АЙМАҚБасты жаңалықтарБілімКазталов ауданыОралӨҢІРЛЕР

Аманатқа қиянат

«Орал өңірі» облыстық газетінің  бұрынғы тілшісі Есенжол Елекенов facebook парақшасына өзінің ресми басылымға шықпай қалған материалын жариялады. Автордың әлеуметтік желідегі жазбасын сол күйі беріп отырмыз.

 

Осы жылдың ақпан айында Қазталов ауданына қарасты Богатырев жалпы орта білім беретін мектебінің жай-күйі туралы сын материал (ол кезде облыстық «Орал өңірі» газетінде еңбек етіп жүрдім) жазған болатынмын. Алайда «Жайық Пресс» ЖШС-нің бас директоры Рауан Сәбитов материалды шығаруға үзілді-кесілді қарсы болды.Шығартпады. Содан не керек, «Орал өңірі» ұжымының қатысуымен өткен кезекті бір жиында бас директорға мектеп ұстаздарының жан-айқайынан құралған материалды жарыққа шығаруын сұрадым. Болмады. «Алақандай ауылдағы проблеманы көрсете алмасақ, неменесіне журналист болып жүрміз, олар менен «біздің жан-айқайымыз газетке шығама? Шықпай қалып жүрмей ме?» дегенде: «міндетті түрде шығады, уайымдамаңыздар, мәселені жетер жеріне жеткіземіз» деп жауап бердім ғой. Ертеңгі күні ұстаздардың бетіне мен қалай қараймын? Сіздің бұл әрекетіңіз журналистерге деген сенімнің құлдырауына әкеп соқпай ма?» деген уәжімді айтқан едім. Бәрібір, бас директор айтқанынан қайтпады. » Мен облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Маратқызымен бұл мәселе жөнінде сөйлестім. Ол кісі биыл күрделі жөндеуден өтуі тиіс мектептердің тізімінде Богатырев жалпы орта білім беретін мектебінің бар екенін айтты. Мектеп күрделі жөндеуден өтеді деп отыр, материалды газетке шығарып, босқа елді шулатудың не керегі бар? Материалды басқа газеттерге беруіңе қарсы емеспін» деп жауап берді. Рауан Сәбитовтың білдей білім басқармасы басшысының әлгіндей «сәлемдемесін» жеткізген соң әліптің артын бағайын деп, әрі айтқан сөздерінің рас-өтірігіне көз жеткізейін деп, материалды басқа газеттерге жібермедім, әлемжеліге де салмадым. Енді осыншама уақыт өткен соң бұл материалды фб-ға салуыма не түрткі болды дейсіз ғой? Айтайын. Осыдан екі-үш күн бұрын көшеде жоғарыда аталған мектептің бір ұстазымен ойда-жоқта кезігім қалдым. «Сен осы қыста біздің мектепті жазуға келген «Орал өңірінің» журналисі емессің бе? Шырағым-ау, материал шығады деп, уәде бергенің қайда? Шығара алмайтындарың бар, неменесіне елпілдеп жетіп келесіңдер осы а?!» деп зіл батпан сөздерімен түйреп өтті. Не айтам, не деп ақталам енді…Ақталуға да ешқандай негіз жоқ. Облыстық білім басқармасының басшысы бүйдеген екен, басшым сүйдеді деген сөздерім ол кісіге тіптен «өтпейді». Басым салбыраған күйі жанарыммен жер шұқып, қаққан қазықтай тұрдым да қалдым. Сөзі сүйектен өтті. Үйге келген соң Богатырев жалпы орта білім беретін мектебі директорының ұялы телефон нөмірін тауып алып, мектептің жайын тағы сұрадым. «Мектеп сол күй тұр. Жаңбыр жауған сайын іші суға толғасын тек спорт залдың төбесіне ғана жөндеу жүргізіп жатырмыз. Мектеп биыл күрделі жөндеуден өтуден қалды ғой енді, келесі жыл да белгісіз дейді басшылар», — деді.
(Ыстығы басылмаған, әлі де күйіп тұрған мәселе міне)

 

