Ажырасқандарға салықты көбейтуі мүмкін

Сенат депутаты Әли Бектаев Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, ажырасу үшін төленетін баж салығын көбейтуді ұсынды.

Депутаттың дерегінше,  соңғы бес жылда   ажырасулардың саны 4 мыңға көбейген. Оның 40 пайызы  қалалық отбасы.

Отбасы құндылығын жандандыру мәселесін көтерген депутат қыз-келіншектерді түрмеге жапқаннан гөрі, оларға кешіріммен қарау керек деген ұсыныс айтты. Қазір еліміздегі 6 колонияда 2 161 әйелзаты жазасын өтеп жатыр екен.

«Әйел өздігінен қылмыс жасамайды. Егер заң бұзушылыққа барса, оның астарын әлеуметтік проблемадан іздеу керек. Қыз-келіншектерді түрмеге жапқаннан гөрі кешірім жасап, оларға көмек көрсеткен абзал. Түрмеге түскен қыз баласы түгілі, ерлердің арасынан сана-сезімі психологиялық деформацияға ұшырамаған жанды кездестірудің өзі қиын. Қоғамда қызға, әйелге, анаға, балалы отбасыларға деген көзқарасты мүлдем қайта қараудың уақыты келді», — деді сенатор.

Түрлі статистиканы сөйлеткен Әли Бектаев Премьер-министрге бірқатар ұсыныс айтты. Отбасы құндылықтарын жан-жақты зерттеу  мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан арнайы Неке және отбасы ғылыми-зерттеу институтын ашу керектігін алға тартты. Сондай-ақ,  Отбасының бұзылуын тежеу мақсатында неке бұзуға төленетін баж салығының көлемін жұптарға материалдық тұрғыдан сезілетіндей етіп көбейтуді ұсынды.

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*