай бер, Қазақстаным!» күйі — көптеген оркестрлердің репертуарының алтын қорына енді. Елге деген махаббатын әнмен, күймен өрнектеген Гүлнар апа — өмірде кішілік пен кісілікті, адалдық пен мейірімді, адамгершілік асыл қасиеттерді ту етті. Көптеген әндері — марқұм Мәдина Ералиева шығармашылығының бойтұмарына айналды. Халық артистері Н.Нүсіпжанов, Р.Рымбаева, М.Жүнісова және А.Қосанова, Г.Дәуірбаева, М.Түсіпбаева, А.Иманбай, Г.Оразымбетова, Мирас пен Құралай, «Жігіттер» квартеті, «Кешью» топтарының репетуарынан Г.Даукенованың әндері берік орын алды. Өнер әлемінде өзіндік орны, өз биігі бар Гүлнар Даукенова — Үржардың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, Шығыстың Шынары» атанды. Гүлнар әпке — ақжарқын жеңгеміз еді, Ақжайық өңірінің сыйлы келіні еді. Тағдыр қосқан серігі — Донеділ Қажымов та елімізге танымал әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. «Тас түскен жеріне ауыр»,- дейді бабаларымыз, Донеділ ағамызға қайғырып көңіл айтамыз. Гүлнар жеңгемнің өмірінің мәні — туған бала-келіні Алмабек ініміз бен Гүлзина келінімізге барлық бауыр-жекжаттарына қайғырып көңіл айтамын! Қош болыңыз, шыңдағы шынар сынды — Гүлнар әпке, Гүлнар жеңеше! Сағым жылдардың ішінде Сізді сағынған шақтарда, әр қазақтың жүрегінде Сіздің әндеріңіз жүретініне сенемін! Иманыңыз жолдас болсын, аяулы Гүлнар-Жеңеше, Гүлнар-Әпке!»

Бір пікір

  1. Баян Мұхамбеталиев ҚР Мәдениет қайратккеріері, телевизия қызметінің ардагері

    Гүлнәр Дәукенова мен Дрнеділ Қажымов БҚО келген сапарларында облыстық телевизияға соқпай кетпейтін. Шығармашылықпен қатар өмірлік мақсатта да жұптары жарасқан жандарға гастрольдік сапарларының табысты өтуіне тілектестік те қолдауды көрсетуге тырыстық. Донеділге Гүлнәрдәің отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Гүлнәр иманды болсын.

Жауап жазу Баян Мұхамбеталиев ҚР Мәдениет қайратккеріері, телевизия қызметінің ардагері Қайтып алу

email адресіңіз жарияланбайды *

*