Батысқазақстандық ақын қатарынан екі айтыста бірінші орынға ие болды

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында «Тарихы терең, еңбегі ерен – Жалағаш» атты республикалық ақындар айтысы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алтын дән – 2019» мерекесі мен Жалағаш ауданының 80 жылдығына арналған жыр додасына республика өңірлері мен қалаларынан 10 ақын қатысып, бақ сынады.

Айтысты ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді. Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Әубәкірұлы барлық ақындарға сәттілік тіледі.

Ақын, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жалағаш ауданының құрметті азаматы Елена Әбдіхалықова бастаған қазылар алқасының шешімімен қызылордалық Мұхтар Ниязов бас жүлдені (1 млн теңге) жеңіп алды.

Батысқазақстандық Талғат Мықи бірінші, тағы бір қызылордалық Айдос Рахметов екінші, атыраулық Шалқарбай Ізбасаров үшінші орынға ие болды. Жеңімпаз-жүлдегерлер мен барлық айтыскерлерге аудан әкімінің дипломдары мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Айта кетейік, оралдық Талғат Мықи осымен қатарынан екінші айтыста бірінші орынға ие болып отыр.

Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясының тікелей қолдауымен «Береке бірлігіңде, елім» атты республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылған болатын. Мұнда елордалық Еркебұлан Қайназаров бас жүлдені (2 млн теңге) еншілесе, Талғатқа бірінші орын (1,5 млн теңге) бұйырғантұғын.

Тағы бір батысқазақстандық Жансая Мусина мен нұрсұлтандық Бекзат Асқаров екінші (1 млн теңгеден), павлодарлық Аспанбек Шұғатаев пен түркістандық Қалижан Білдәш үшінші орыннан көрінген еді.

 

 

 

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*