Динагүл ТАСОВА, модель:  «Енді ашық көйлек кимеймін»

-Динагүл, сені Қазмедиа орталығынан жиі көретінмін. Бағдарламаларға неше түрлі қонақтарды кіргізіп, шығарып салып жүретінсің. Қатардағы телеарна қызметкері болып жүріп қалай модель болып кеттің? Себебі, әлеуметтік желіні шулатқан суретіңде сені модель, депутат деп жазды.

Өзіңіз айтқандай телеарнада жүргенде маған неше түрлі ұсыныстар түсетін. Көшеде жүргенде, қоғамдық орындарда  кейбір адамдар жақындап келіп «сіз модельсіз бе?» деп сұрайтын. Осыдан үш жыл бұрын қасымда құрбым бар, екеуміз Ханшатырға тамақтануға барған едік. Кезекте тұрғанымызда, қасымызға бір жас қыз бен жігіт келді де тағы да сол сұрақты қойды. Кім болып жұмыс істейсіз деді. Мен журналист екенімді, телеарна қызметкері екенімді айттым. Бір кезде «Сіз неге бағыңызды сынап, осындай бір байқауға қатысып көрмейсіз. Себебі, сіздің кескін келбетіңіз, түр-тұлғаңыз бірге ұнап тұр» деді. Сөйтсем, олар Алматыдан келген бір агенттіктің өкідері екен. Астанаға келіп кастинг ұйымдастырып жатырған көрінеді. Шақырған жерлеріне бардым. 50 қыздың ішінен 5 қызды таңдап алды.  Олар бірнеше критерийлерге қараған. Біріншіден бір типті, азиаттық кескіндегі қыздардан гөрі оларға менің өзге ұлтқа ұқсайтын ажарым ұнаған. Одан соң, екі тілде еркін, ойымды тиянақты жеткізе білетінімде оларды қызықтырған. Іріктеуден кейін олар «Бізбен жұмыс істеуге қалай қарайсың, егер  тапсырыс тауып берсек, белгілі бір пайызын өзіміз алып отырамыз» деген ұсыныс айтты. Мен келісіміді бердім. Бірақ агенттік белгісіз себептермен ашылмай қалды. Жұмысым бір қалыпты өтіп жатты. Күндердің күні тағы бір осындай мәскеулік модельдік агенттіктің фотосессиясына қатыстым. Сол кезде «осы салаға неге бет бұрып, бағымды сынап көрмеймін» деген ой келді. Ойлана келіп, интернеттен арулар сайыстарын ұйымдастыратын сайттарды ақтардым. Содан біреуіне анкетамды жібердім. Бір күні Алматыдан хабарласып «Сіз фото турдан өттіңіз, енді Астанада осындай күні іріктеу болады, соған келіңіз» деді. Бұрынғы Конгресс-холлдың (қазіргі Астана концерт залы) ішінде екен. Байқауға қатысуға ниет білдірген қыздар санының көптігі сонша, кезек далаға дейін созылған. Таңғы сағат 08.00-де барғаннан   түнгі 22.00-ге  дейін тұрдық. Менен де әдемі, менен де ұзын қанша қыздар болды. Жалғыз бармадым, жанымда  жігітім болды.

 

-Ол жігіт кім, сізге қол көтерген сол ма?

