Басты жаңалықтарДенсаулық

Министр ызаланған медицина қызметкерлеріне жауап берді

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясы анықталған науқастармен жұмыс істеп жатқан медбикелер мен санитарлардың хатына жауап берд Бұл туралы   Sputnik Қазақстан хабарлады

Бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласындағы оқшаулау бөлімінде жұмыс істейтін Жанар Мұхамеджанова, Тамара Әмірбекова ,Татьяна Борисовна, Гүлнара Хайрина және Айман Оралбаева астаналық тілшіге наурыз айындағы жалақы мөлшеріне, сондай-ақ жұмыс жағдайына көңілі толмайтынын және жұмыс орындарын тастап кетуге дайын екенін айтқан болатын.

Министр өзінің Facebook парақшасында медицина қызметкерлерінің жағдайын жасау мәселесін тағы көтеретінін айтты.

«Құрметті менің әріптестерім, мен сіздер жолдаған хатты оқыдым және наразылықтарыңызды түсінемін. COVID-19 жұқтырғандарға арналған стационарда сіздердің де болуларыңыз мен үшін де үлкен сұрақ тудыратынын мойындауға мәжбүрмін. Орталық стационар осыған дейін бірнеше рет инспекцияланды, инфекциямен күрес жүргізу шарттарына сәйкес келетін оқшаулау мекені ретінде анықталды. Мен дереу комиссия жинап, аз уақыт ішінде бұл мәселені шешуге уәде беремін», — деп жазды министр.

Сондай-ақ, дәрігерлердің осындай сәтте алдыңғы қатарда тұрғанын, адам өміріне араша түсетінін айтып өтті.

«Жақыныңыз, туған-туыс пен балаларды қалдырып, барлық уақытты жұмыста өткізіп жатырсыздар. Мен мемлекеттік комиссияның жуырдағы отырысында вируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне жағдай жасау мәселесіне тағы да назар аударып, осы сауалды көтеремін», — деді министр.

Мемлекет бөлген ақша қайда жұмсалды

Біртанов «Мемлекет пен бизнесмендер тарапынан бөлініп жатқан қаржының қайда жұмсалып жатқаны» туралы сұраққа жауап берді.

Қаржы әр түрлі мақсатқа жұмсалып отыр: жеке қорғану құралдары, дәрі-дәрмек, медицина құралдарды, коронавирусты анықтауға арналған тестілерді сатып алуға, азаматтарымызды «қауіпті» елдерден эвакуациялауға, медицина қызметкерлері мен ел экономикасын осы қиын кезеңде қолдауға бағытталады.

«Біздің дәрігерлерге көмек көрсетілу мәселесіне келер болсақ, президенттің тапсырмасымен жуырда эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын медицина қызметкерлеріне ай сайынғы үстемеақы белгіленетін болады. Барлығыңыз тәуекелге барып отырсыздар, бұл ел басшылығын алаңдатады, сондықтан сіздердің қауіпсіздік үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданып жатыр», — деп жазды министр.

Үстемеақы кімге беріледі?

Үстемеақы беру үшін 3 топ анықталды.

ауіптілігі аса жоғары топқа 850 мың теңге көлемінде үстемақы белгіленді: жансақтау бөлімшелерін қоса алғанда, инфекциялық стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері.

Екінші топқа үстемеақы 425  мың теңге болып белгіленді.

Қауіптілігі орташа топқа  212,5 мың теңге үстемеақы белгіленді.

«Маған айтылған санатқа кірмей қалған медицина қызметкерлерінен көптеген өтініш келіп түсті. Қазірден саулық сақтау министрлігі мемлекет басшысының тапсырмасымен медицина қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру бойынша жұмыс істеп жатыр», — деп түсіндірді ол.

Министрдің айтуынша, жақында қосымша бұйрық шығады. Ол жерде кімнің жалақысына үстемеақы берілетіні көрсетіледі.

«Ең алдымен, жұқпалы ауруханаларда жұмыс істейтіндер, жансақтау бөлімінде өмір үшін күрес жүргізіп жатқандар, сондай-ақ жаңа коронавирус инфекциясымен күреске тартылған басқа да медицина қызметкерлері», — деді Біртанов.

Барлық шешім ашық түрде, комиссияның қатысуымен қабылданады. Өңірлердегі комиссиялардың құрамына қоғамдықжәне кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, Нұр Отан партиясының, жергілікті атқарушы органдардың – денсаулық сақтау басқармаларының және әлеуметтік қорғау басқармаларының өкілдері кіреді.

Ал үстемеақы наурыз айы үшін сәуірдің басында беріледі.

Әрі қарай оқу: https://sputniknews.kz/society/20200402/13506285/ministr-meditsina-qyzmetkerler.html

Басқа материалдар

Back to top button