Басты жаңалықтарВидеоМәдениет

Жігіттер де сыңсу айтуға шыққан (видео)

Сыңсу айту десе, қаптаған қыз-келіншектердің қалыңдықты өз үйінен қимастықпен шығарып салып, жылап-сықтағаны көз алдымызға келеді. Жат жұрттық болған бұрымдыны жеңгелері қолтықтап, төркіндері бақыт тілеп артында қала береді. Ал енді күйеуге шығып жатқан қызға еркектің сызылта сыңсу айтуы көзге оғаш көрінсе де, соңғы кездері мұндай көріністі тойларда көзіміз жиі шалып жүр. Әнші жігіттеріміздің бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Бұл ақша табудың жаңа амалы ма, әлде біз білмеген дәстүр ме? Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

Қазақ қызын қимастықпен шығарып салушы еді ғой…бұрын, ал қазір тұтас бір шоу дерсің…

Дүркіреген дайындық өз алдына, танымал жұлдыздардың төрден табылуы той иесінің қалтасын екі есе қағары сөзсіз. Оған бас қатырып жатқан жұлдыздар жоқ… Тіпті жігіттерге дейін білек сыбана кіріскелі қашан…

Жігіттер арасынан сытылып шығып, батылдыққа барғандардың бірі – квартеттегі Айдар Тұрғанбек. Қарындастарын құтты орнына қондыруды қолға алғанына біраз болды. Бұл қадамға бармас бұрын, көзкөрген апаларымен ақылдасыпты…

АЙДАР ТҰРҒАНБЕК, ӘНШІ:»Әжеміздің айтқаны бар, біздің әпкелерімізді, яғни бізді кезінде өзіміздің ағаларымыз ұзатқан. Далаға атарбаға дейін, ол кезде көлік болмаған, соған дейін шығарып салды деген сияқты. Өсиетін айтқан».

Алайда, көпшілік Айдардың өсиет емес, сыңсу айтып жүргеніне шүйлікті.

АЙДАР ТҰРҒАНБЕК, ӘНШІ:»Бұның ешқандай оғаттығы жоқ. Мен қыздың алдында тұрып, ағалық өсиетімді, тілегімді айтып тұрамын. Екі жеңгесі екі жағынан шығарып салады. Бұл – керемет нәрсе. Нағыз салт осы деп ойлаймын».

Нағыз салт туралы әркім әртүрлі айтып жүр…

ҚҰРАЛАЙ ОШАҚБАЕВА, ПСИХОЛОГ:»Сыңсуды бүкіл ауыл болып, ауыл жастары, жеңгелері, қыз-жігіттер, жар-жарды айтатындай күтіп алады».

Әлеуметтік желіде Құралай ханым есімімен белгілі психолог ұзату салтының заманға сай бұрмалануынан еш әбестік көрмейді…

ҚҰРАЛАЙ ОШАҚБАЕВА, ПСИХОЛОГ:»Мықты азамат болса, ел сенер, өзіне жұғысты болсын деген ырым болса, қазақтар солай ырымдайды деп ойлаймын. Барлық жақсылықтың артығы жоқ».

Құралай ханымның жақсылық деп отырғанын журналист Қуандық Шамахай «дәстүрге қайшы», – деп кейіді.

ҚУАНДЫҚ ШАМАХАЙ, ЖУРНАЛИСТ:»Соңғы кезде ең сорақысы еркек адамдар сыңсу айтатын болып кетті. Ол – дәстүрге қайшы келетін дүние. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп жатамыз. Мүлдем оған қайшы келетін дүниелерді қолдану, көп жағдайда күлкі тудырады».

Күлкі тудыратын тағы бір нәрсе бар. Ол – қыз ұзатудың құны. Танымал еместердің ставкасы 50 мыңның айналасы. Ал атағы аспандап тұрғандардың бағасы миллионнан асып жығылады.

ЖӘНІБЕК БОРАНБАЕВ, ТОЙ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:»Қымбат суммаға әрине елге белгілі танымал адамдар шығады.Ең арзаны 50 мыңнан 3 миллионға дейін бара береді. Жағдай келсе, таңдау бойынша шақыра береді».

«Ал жағдайы келмейтіндерді бірден байқаймыз», – дейді той ұйымдастырушылар. Тапсырыс берушінің түрі мен киген киіміне қарап, шығынын шегеріп береді екен. Ал қалтасы қалыңдарға ұсынатын қызмет түрі 200-300 мыңнан жоғарылай береді.

ХОРЛАН КАРМЕН, ТОЙ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:»Біз халықтың жағдайына қараймыз. Егер де мұндай сумманы көтеру ауыр дейтін болса, біз енді олардың жағдайына қарай бағаны түсіріп береміз».

Күні кеше Өзбекстан отбасылық жиындардағы ысырапшылдықты тиятын қарар қабылдады. Көршілес мемлекет той-томалаққа шақыратын қонақтар санын енді 200-ден асыра алмайды. Кортеждегі көліктер 3 мәшинеге, тойдың уақыты 17 сағатқа қысқарды. Ал біздегі ысырапшылдықтың алды – айфоннан шашылған шашу болып тұр.

Басқа материалдар

Back to top button