Батыс Қазақстанда бір күнде 2 адам суға кетті

Батыс Қазақстан облысында бір күнде екі адам суға кетті. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 24 шілде күні орын алды. Бәйтерек ауданы Переметный ауылы маңында сағат 14.20-да Деркөл өзенінен 1967 жылғы ер адамның денесін жергілікті тұрғындар шығарып алды. Ол суға шомылуға тыйым салынған жерден түсіп, белгісіз жағдайда батып кеткен. Тұрғындардың айтуынша, марқұм мас күйінде болған. Сот-медициналық сараптама қорытындысы кейін белгілі болмақ.

Кеше сондай-ақ сағат 16.40-тан Орал қаласында Учужный затон маңында Жайық өзеніне батып кеткен 2001 жылғы жігіттің денесін құтқарушылар (9 адам, 2 жүзу құралы) іздестірді. Ол да шомылуға тыйым салынған жерден түскен. Қазіргі кезде іздестіру жұмыстары жалғасуда. Осылайша өңірде биыл суға кеткендер саны 27-ге жетті, соның 8-і – балалар.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда әйел тік жардан құлап кеткен болатын.

Б.Нарын

 

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*