Денсаулық

Кардиохирургтар құрылтайын қорытындылады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Юрий Пяны қабылдады.

Кездесу барысында Мемлекет бас­шысы Астанада өткен Дүниежүзілік жүрек-қан тамырлары және торакальды хирургтер қауымдастығы 27-конгре­сінің отандық медицинаны дамытудағы маңызы ерекше болғанын атап өтті.
– Қазақстанда алғаш рет бүкіл әлем кардиохирургтарының конгресі ұйымдас­тырылды. Бұл – отандық хирургия жетіс­тіктерінің әлемдік деңгейде мойындалып отырғанын білдіреді, – деді Елбасы.
Юрий Пя Нұрсұлтан Назарбаевқа мыңнан астам шетелдік делегаттар қа­тысқан конгрестің қорытындылары тура­лы баяндады.
«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орта­лығы» акционерлік қоғамы басқар­масы төрағасының мәліметі бойынша, Дүниежүзілік қауымдастықтың ат­қарушы комитеті бұл конгресті ең үздік басқо­сулардың бірі деп бағалаған.
Соңында Қазақстан Президенті Юрий Пяға алдағы жұмыста табыс пен жаңа же­тістіктер тіледі.
Еске сала кетсек, Юрий Пя – қазақ елінің тарихында тұңғыш рет дертті жүректі ауыстыру операциясын жүзеге асырған қазақстандық кардиолог.
Ол – Қазақстанның Еңбек ері.
Ю.Пяның айтуынша, осыдан 10 жыл бұрын бүкіл еліміз бойынша тек бір­неше ғана кардио­хирург бар болатын. Қазіргі кезде барлық өңірлерде кардиохирур­гиялық ота өткізу үшін жағдайлар жасалған. Осының арқа­сында ондаған мың өмір аман сақталып қалды.
Бүгінде Қазақстан жүргізілетін кардиохирургиялық операциялардың күрделілігі бойынша әлемдегі жетекші елдердің «отыздығына» кіреді екен.
Астанадағы «Ұлттық ғылыми кардио­хирургия орталығы» АҚ – жаһандық дең­гейде бәсекеге қабілетті меди­циналық ұйы­м­дардың бірі және клиникалық нәти­желері мен көлемі бойынша үздіктердің қатарында. Сондай-ақ «Жаңа буындағы жасанды жүректі зерттеуден кейінгі бі­рінші пайдалану» бүкіл әлем бойынша біздің Қазақстанда жүргізілген.

Елдос СЕНБАЙ

https://aikyn.kz/2017/09/13/26595.html

Басқа материалдар

Back to top button