Киіктердің төлдеу маусымы басталды

Батыс Қазақстан облысында киіктердің тқлдеу маусымы басталды. Бұл туралы  zhaikpress.kz хабарлады7 

Қазақ ұғымында «Құралайдың салқыны» деген сөз бар. Бүгінгі таңда оның сирек қолданылып, көмескіленіп бара жатқаны өтірік емес. Қырдағы қариялардың аузынан оқтын-оқтын естіп қалып жататынымыз болмаса, қаладағы жұрттың көбі оны әлдеқашан ұмытқан. Құралай басталғанда қасиетті жануар төлдеуді де бастайды. Киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны», «құралайдың суығы», «киіктің лақ өргізбесі» деп атап кеткен.

 Расында, мамырдың орта тұсында қалың киімінен жеңілдеп, жылымық ауаға бой үйрете бастаған жұртты бір тоңдыратын қоңыр салқын күндерді «Құралайдың салқыны» деп атаудың өз мәні бар. Биыл көктем ерте келді ме қалай, «Құралайдың суығы» басталғандай күн райы бұзылып, екі-үш күн бойы нөсерлі жаңбыр төгіп тұрды. Ызғар да байқалатындай.

  Киіктердің төлдеу науқанынан қамсыз, хабарсыз қалмайық деп жануарлар дүниесін қорғап жүрген «Охотзоопром» мекемесінің БҚО филиалы басшысының уақытша міндетін атқарушы Қуаныш Әлімқұловпен хабарласып, кейін кездестік. Қуаныш Алпысбайұлы Қазталов ауданы аумағында жұмыссапарымен жүр екен. Оның айтуынша, ақбөкендер төлдеуді бастады. Олардың тыныштығын қорғау үшін 24 инспектордан құралған 4 топ жұмыс атқарып жатқанын жеткізді. Ол рация арқылы инспектор Сырым Орынғалиевтің тобымен байланысқа шығып, бізді киік төлдеп жатқан жерге апаруды тапсырды.

 Көліктің рөлінде отырған топ жетекшісі, жануарлар дүниесін қорғау инспекторы Сырым Орынғалиевті әңгімеге тарттық.

   – Ақбөкендердің төлдеу науқаны басталды. Биыл киіктер Қазталов ауданына қарасты Мешеркөл мен Алтайсай аумағында төлдеп, құралайларын өргізіп жатыр. Бұл аумақта шамамен 50 мыңдай киік аналығы төлдеуде. Жақында біздің Орал популяциясына жататын киіктердің санағы алынған болатын. Былтыр киік саны 135 мыңға жетсе, санақ жұмыстары аяқталғаннан кейін биылғы өсімді анықтайтын боламыз. Ақбөкендердің ерекшелігі – олардың төлдері анасын еміп, екі сағаттан кейін шауып кете беретіндігі. Тағы бір қызығы аналары бір-бірінің төлдерін емізе береді. Бұл көп жануарларда кездеспейтін жағдай. Киіктер төлдейтін уақытта түз тағыларының тістері босап, қарақұс жұмыртқа басады. Яғни төлдеріне жыртқыштар тарапынан қауіп болмайды. Әзірге қаскөйлердің де қимылдары байқалып жатқан жоқ. Науқан бір қалыпты өтіп жатыр деуге болады,— деді инспектор.

 Осы кезде әңгімемізді рация үні бөліп жіберді. Топ құрамындағы инспекторлар далада киіктің бір сағат шамасында туған төлдерін тапқандарын хабарлады. Көлігімізді сол бағытқа бұрдық. Межелі жерімізге жеткенімізде көк шөптің үстінде жатқан, көздері мөлдіреген, әлсіз талпынған қос лақты көрдік. Иә, азаматтардың ақбөкендерді қорғаудағы еңбегі өлшеусіз-ақ. Сырым бастаған қорықшылар тобына алғысымызды айтып, қоштастық.

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*