Батысқазақстандық қос дойбышы әлем чемпионы атанды

Батысқазақстандық қос дойбышы Болгарияның Кранево қаласында өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Дүниежүзілік додаға әлемнің 19 елінен 200-дей спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстан құрамасы сапында ел намысын қорғаған Әнел Дәулетова 16 жасқа дейінгілер, Тоғжан Тәжібекова 13 жасқа дейінгілер арасында үздік шығып, чемпион атанды. Олардың бапкерлері – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Данияр Қадырұлы Жұмагелдиев пен Әлия Зәкіржанқызы Жұмагелдиева.

Д.Жұмагелдиевтің айтуынша, дойбышылардың екеуі де мүмкін болған 14 ұпайдың 13-ін жинады. «Шәкірттеріміз осылайша бұған дейінгі табыстарын еселей түсті. Әнел Дәулетова – жастар арасында (16 жас) екі дүркін әлем чемпионы, бірнеше мәрте Қазақстан, Азия жеңімпазы, IDF спорт шебері. Ал Тоғжан Тәжібекова – бірнеше мәрте Қазақстан, екі дүркін Азия және әлем чемпионы (13 жас), спорт шеберлігіне үміткер», деді Д.Жұмагелдиев.

Даниярдың тағы бір шәкірті әрі қызы, осы біріншілікте халықаралық гроссмейстер атағын алған Алтынай Жұмагелдиева 27 жасқа дейінгі жастар арасында сынға түсіп, үшінші орынға ие болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын дойбыдан жастар арасында алты дүркін әлем чемпионы Алтынай Жұмагелдиеваға халықаралық гроссмейстер атағы берілген болатын.

 

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*