Иә, ол бірінші күннен қасымда жүрді. Барлық фотосессияға бірге барған. Керісінше, мен осынша қыздардың кезегін көріп, өзіме сенімсіздік танытқанымда мені қайрады. Ол 2015 жыл болатын. Осынша қыздың ішінен 25 адамды іріктеді. Одан кейін 20 қыз қалдық. Айтуларынша, оларға менің терімнің түсі ұнаған екен. «Загарный» дейді, күнге қыздырылғандай жылтыр қараторы. Табиғи сондай болатын терімнің түсі. Кейін байқау өтті. Әр түрлі компаниялар демеуші болған екен. Мен «Әдемі-ай» компаниясының аруы» деген аталым бойынша жеңімпаз болдым. Яғни, олардың ұлттық нақыштағы бұйымдарын тағып шығамын. Сондай келісім болады. Осы байқаудан кейін түрлі ұсыныстар түсті, жұмыс ауыстырдым.  Телеарнадан Бейбітшілік және келісім сарайында Дамыту бөліміне жетекшісі болдым. Арасында осы ғимаратта өтетін шараларда жүргізуші болатынмын. Бір күні «WORLD  BEAUTY» деген байқау өтті, мен жүргізушімін. Шара біткен соң, қазылар алқасы тарапынан маған ұсыныс түсті. Келесі жылғы байқауға мені қатыстырды. Ол сайыстан Мәскеуге жолдама алдым. Үш айдан соң Ресей астанасына   барып WORLDRUSSIAN BEAUTY» байқауының «бірінші вице- аруы» деген аталым бойынша жеңімпаз деп танылдым.  33 мемлекеттен келген қыздар қатысты. Бұдан кейін жұмысымды тастап, бір жола сән әлеміне кеттім. Ұсыныстар, жолдамалар көбейді. Ал көптеген қыздар осындай сән агенттіктеріне кіру үшін 3 ай оқып, ақша төлеп дайындалады. Менде керісінше, өзі тегін келіп, жол ашылып жатты. Тіпті, уақыт жетпейтін кездерде болды көрсетілімдер бойынша.

Сән агенттіктері қанша төлейді? Мысалы, бір көйлекті киіп, көрсетілімге шыққаның үшін қанша аласың?

Бір показ дейміз ғой, бір шығуың 5 минуттай болады. Оған  3 — 5 мың теңге аралығында төлейді. Бір көрсетілімде бір көйлекті бірнеше рет киіп шығасың немесе басқа көйлектермен шығасың. Мысалы, әлеуметтік желіде шу болған Дана Дүйсенбаеваның көйлегін сол күні екі рет киіп, көрсеттім. Орташа есеппен, бір кештен жоқ дегенде 15 мың теңгедей аласың.  Іш киімдердің де көрсетіліміне шыққанмын.

 

Осы жерде әлеуметтік желідегі шу болған көйлекке қатысты сұрағым келеді. Іш киімдердің де көрсетіліміне шықтым дедің ғой, бірақ неге осы көйлекті кигенің резонанс туғызды? Өзіңнің ойың қандай?

Ол шулы сурет 2018 жылдың 1 желтоқсанында таралғанымен, көрсетілім 30 қарашада болған. 10 дизайнердің бесеуі мені таңдады. Бәрінің де киімдерін кидім. Мен сияқты басқа қыздарда сондай ашық көйлектермен шықты.  Бірақ солардың арасынан мені тауып алып, суретімді салып шу шығарғандарына түсінбедім.  Былтыр қалалық Жастар  мәслихатына депутат болғанмын. Ол қоғамдық жұмыс. Мандат бір жылға беріледі. Өмірдегі өзімнің жетістіктерімнің бірі ғой деп депутаттық мандатымның суретін  Инстаграмдағы  парақшама салып қойғанмын. Соны тауып алғанда, суретімнің астына  «депутат төсін көрсетті» деген сияқты сөздер жазған. Не болса да, сол көрсетілімде болған адамдардың бірі салған шығар енді. Фотоға, видеоға түсіріп жатты. Жігітімнің айналасындағы адамдар деп айта алмаймын. Көрсетілім біткен соң неше түрлі сілтемелер келе бастады. Түсінбей, шок болдым. 2-3 күн ұйықтай алмадым. Қатты уайымдадым. Талай көрсетілімге шыққанымда мұндай болмаған.

Шыныменде күтпеген жағдай ма, хайп па? Әлде осындай тың суреттер арқылы біздің қоғамдағы стереотиптерді, комплексті өзгерткің келді ме?

Менде ешқандай комплекс, қымсыну жоқ. Ешкімге ештеңе дәлелдегім келген емес. Байзақованың жасағын да, Шырынның әрекеті де хайп шығар. Менде ондай ой болған емес. Халқымды, дәстүрімді ұлттық құндылықты құрметтеймін. Сондықтан бұл бір өшпенділіктен, қазақты жек көргеннен туындаған дүние емес. Сән әлемі де өзінше бір сала, оның да қызығы бар, шышығы бар.