Оқушылардың обалына қалмаса жарар еді…

Жақында Қазталов ауданына қарасты Болашақ ауылдық округінде тұратын туысқанымыздың үйіне барған болатынбыз. «Ауылымызға келгеніңіз қандай жақсы болды. Мен сізге біраз жылдан бері шешілмей келе жатқан өте күрделі бір мәселені айтайын, соны жазып, жетер жеріне жеткізу – өзіңізге аманат. Мына ауылдағы мектеп қатты жел тұрса, құлайын деп тұр. Күзде жаңбыр жауып, көктемде күн жылынып, қар ерігенде мектептің іші суға толады. Іші салқын. Оқушыларға обал. Бұған басы ауырып, балтыры сыздап отырған адам көрінбейді. Сенбесеңіз, өзіңіз барып көріңізші» деп өтінді аты-жөнін көрсетпеуімізді сұраған сол ауылдың бір тұрғыны. Өтінішті қалай жерге тастайық, ертесіне алып-ұшып мектепке бардық.
Қарсы алдымыздан тап болған Богатырев жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Алуа Альдекешеваға газет тілшісі екенімізді айтып, мектепке қатысты мән-жайды сұрадық.
– Бұл мектептің іргетасы қаланғанына 31 жыл болды. Осы күнге дейін бірде-бір күрделі жөндеу көрген емес. Жыл сайын өзіміздің сылап-сипауымыздың арқасында ғана тұр. Қазіргі таңда 158 оқушы білім алуда. Мектеп ішіндегі бөлмелердің төбесінен су сорғалап тұратыны рас. Оның несін жасырамыз? Бір апта бұрын мұғалімдер бөлмесінің төбесінен су кетіп, жарықтан ажыратып тастауға мәжбүр болдық. Өйткені өрт шығу қаупі төнді. Спортзалдың да төбесі опырылып, ортасына түсуге шақ тұр, Құдай сақтасын деп жүрміз. Бұл мәселеден аудан әкімдігі де, аудандық білім беру бөлімі де хабардар. Басшылар келгенде көріп жүр. Жалпы, мәселенің шешімін таппай келе жатқанына 4-5 жылдың жүзі болды. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптамаға берілді. Оның қорытындысы наурыз айында шығады. Сараптама қорытындысы шыққаннан кейін де үш жыл күтуге тура келеді, – деді бізді бөлмесіне ертіп апарып, құлағалы тұрған мектептің мәселесін тәптіштеп жеткізген Богатырев жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Алуа Альдекешева.


Мектептің ішін аралап жүргенімізде, еріксіз жағамызды ұстадық. Қақ айырылып тұрған қабырғаларды, «қиналып» әзер тұрған есік-терезелерді, шұрық тесік болып тұрған төбені, ойдым-ойдым болып «етпетінен» түсіп жатқан едендерді көргенде есіміз екеу, түсіміз төртеу болды. Мұндай білім ошағында білім алып жүрген оқушыларды көргенде жүрек сыздайды кеп… Ал мұғалімдердің жағдайы тіптен мүшкіл екен.
– Өзіңіз көріп тұрғандай, мұғалімдер бөлмесінде жарық жоқ. Осыдан бір апта бұрын төбе мен жардан су кеткесін электрик желіні айырып тастаған болатын. Таңғы сағат 08.00-де жұмысқа келгенде, ұялы телефонның жарығымен соқыраңтап жүріп журнал іздейміз. Кеште тағы сол. Мына жерде отыру мүмкін емес. Бос бөлме болмағасын амалсыз отырамыз. Басқа қайда барамыз енді… Ертең күн жылынса, мына бөлменің іші суға толмағанымен, соған жақындайды. Шелек-шылапшындарды тізіп қоямыз. Сорғалап ағып жатқан судың ортасында отырып, жұмыстанамыз. Оның үстіне ылғалдың исі үстімізге сіңіп қалады. Едендер әбден шіріп, ойылып-опырылып жатыр. Біз мектептің жағдайын жыл сайын ауыл әкімінің есебінде аудан әкіміне айтудан шаршаған емеспіз. «Жұмыстанамыз, қараймыз, шешеміз» дейді. Бірақ шешіліп жатқан шаруа жоқ. Құдай сақтасын, бірақ бір күні мектептің төбесі опырылып түсіп, астында қалып қоямыз ба деп қорқамыз, – дейді бізге мұңын шаққан аталмыш мектептің химия-биология пәнінің мұғалімі Гүлмаржан Хайбуллина.


