Басты жаңалықтарҚоғам

Мектеп оқушысын автобус басып кетті

Талдықорған тұрғындары тозығы жеткен қоғамдық көлік қызметіне көңілдері толмайтындарын айтады. Автобуспен қатынау олар үшін қауіпке айналған. Жүргізушілер өзара жарыс ұйымдастырып, тіпті, аялдамаға тоқтамайтын көрінеді. Мұндайдың соңы оқушы өліміне әкеле жаздаған. Бұл туралы «Евразия» телеарнасы хабарлады.
Биылдан бастап мектепке қоғамдық көлікпен қатынауды бастаған Ксения қыстың алғашқы айы жазатайым жағдаймен басталғанын айтады. 12 жастағы оқушы әдеттегідей таңертең автобусқа отырмақшы болған.

КСЕНИЯ НИКОЛАЕНКО, ОҚУШЫ: «Көтеріліп келе жатқанда есік жабылып жатқанын сездім. Бар ойым сыртқа шығу болды. Жерге құлап, қолымды бардюрға соғып алдым. Тұруға әрекеттенген кезде аяғымды автобус басып өтті».

Қоғамдық көліктерде құқығы бұзылып, жүргізушілерден жапа шектім деген жалғыз Ксения емес. Автобуспен қатынайтын талдықорғандықтардың біразы көрсетілетін қызметке көңілдері толмайды. Айтуларынша, жүргізушілер үнемі дөрекілік танытып, жолаушылардың құқығын аяқ асты етуді әдетке айналдырған. Тіпті, оқушылар мен зейнеткерлер тұрған аялдамаға тоқтамайтын көрінеді.

Тұрғындардың сөзінше қаладағы 26 бағытта қатынайтын автобустардың бәрі ескі. Кейбірінің жылыту пеші істен шыққандықтан тоңуға мәжбүрміз, дейді. Ал, жолаушыларға қызмет көрсететін 7 автопарк те жекенің қолында. Сондықтан, оларға толық бақылау орнату мүмкін емес екен. Жауаптылардың сөзінше, кемшіліктерді жоюдың жалғыз жолы — муниципалды автобус паркін құру.

НҰРБАҚЫТ АЙЫМБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ ЖӘНЕ ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ: «Біз қазір 2019 жылға жоспарлап жатырмыз. Қазіргі таңда есеп-қисаптарын қарап жатырмыз муниципалды парк ашу үшін. Сондай қызмет көрсетуге шара қолданып жатырмыз. Осы муниципалды парк ашылған жағдайда қазіргі ұсақ-түйек кедергі боп жатқан жағдайларды жоюға болады деп санаймыз».

Сондай-ақ, жауаптылар желтоқсанның соңына дейін 20-ға жуық смарт-аялдамалардың құрылысын аяқтауды жоспарлап отырғандарын айтады. Заманауи автобус аялдамаларында жолаушылар тегін интернетке қосылып, жылынуға мүмкіндік алмақ. Ал, аталған жоба іске қосылғанша ескі қоғамдық көліктер қатынай бермек.

 

Басқа материалдар

Back to top button