 

-Қоғамның сынын қалай қабылдадың? Туған-туыстар хабарласты ма? 

Ең алғашында халықтың әлеуметтік желідегі реакциясы өте ауыр болды маған. Телефоныма келген сілтемелерді көрген сайын қиналдым.  Үлкен апайлар ұрсып та кетті. Жақын адамдардан  ағаларым қоңырау шалды.  Телефонды алмадым. Білемін ұрсататын. Олар мені көшеде осылай жүр екен деп түсініпті. Өйткені, ақпарат дұрыс жетпеген. Кейін түсіндіріп айттым. Ал Астана қаласының қоғамдық даму істері бойынша басқармасының басшысы Данияр Есиннің жастар мәслихатының қоғамдық ұйым екенін түсіндіріп жазған посты мен үшін алғашқы қолдау, рухани демеу болды.  Өтірік пе, шын ба деп сұрағандарда жетеді.

 

Осы сын сағатта достарыңды, араласып жүрген адамдарыңды жоғалтып алған жоқсың ба?

Білмеймін, мен бәрінен шаршадым. Бәрінен теріс айналып кеткім келеді.

 

-Динагүл, отбасың туралы білгім келеді. Себебі, сенің көрсетілімдегі атышулы ашық көйлекпен түскен суретіңді көрген кезде мүмкін, балалық шағыңда, оқушы, студент кезінде көңіліне қаяу түсірген сәттер болған шығар, бәлкім осы сурет арқылы мақсатына жеткенін біреуге дәлелдегісі келген болар  деген ой келді.

— Туып-өскен  жерім Ташкент. Мен бітірген кезде көшіп келдік Қазақстанға. Балалық шағым өте керемет өтті. Әке — шешем бірін бірі жақсы көріп қосылған.  Екеуі де 1964 жылғы. Үйдің үлкенімін, менен кейін сіңілім болған ол қайтыс болды. Қазір екі інім бар. Ал анам 7 жыл бұрын дүниеден өтті. 2011 жылы. Тұрмыстық газге уланып қалды.  Шымкент қаласының маңында жер үйде тұратын. Анаммен бірге  сіңілімде көз жұмды.  Мен ол кезде Павлодарда 4 курста жүрген едім. Жерлеп болған соң ғана бардым. Оқиға кезінде маған айтуға бата алмаған. Соңғы рет 3 курста көрген едім анамды. Бауырларым әскери салада. Әкем тағы да үйленді. Екінші анама бір ұл еріп келді, әкем екеуінен бір ұл бар. Үйіме жылына бір рет барамын. Оның өзінде ұзақ бола алмаймын. Негізінен анамның басына соғамын. Атам мен әжемнің  үйіне кіріп шығам. Әйтпесе, жылап қалады ол кісілер. Нағашыларымда қонақ боламын.  Екінші анаммен көп араласа қоймаймын.  Былайша айтқанда, үйден ерте кеттім.

-Әлеуметтік желіні шулатқан суретіңнен соң сені жігітің соққыға жықты деген ақпарат шықты. Біреулер оны да хайп деді. Қайсысы өтірік, қайсысы шын?

