Белгілі әннің беймәлім авторы

Халықтың жүрегінен орын алған шығарамалар көп. Бірақ авторларын танымай жатады. Мысалы «Анашым» әнін Марат Омаровтың ғана туындысы деп түсінеді. Сөзін жазған Қайрат Жұмағалиев екенін екінің бірі білмейді. «Ерке Сылқым» күйін шығарған адамның Жамбыл облысының бір ауылында тұратынын да біле бермейді. Дәл сол сияқты «Әкем-әнім»  әнінде көпшілік тебіреніп шырқағанымен, оның әнін, сөзін жазған кім екенін танымай жатады. Осы туындының авторы, әнші, композитор, ҚР Мәдениет қайраткері, бүгінде Орал қаласында тұратын  Әділбек Сүлейменовтен сұхбат алудың сәті түсті.

-Әділбек аға, сіздің әке туралы әніңізді  елдің бәрі шырқайды.  Бұл туындысыз той өтпейді десе де болады. Бірақ осы әннің авторын, музыкасын жазған өзіңізді көбі танымайды. Өзім талай куә болғанмын, жүрген жерімде айтып жүрем. Көңіліңізге алмайсыз ба?  Бұл  шығарма қалай шығып еді өзі?

 Әкем-әнім» әні тарихи танымал әндердің қатарында десем артық болмас. Өйткені, Дүние жүзі қазақтарының құрылтайына келген бауырларымыздың орындауларында шырқағанын  талай естіп, көзім көрді. Саратов, Астрахань, Самара облыстарындағы қазақ ағайындар және Қытайдан , Моңғолиядан келген өнер шеберлерінің концертінде орындалғанына талай куә болғанмын.

1978 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының музыка факультетінің III курсында оқып жүріп, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, әкем Нәсекен Сүлейменовтің алпыс жасқа толуына орай, әкемді әнге қосып сәлем жолдауды жөн көрдім. Сөйтіп, филология факультетінің студенті Орынбасар Сүйібаевқа «Әкеме жазған бір әнім бар еді, соған мәтін жазып берші» деп қолқа салып едім, бас аяғы 10-15 минутта Ұшырдың баптап ұядан…деп ән өмірге келді.  Сөзін жазған автор қазір Түркістан облысы (бұрынғы Шымкент обл) Төлеби аудандық газетінде редактор болып жұмыс істейді. Орекеңнің жары Биғайым көп жылдар ағарту саласында еңбек етті. Қазір зейнетке шығып, екеуі  ата-әже атанып, немерелерін бағып, келін балаларымен тұрады.  Менің 60 жас  мерейтойымда курстастарыммен бірге келіп, 13 адам қонақ болып  кетті.

Көңілге тиеді, тимейді деп қайтемін. Ең бастысы әншілердің де, халықтың да шырқап жүргеніне ризамын.

 

-«Әкем-әнімді» танымал әншілерден соңғы жылдары Алтынай Жорабаева орындап жүр.  Әншілердің тарапынан сізге  автор ретінде ерекше бір құрмет көрсеткендері бар ма? Шығармашылық кештеріне шақырып дегендей. Жалпы, телеарна, радиоларда, концерттерде орындалып жатады, ол үшін гонорар түседі ме?

 -Астанада, Алматыдағы шығармашылық концерттерінде айтқанын көріп жүрем, машинада радиодан естіп жатам. Алтынай қарындасыма  шексіз ризамын.  Мені шақыру міндетті емес деп ойлаймын. 2020 жылы Құдай қаласа, 65 жасқа толуыма орай өтетін тойыма шақырамын деген жоспарым бар.

 

-Қазір немен шұғылданып жүрсіз?  Әке туралы шығармаңыз секілді хит болатын әндер жазып жүрсіз бе?

— Қазір зейнеткер болсамда, Орал қалалық мәдени ағарту бірлестігінің ардагер клубында  әжелер әнсамблінің музыка жағынан жетекшісімін. «Әкем-әнім» әнінен басқа да бірқатар туындыларым ел аузында айтылып, халық шырқап жүр.   Боранғали Ырзабаевтың сөзіне жазылған  «Қариялар»,  Мира Шүйіншалиева сөзін  жазған  «Қазақстан жас ұланы», Айтқали Нәріковтің сөзіне жазылған «Ағаларды еске алу», Ж.Мусина өлеңіне шығарған  «Айналайын ағалар», басқа да әндерім  облыс, қала мектептерінде жиі орындалады. 2018 жылы 12 мамырда Францияда өткен «Канн жас жұлдыздары» байқауында №20 орта мектептің оқушысы Нұрали Өтеғалиев «Қазақстан жас ұланы» әнімен 1-орынды иеленіп қайтты.  Жақында  айтыскер әрі журналист Бауыржан Ширмердинұлының «Ауылдан хат» өлеңіне ән жаздым.

 

 

Отбасыңыз туралы қысқаша мәлімет берсеңіз?

-Жұбайым Венера Сатыбалдықызы 35 жыл жасаған зейнеткер,  стоматолог. Қызым Ақмарал  тұрмыста. Алматыдан  ҚазАТК-ны бітірген.  Күйеу балам Қайырбек кәсіпкер. Мади, Малика, Мадина атты жиендерім бар. Ұлым Сәкен астанада ішкі істер органында еңбек етеді, капитан. Келініміз Аяжан елордада гинеколог-дәрігер. Немерелерімнің есімі Адель, Әліби.

-Рахмет.

 

А.ОРЫНҒАЛИҰЛЫ

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*