Басты жаңалықтар

Үкіметтің мүшелері Президенттің тапсырмасын пысқырмай ма? (видео)

Үкіметтің мүшелері Президенттің тапсырмасын пысқырмай ма? Жаңа заң жобаларын халыққа түсіндіруге неге құлқы жоқ?. Бүгін Мәжіліске келген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов тап осылай істеді. Көптеген сұраққа жүрдім-бардым, шала-шарпы жауап беріп, сытылып кетпек болды. Ал депутаттар маңызды құжатты талқылады. 1 сәуірден бастап берілетін 21 мың теңге жәрдемақы бір баласы бар мұқтаж отбасыларына да төленеді. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.

Сюжетті вице-министр Жақыпованың жағымды жаңалығынан бастайын. Әр балаға төленетін 21 мың теңге жәрдемақы тек көпбалалыларға ғана емес, бір баласы бар мұқтаж жанұяларға да беріледі. 1 сәуірден бастап. Сәуір мен желтоқсан аралығында, яғни биылғы тоғыз айға осы жәрдемақыны беру үшін 94 млрд теңге қарастырылып отыр.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Негізі жоспар бойынша 2019 жылы 832 мың азаматқа қарастырылып отыр төлемдер. Балаларға 20 789 теңгеден төмен төленбейді. Атап өту керек, көпбалалы отбасы болсын, бір балалы отбасы болсын, егер мұқтаж болса сол жанұяларға төленеді».
Алашты алаңдатқан сұраққа Жақыпованың жауабы осы. Бірақ, тағы бір мәселе бар. Табысын көрсетпейтін таксистер, малы бар, өзін-өзі жұмыспен қамтып, ел қатарлы күнін көріп отырған көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмекке иек артпай ма? Ресми емес, бірақ үйге келетін кіріс бар оларда. Бұл сұрақ министрліктегілердің де басын қатыруда.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА – ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Сол сұрақты көтеріп отырмыз басқа әріптестеріміздің алдында. Көп жағдайлар бар. Конвертпен алатындар бар. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарда бар. Басқа мемлекеттік органдарда қосылып сол сұрақтарды шешеді».

Мәжілісте қаралған құжаттың бірі осы. Президенттің «Нұр Отанның» сиезінде айтқан тапсырмаларын орындау үшін Ұлттық қордан бөлінетін 250 млрд теңгеге байланысты кейбір заңдарға өзгеріс енгізу жайын қарастырды. Жалпы, Үкіметте, Парламентте маңызды заң жобалары талқыланады.  Өкінішке орай, халыққа дұрыс түсіндірілмейді. Президентте ескі Үкіметке осындай ескертулер айтып еді. Бірақ, жаңа министрлер кабинетінің мүшелері сол ескі сүрлеумен жүр. Мәжілісте қаралған мәселені түсіндірудің орнына аптығып қашып, ентігіп жүре бара жауап берді Ұлттық экономика министрі.

— Неге қашасыздар? Сіздерге айтып еді ғой, асықпай түсіндіріңдер деп?  –Менде жиналыс.

Ұлттық экономикаға жауапты адамымыз осы. Білдей министр. Айтқандай, Руслан Дәленовтың 3 орынбасары төртінші адаммен толықты кеше.  Мәдина Әбілқасымова Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Дүние кезек. Бұрынғы министр енді бұрынғы вице-министрге бағынады.

РУСЛАН ДӘЛЕНОВ – ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:»Менің алдыма нақты тапсырмалар қойылды. Мен сол бойынша орынбасарларымнан талап етемін».

Айта кетейік, бағаны бақылаған болып базар аралап, суретін жариялайтын Ұлттық экономика министріне Нұрлан Нығматулин тағы бір кеңес айтты. Тек Астанадағы сауда орталықтарына бара бермей, өңірлерді араласаңыз проблема толып жатыр деп ескертті.

Басқа материалдар

Back to top button