Азық-түліктен адам ағзасына қауіпті химикаттар шықты

Бір аптаның ішінде 279 тонна өнім елден шығарылды. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан жеткізілген тауарлардың ішінен адам ағзасына қауіпті химикаттар анықталған. Өзімізден шыққан өнімдерден де зиянкестертабылып жатыр. Тәртіп бұзғандар айыппұл төлеуде, тауары өртелуде. Осы жайттарды анықтаған инспекторлар кезекті тексеру шараларын жүргізген.

 

Қораптың ішіндегі 100 дана раушан гүл әлдебіреуге қымбат сый болар ма еді. Бірақ сонау Голландиядан жеткізілген тауар бөлмедегі құмырадан емес, оты лаулаған пештен бірақ шықты.

Инспекторлар гүлден трипс құртын анықтаған. Зиянды болғандықтан бүкіл тауарді тәркілеп, өртепті. Одан бөлек көрші елдерден келген құрма, жүзімдерден де түрлі зиянкестер табылды.

ШЫНАР АҚСЕЙІТОВА, ӨСІМДІК КАРАНТИНІ БОЙЫНША АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: « Егер де кеден одағынан келетін болса, қайтарылып жіберіледі. Егер межобластные, Қазақстан ішінен келетін болса, бұл бізде комиссия құрылып, жойылады. Бұл через сот арқылы жүргізіледі жұмыстар».

Жыл басынан бері 12 сату орнында адамға зиян тауарлар табылған. Бүгін де инспекторлар кезекті тексеру шарасын өткізуге шықты. Көтерме сауда нысандарының біріне лек-легімен картоп, пияз, қырыққабат әкелінген екен.

БАҚТИЯР ЖАНЗАҚОВ, ӨСІМДІКТЕР КАРАНТИНІ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОР:« Сырт көзге таза көрінгенімен, ішінде болуы мүмкін ғой зиянкестер? – Иә, әрине. Сол себепті әрбір өнімнен кесіліп алынып, қаралады. Егер подозрение болса, лабораторияға жібереміз».

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ: « Павлодардан жеткізілген картоптың кезекті партиясы бұл. Қазір инспекторлардың ізімен біз де оның сапасын білгенімізше тексеріп көрейік. Қолымда арнайы пышағым да бар. Мына жерден бір картоп алсақ… Сырт көзге қарағанда таза сияқты. Қараймаған».

Кез келген тауар өзге қалаға жеткізілмес бұрын өндірілген жерінде сертификат алуы шарт. Бұл көкөніс, жеміске де қатысты. Талап сақтамағандарға бүгінге дейін көлемі 8 млн теңгеден асатын айыппұл салынған екен.

АЛДИЯР СЕРІКБАЕВ, САТУШЫ:« Негізі тексеру қажет қой. Мұны адамдар жейді ғой. – Барлығы таза әкелмейді дейсіз ғой? – Енді арасына араластырып жіберуі мүмкін. Кейбір кезде сондай болады. Негізі тексеру керек».

Сырты таза көрінген көкөністер зертханаға жеткізілді. Оны бірнеше маман жабылып, жан-жақты зерттеуі қажет. Ол үшін 2 сағаттан бірнеше күнге дейін уақыт кетеді.

АЙНҰР ҚАЖЫБЕКОВА, ФИТОПАТОЛОГ:« Кейбір аурулар болады. Топырақтың астында көрінбей қалатын. Сол үшін біз жуып, тексереміз. Топырағында да нематодалар қалуы мүмкін. Сол нематодаларға қараймыз жуып».

Бұл отандық өнімге қатыстысы. Ал шеттен келген көкөністер тонналап қайтарылып жатыр. Тек бір аптаның ішінде 279 тонна Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға қайтарылған екен. Біразының тиісті құжаттары болмаған, ал кейбірінің құрамынан адам ағзасына қауіпті заттар анықталған.

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*