Бұл жігіт анам қайтыс болған соң кездесті. Өскеменнен. Аты-жөнін айта алмаймын. Алғаш рет құрбыларымен саябақта жүргенде кездейсоқ танысып кеттік.  Арадан біраз уақыт өткен соң үйленеміз деп шешкен кезде бірде біздің жақ, бірде оның туыстары қарсы болды. Араға түсетіндерде табылды.  Бір-бірімізді ұнатамыз.  Негізінен, спортпен шұғылданады.  Зілтемір көтереді. Америкада оқыған жігіт.  Бірге тұрамыз. Біраз азаматтық неке емес. Екеуміздің бөлмеміз бөлек. Бөлек ұйықтаймыз. Сол бір сән көрсетілімнің алдында  ол шетелде болатын. Бірақ мен оған алдын ала айтып, қандай көйлекпен шығатынымды, осындай көрсетілім болатынын ескерткенмін.  Көйлек киген суретім әлеуметтік желіге шыққаннан соң 7 күннен кейін келді. Жұмыстан келдім, ойымда ештеңе жоқ. Бір кезде сөзге келместен бас қалды. Тіпті, айтып түсіндіруге мұрша бермеді. Ештеңе тыңдайтын емес. Үйден әзер қашып құтылып шықтым. Телефоным, бәрі іште қалды. Қалай сыртқа шыққанымды, кімге хабарласарымды білмедім. Мең-зең күйде екі-үш күн жұмысымда қонып жүрдім. Өңім қайсы, түсім қайсы білмеймін. Біраздан соң есімді жинап,  өзімді қолға алдым. Іздеген адамдар таба алмаған. Жігітім қол көтергеннен кейін 10 күннен соң денемдегі жарақатыммен фотосессияға түстім.  Содан кейін ғана ол да өзінің қателігін түсініп, кешірім сұрай бастады.   Бірақ әлі кездеспедім. Сол түні ашумен қол көтергенін айтып, «ең болмаса қалың киімдеріңді алып кетші» деп аяушылық танытты. Ол шын айтып отыр ма, әлде өтірік пе, ол жағын білмедім. Жалпы, менде кекшілдік жоқ. Уақыт емші. Әзірге ол жігітті көргім келмейді. Іштей жақсы көремін бірақ.

 

— Сен осы оқиғадан кейін қыз-келіншектердің құқығын қорғайтын қор құрамын деген бастама көтердің. Дәл осындай мәселені  Баян Мақсатқызыда көтеріп еді басына іс түскенде. Осындай ой саған қалай келді, бастамаң  аяқсыз қалмай ма?

Аяқсыз қалмайды. Қазір осы бастамам бойынша арнайы концепцияны қолға алдым. Мысалы, басына іс түсіп, күйеуінен таяқ жеп, зәбір көрген нәзік жандар алғашқы кезде қатты абдырап қалады. Кімге барып, кімге айтарын, кімнен көмек сұрарын білмейді. Бәрінің білетіні полиция мен жәдел-жәрдем қызметі. Басқасынан бейхабар болады екенбіз. Менде басыма түскенде осы жағынан қиналдым. Адамға  рухани, психологиялық қолдау, заңдық тұрғыда бағыт-бағдар керек екен. Менің қоғамдық қорымның аты «Нәзік жүрек» деп аталады. Әлеуметтік желілер арқылы, басқа да хаттармен анонимді түрде жұмыс істеп, жан-жақты көмек беруді мақсат етіп отырмын. Осы бастаманы айтқалы бері 200-ден астам хат келіп үлгерді. Арасында, әйелінен таяқ жеп, кімге айтарын білмей басы қатып жүрген ер адамдарда бар екен. Адам осындай сәтте өзін жоғалтып алмай, өзін-өзі қолға алу үшін мотивация қажет. Ең қарапайым нәрсе, көп әйелдер аналар үйінің бар екенін, оның қайда екенін білмейді, қайда барарын білмей қиналады.

-Ашық көйлектегі суретің үшін қоғамның сынынан,  осы оқиғадан кейін қандай сабақ алдың?

Мен тағы да айтамын, мұны хайп үшін істеген жоқпын. Неше түрлі адамдардың пікірін, жазған хаттарын оқып, менен де қиын жағдайға тап болған жандар бар екен деп, өзіме шүкіршілік етемін кейде. Мен киген атышулы көйлек сол көрсетілімнен кейін Италияға сатылып кетті. 500 доллардай болар құны. Өзі екі-ақ дана болатын. Екі түрлі түс. Ол бір рет тігілетін көйлек еді. Түйгенім, енді ашық киімдермен көрсетілімге шықпаймын. Осындай шешім қабылдадым. Жабық киімдерді киемін.

-Рахмет.

Пікір жазу

email адресіңіз жарияланбайды *

*