Ал осы білім ошағының география пәнінің мұғалімі Рустам Қажығалиев мектептің апатты жағдайда тұруы оқушылардың білім алуына кері әсер ететіндігін айтады.
– Біраз бөлмелердің төбесі құлаудың аз-ақ алдында тұр. Оның үстіне кабинеттер салқын. Терезелер дұрыс жабылмайды. Бұрындары терезелерді ашып, сырлап қоятынбыз. Қазір ашу мүмкін емес. Әбден отырып кеткен. Есіктер тағы сол. Дәліздегі едендердің тозғаны соншалық, шетінен сынуда. Өзіміз қолдан келгенше жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Бірақ бәрібір ешқандай пайдасы жоқ. Бұл мектепті толық күрделі жөндеуден өткізу керек. Былтыр қатты жел болып, мектептің алдынғы беткейіндегі шатырды ұшырып кетті. Соны мектеп қызметкерлері өз күшімізбен қалпына келтірдік. Күн жылынғанда келіп, мектептің ішіне аққан суды көрсеңіздер, шалқаларыңыздан құлайсыздар. Спортзалдың жары екі жерінен жарылып тұр. Спортзалда түнгі сағат 23.00-ге дейін оқушылар, жастар волейбол, баскетбол ойнайды. Ауыл жастарының басқа баратын жерлері жоқ. Мына мектеп ішінде адам жоқ болған кезде құласа, Құдайға шүкір дейміз. Жамандық тілеп отырғаным жоқ, әрине, оқушылардың өмірін ойласақ, мәселені шұғыл шешу керек, – дейді Рустам Қажығалиев.


Мектептің шаруашылық меңгерушісі Бақытжан Дияровтың айтуынша (суретте), 2018 жылы сабақ уақытында екінші қабаттағы бір терезе жақтауымен бірге өзінен-өзі құлаған. Абырой болғанда ешкім зардап шекпепті.
– Қоңырау соғылып үлгергендіктен, оқушылар сабақ бөлмелеріне кіріп үлгерді. Әйтпегенде, біреу жазым болар ма еді… Қазір терезелер ашылса, жабылмайды, жабылса, ашылмайды. Бер жағын ғана сырлап қоямыз. Арасынан жел үргенде сай сүйегіңді сырқыратады. Мектептің жылыту қазандығы да құлайын деп тұр. Егер ол құласа, мектепте сабақ тоқтатылады, – дейді Бақытжан Дияров.
Алақандай ауылды басқарып отырған ауыл әкімі мектептің бүгінгі жай-күйін біле ме екен деген сауалымызды арқалап, Болашық ауылдық округі әкімінің алдына бардық.
– 2014 жылы осы ауылда бірнеше ай әкім болғанымда бұл мәселе көтерілді. Бірақ қаржының жоқтығына байланысты шешілмеді. 2018 жылы қайтадан Болашақ ауылына әкім болып сайландым. Қазіргі таңда мектептің жобалық-сметалық құжаты дайындалғанын, сараптама қорытындысы наурыз айында шығатынын мектеп директоры айтқан шығар. Сараптама қорытындысы шыққаннан соң облыстан қаржы сұраймыз. Қаржы бөлінсе, күрделі жөндеуден өтеді, бермесе, қолдан келер ештеңе жоқ. Бар мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр. Бұл мектеп әлі апатты жағдайда деп танылған жоқ, – деп қысқа қайырды округ әкімі Досжан Ахметов.
Апаттың айтып келмейтінін атқамінерлер жақсы біледі, бірақ біле тұра, неліктен немқұрайлы қарайтындарын түсіну қиын. Мектеп апатты деп танылу үшін сонда міндетті түрде опырылып ортасына түсіп, біреу жазым болуы керек пе?! Айдың-күннің аманында неге мұғалімдер ұялы телефонның жарығымен журнал іздеуі керек? Мектептің жағдайы өте мүшкіл болса, қандай саналы тәрбие, сапалы білім күтуге болады? Есінеп барып, ес жиятын жауаптылар «Әне жөндейміз, міне жөндейміз» деп жүргенде, оқушылардың обалына қалып жүрмесе жарар еді…

Есенжол ЕЛЕКЕНОВ

Басқа материалдар

Back to top button