Тынымсыз жұмыс

Басты байлық-денсаулық екенін жақсы білеміз. Десек те, бүгінгі заманда  денсаулығы сыр бермейтін адам баласы кемде-кем. Ал, осындай жан азабын тартқан адамға көмек көрсетіп, олардың жанын арашалап алатын ақ халаттылардың жұмысын өз көзімізбен көрмек болып бір күнімізді аудандық ауруханада өткіздік. Өйткені олардың жауапкершілікке толы жұмысын екінің бірі біле бермейді. Әсіресе пациентпен қалай жұмыс істейтіні, науқасқа көрсетілетін алғашқы көмек тағы басқаларын оқырман қауыммен бөлісуді жөн санадық. Бұл туралы «Екпін» газетінде жарияланды. 

Күрделі жөндеуден өткеніне біраз жыл болған орталық ауруханада  тұрғындарға  медициналық көмек көрсететін  50 керуетке арналған орын бар.  Сондай-ақ  күніне  150 келушіні қабылдайтын емхана мен  6 дәрігерлік амбулатория және 12 медициналық пункт қызмет  көрсетеді.  Және олар толық көлемде кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетеді.

Бүгінгі таңда орталық ауруханада 23 дәрігер, оның ішінде жоғарғы санатты-екі, I санатты үш, II санатты бес қызметкер бар.  Дәрігермен қамтылу 77 пайызды құрап отыр. Ал, медицина қызметкерлерінің орта буын өкілдері  139. Оның жетпіс төртінің санатылығы бар. 


Аурухана санитар автокөліктермен, телефон байланысымен, факс, жоғары жылдамдықты интернетпен және компьютерлермен қамтылған. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында медицина қызметкерлерімен лекциялар,  әңгімелесулер ұйымдастырылып, санбюллетень газеті шығарылып, дөңгелек үстел өткізіледі. Аудандық «Екпін» газетіне дәрігерлік кеңес ретінде арнайы  мақалалар жарияланып, семинар сабақтар ұйымдастырылады. Ауруханада адамдар ақысыз емделеді, тек  қызмет көрсету ғана ақылы. Аурухананың әр  палатасында 1 ден 4 орынға дейін кереует орналасқан. Сондай-ақ, олардың әрқайсысының жанында дәрігерді шақыртатын арнайы тетік орналасқан. Төсек жайма­лары мен көрпе тыстары екі-үш күн сайын ауыстырылып, науқастың алаңсыз ем алуы үшін бар жағдай жасалған. Мұнда де­малып, теледидар көретін, жұмсақ жиһаздармен жабдықталған демалыс орны бар.

Ауруханаға келген адам алдымен төменде орналасқан тіркеу бөліміне жолығады. Мұнда үш орта медициналық білімі бар мамандар тіркеушілерге қызмет көрсетеді. Бөлімнің жұмыс уақыты: таңертеңгі сағат 8.00-ден кешкі  20.00-ге дейін үсіліссіз ауысым бойынша жүргізіледі. Емделушілер дәрігер берген жолдама арқылы күндізігі статционарда емделе алады. Мұнда жылына 3650 адам емделеді екен. Ал, тәуліктік статционарда  шамамен 925 адам ем қабылдаса, үй жағдайында 113 науқасқа қызмет көрсетіледі. Бұл жерде  сауатты, өз ісін жақсы білетін, амбулаториялық-емханалық жағдайларда практикалық жұмыс тәжірибесі бар, пациенттерге диагностика жасау мен емдеудің, амбулаториялық жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетудің барлық әдістерін меңгерген медицина қызметкерлері жұмыс жасайды. Кеңсенің медқызметкері Алтын Қайыршақованың сөзіне сүйенсек күндізгі статционарда күніне 60-70 адам ем қабылдайды екен. Олар тамағына салқын тигендер мен аяқ-қолдары сырқырайтындар және аяқтарын баса алмайтындар.

Содан кейінгі бас сұққанымыз оңалту бөлмесі. Бір қарағанда бұл жер балабақшадағы ойын бөлмесіне ұқсас. Мұнда науқастарға арналып психикалық ойындар жүргізіледі, ол стресстік жағдайдан арылуға көмек береді. Күш-жігері жарақаттың немесе аурудың нәтижесін жақсартуға, асқынулардың алдын алуға, сауығуды жеделдетуге бағытталған. Ем-шара бөлмесіне келгенімізде кеңсе медбикесі Бибігүл Рахметқызы науқастарды  қабылдап жатыр екен. Оны да кіріп көрдік.  Мұнда күніне шамамен 40-50 адам дәрігер нұсқаулығы арқылы ем алады.

Бір қызығы дәрігер Айболат Айтжановтың айтуынша шағын хирургиялық операцияларды медбикелердің өздері жасай береді екен. Бұл жөнінде  олардың білімдері жоғары  және еңбек өтілдері де баршылық дейді ол.

Ал, дәрігер жөнінде оның әріптестері, Айболат Халенұлы аурухананы аралап, жұмысты бақылағанда  көбіне ешкімді ертпей, өзі жалғыз жүреді. Оның қырағылығы сол, бір қарап өткенде  барлығын байқап, артынан ескерту жасап кетеді. Ол уақытпен санаспай еңбек етеді. Оның жұмысы таңер­тең­гі алты-жетіден басталып, кеште  қолға алған шаруасы біткенше жүреді. Бүкпесіз ашық айтатын, турашыл мінезі бар. Ең басты қасиеті – еңбектің торысы,  бастаған ісін аяғына жеткізгенше тынбайды. «Сен тимесең, мен тимен» деп отырмайды. Әсіресе, барлық адамға беріле бермейтін іскер, ұйымдас­тыру­шылық, жанкештілік қасиеті – жара­тылысынан, тегінен болуы керек. Жал­пы, сөзбен айтып, іспен көрсете алмау Айболаттың мінезіне жат қасиет. Содан да шығар, көпшілікпен жұмыс істегенде адамның мінез-құлқы, жаратылысы оның тұлға болып қалыптасуына қыз­мет етіп жатады,-дейді.

Бұдан басқа ауруханада жедел жәрдем бөлімшесі қызмет етеді, Мұнда  4 фельдшер 4 жүргізушісімен аусым бойынша   қызмет етеді. Оларға 2 автокөлік бөлінген. Көлік барлық медициналық құрылғылар мен дәрілік заттармен қамтылған. Сондай-ақ  биыл екі ауылға жедел жәрдем автокөлігі табысталды. Сонымен қатар 2019 жылдың қаңтар айынан бастап медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында дәрі-дәрмектердің қол жетімділігін арттыру мақсатында емханада диспансерлік науқастарға тегін дәрі-дәрмек тарататын дәріхана ашылып, оған  20 млн 848 мың теңге сомасында қаражат бөлінген.

Ауруханада өткен біздің бір күніміз де осы жерде өз мәресіне жетті. Тәулігіне тек төрт-бес сағат көз шырымын алатын ақ халаттылардың тынымсыз жұмысын  өз көзіммен көріп, оған   кез-келген кісінің бұл салада қызмет жасай алмайтынына көзім жетті.

Болатбек Сапарғалиев

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*